Accessibility links

Еурокомиссия Украинаны ЕО-ға алу жөнінде келіссөзді бастауға кеңес берді


Еурокомиссия ЕО кеңесіне Украина мен Молдованы одаққа қосу бойынша келіссөзді бастауға кеңес берді. Бұл жөнінде Еурокомиссияның өкілі Ана Пизонеро хабарлады.

"Одаққа мүше елдерге Украина мен Молдова барлық шарттарды орындағанын айтып, жаңа мәлімет бердік. Енді шешім одаққа мүше елдердің қолында" деді Пизонеро.

Одаққа қосу бойынша келіссөз бастау үшін Украина жемқорлыққа қарсы реформаларды бастап, саяси лобби жасау ісін шектеуі тиіс болған. Шенеуніктердің активтерін жариялап, аз ұлттардың тілін қорғау бойынша шаралар қабылдау сияқты шарттарды орындауы тиіс болған.

Украинаның премьер-министрі Денис Шмыгаль Еурокомиссияға елдің Еуропаға кірігу процесіне оң баға бергені үшін алғыс айтты.

"ЕО-ның қорытындысында Украинаның ЕО-ға қосылу бойынша шараларды жүйелі атқарып келе жатқаны және барлық қосымша реформа қадамдарын аяқтағаны айтылған. Енді еуропалық әріптестерімізден келесі қадамды күтеміз – осы айда ЕО мүшелігіне қатысты келіссөздер басталады" деді ол.

Жұма күні Financial Times басылымы Еурокомиссия келіссөзді тезірек бастауға кеңес бергенін, себебі 1 шілдеден бастап ЕО-ға төрағалық Венгрияға өтетінін жазған.

Ресейге "іш тартатын" Венгрия Украинаның ЕО-ға қосылуы бойынша шешімдердің басым бөлігін бұғаттап келеді. Будапешт алдағы уақытта Киевтің ЕО-ға қосылуы бойынша келіссөздерді бастауға қарсылық танытпақ деген болжам бар. Олар Украинаның батысындағы венгрлердің құқықтарын сақтау мәселесін алға тартуы мүмкін.

Украина ЕО-ға қосылуға 2022 жылы 28 ақпанда өтініш түсірген, төрт айдан кейін оған одаққа қосылудан үміткер статусы берілді.

Келіссөздің басталуы Украина жақын арада ЕО-ға мүше болады дегенді білдірмейді. Еуроодақтың төрағасы Шарль Мишель бұған дейін егер "тараптар үй тапсырмасын орындаса" Украина 2030 жылға қарай ЕО мүшесі болуы мүмкін екенін айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG