Accessibility links

"Жалғызтөбемұнай" жұмысшылары бірнеше күннен бері ереуілдеп тұр


Маңғыстау облысындағы Жалғызтөбе кен орны маңында ереуілде тұрған жұмысшылар билікке үндеу жолдап тұр. Скриншот.
Маңғыстау облысындағы Жалғызтөбе кен орны маңында ереуілде тұрған жұмысшылар билікке үндеу жолдап тұр. Скриншот.

"Жалғызтөбемұнай" мұнай компаниясының ондаған қызметкері Маңғыстау облысы Жалғызтөбе кен орнына кіре берісте 15 мамырдан бері ереуілде тұр. Бұл жөнінде Азаттыққа кәсіпорын жұмысшыларының бірі хабарлады. Оның айтуынша, вахталық әдіспен жұмыс істейтін екі ауысымның 40-тан астам қызметкері наразылыққа шыққан.

Бұған дейін жұмысшылар президентке, төтенше жағдай министрлігі өнеркәсіптегі қауіпсіздік комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысына, облыс прокуроры мен еңбек инспекциясы басқармасының жетекшісіне үндеу жолдаған.

Наразылардың сөзінше, 15 мамырда кәсіпорын басшысы оларды жұмыстан заңсыз шеттеткен. Жұмысшылар шешімнің күшін жоюды, қызметіне қайта оралуға және оны ары қарай қудалаусыз жалғастыруға мүмкіндік беруді талап етті. Олар ұжымдық шарт жайлы да талап қойды, жұмысшылар бақылау органдарын тексеру жүргізуге шақырды.

Жұмысшылар талаптары орындалғанға дейін ереуілде тұратынын мәлімдеді.

2023 жылы желтоқсанда кәсіпорын жұмысшылары өнеркәсіптегі қауіпсіздік саласындағы білімі бойынша оқу оқып, сертификациядан өткен, бірақ талапқа сай балл жинай алмаған. Олар басшылықтан басқа оқу ұйымын таңдауды сұраған, бірақ талапты орындамады дейді. Кейін жұмысшылар басқа орталықтарда оқып, сертификат бойынша құжаттарын алған соң жұмысын жалғастырған.

"Бізді алдымен "BS және K" компаниясы оқытты. Олардың білім беру тәсілі бізге ұнамады. Жұмысшылар кәсіпорын басшысына барып, оқу ұйымын ауыстыруды талап еткен, бірақ ештеңе өзгермеді. Кейін жұмысқа шығу керек болды, сондықтан әр адам өз бетінше басқа ұйымдарда оқып, құжатын алды" деді "Жалғызтөбемұнай" жұмысшысы. Ол қудалаудан қорқып, аты-жөнін атағысы келмеді. Жұмысшы наразылар атынан сөйледі.

"Кейінгі бес айда біз сол құжатпен жұмыс істедік. Шамамен алты айдан кейін, 15 мамырда, куәліктерің жарамсыз деп, жұмыстан шеттетіп тастады. Содан бері Жалғызтөбе кен орнының алдына ереуілге шықтық" деді ол.

Жұмысшылардың сөзінше, өткен аптада оларға Түпқараған ауданының әкімі, аудан прокуроры және ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті аудандық бөлімінің өкілі келген.

"Емтиханды қайта тапсыру керек дейді. Бірақ бізді тағы құлататынын біліп тұрмыз. Бұған келіспейміз деп айттық. Қолда бар құжаттармен жыл соңына дейін жұмыс істеуді, келесі жылға жаңа оқу орнын кәсіподақ келісімі бойынша анықтауды ұсындық. Бірақ олар бұған келіспей жатыр" дейді жұмысшы.

Оның айтуынша, наразылар арасында операторлар, бұрғылаушының көмекшілері, машинистер, слесарь-жөндеушілер және тағы басқалар бар.

20 мамырда жұмысшылар билік өкілдерінің ұсынысы бойынша Ақтауға бес адамды келіссөзге жіберді. Кездесу немен аяқталды, ол жағы әлі белгісіз деді жұмысшылар дүйсенбіде.

Жұмысшылардың айтуынша, олар 2021 жылы әлеуметтік жағдайды жақсартуды талап етіп наразылыққа шыққан. Кейінгі бірнеше жылда олар ұжымдық шарт жасауды, атап айтқанда, негізгі жалақыға сыйақы мен декреттік төлемдерді қарастыруды талап еткен. Жұмысшының сөзінше, басшылық ереуілге шығып, көзге түскендерді жұмыстан шеттеткен.

Азаттық жұмысшылар ереуілі бойынша компаниядан пікір алу үшін олардың нөмірлеріне бірнеше рет хабарласты. Қоңырауларға жауап берген қызметкер компания басшысы, оның орынбасары мен заңгер орнында жоқ деп мәлімдеді.

Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Нұрбол Телегенов Азаттыққа берген жауабында жұмыс берушінің жұмысшыларды шеттетуге бұйрық шығарғанын растады. Бірақ онда қанша адам бар екенін айтқан жоқ. Оның сөзінше, компания өндірісті тоқтатпаған.

Телегенов жұмысшылардың жұмыс беруші таңдаған оқу ұйымына сенімсіз қарауына не түрткі болғанын атамады, бірақ кәсіпорынның жұмысшыларға жыл сайын сертификациядан өтуге бірнеше мүмкіндік беруге дайын екенін айтты.

Азаттық сөйлескен жұмысшының айтуынша, Жалғызтөбе кен орнында 120-ға жуық адам істейді, басым бөлігі — қатардағы қызметкер. Кен орны Бозащы түбегінің солтүстік-батысында орналасқан. Облыс орталығы Ақтау қаласына дейін — 240 шақырым. Кен орны әкімшілік орны жағынан Маңғыстау облысының Түпқараған ауданына қарайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG