Accessibility links

Запорожье облысындағы Вольнянск қаласына жасалған шабуылдан жеті адам өлген


Украинаның Запорожье облысындағы Вольнянск қаласы зымыран шабуылына ұшырады. 29 маусым, 2024 жыл.
Украинаның Запорожье облысындағы Вольнянск қаласы зымыран шабуылына ұшырады. 29 маусым, 2024 жыл.

Сенбі, 29 маусым кешке Ресей әскері Украинаның Запорожье облысындағы Вольнянск қаласына шабуыл жасады. Қаза тапқандар мен жараланғандар бар деп хабарлады облыстық әскери әкімшіліктің басшысы Иван Федоров. Ол айтқан алдын ала мәліметтер бойынша, қаланың жеті тұрғыны (екеуі бала) қаза тапқан. Кейін келіп түскен деректе шабуылдан 18 адам зардап шеккені жазылған.

Федоров маңызды инфрақұрылым нысаны, оған қоса дүкен мен тұрғын үйлер бүлінгенін хабарлады. Ол Ресей күштері әскери нысандар жоқ аумаққа шабуылдағанын айтты. Украина президенті Владимир Зеленский Вольнянскіге жасалған шабуыл салдарының суретін жариялады.

Вольнянскіге шабуыл жөнінде Ресей жағынан ешкім түсініктеме бермеді. Ресей қорғаныс министрлігінің хабарламасында Запорожье облысындағы басқа бір елді мекенге – Украинка ауылына ракетамен шабуыл жасалғаны айтылады. Ол жерде "Украина қарулы күштерінің қару-жарағы мен әскери техникасын теміржол эшелонынан түсіретін орын" нысанаға алынды деді Ресей қорғаныс министрлігі.

Вольнянск қаласы Запорожьенің солтүстік-шығысында, қазіргі майдан шебінен ондаған шақырым қашық жерде орналасқан. Соғыс кезінде қала бірнеше рет зымыран шабуылына ұшыраған. 2022 жылдың қарашасында бір үйге зымыран түсіп, онда тұрып жатқан 10 адам қаза тапқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG