Қамаудағы құқық қорғаушы, белсенді Айдар Сыздықовтың әйелі Айгүл Тоқпаева күйеуінің қорғаушысы болды. 5 шілдеде тиісті қаулы Тоқпаеваның қолына тиді.
Оның сөзіне қарағанда, 1 шілдеде прокуратура тергеушінің оны қоғамдық қорғаушы етіп тағайындамау туралы қаулысының күшін жойған.
"Осы рұқсат қағазды алу үшін 2 шілдеде біз күні бойы полиция департаментінде болдық. ШЫҰ саммитіне байланысты 5 шілдеге дейін тергеу изоляторына бізді кіргізбейтінін айтқан сот-тергеу басқармасы бастығының орынбасары шешім 4 шілдеде шығатынын айтқан. Бүгін, 5 шілдеде бір күн кешігіп болса да, сол қаулыға қол жеткіздік" деді Айгүл Тоқпаева Азаттыққа.
Тергеу изоляторында отырған күйеуіне ол тек 9 шілдеде ғана кіре алады. Астана күніне байланысты Қазақстанда 8 шілде демалыс күні болып саналады.
14 маусымда Айдар Сыздықов әйеліне қоғамдық қорғаушы статусы берілмегеніне байланысты наразылық танытып, аштық жариялаған.
5 шілдеде Азаттық тергеу изоляторына хабарласып көрген. Кезекші бөлімде отырған қызметкер құқық қорғаушы Айдар Сыздықов "екі күн бұрын аштықты тоқтатқанын, жағдайы тұрақты екенін, шағымы жоғын" айтты.
Кезекші бөлімдегілер Сыздықовтың әйелі қоғамдық қорғаушы мәртебесін алғанынан хабардар екен. Олардың айтуынша, әйелі түрмеге енді мерекелерден кейін ғана кіре алады.
Сыздықовтың адвокаты Мейіржан Досқараевтың сөзінше, Айгүл Тоқпаева қоғамдық қорғаушы мәртебесіне ие болатыны жөнінде хабар белгілі болғаннан кейін Сыздықов аштықты 3 шілдеде тоқтатқан.
Қазақстан заңнамасы бойынша, қылмыстық процесте тергеудегі адамның жолдасы немесе жақын туысы қоғамдық қорғаушы бола алады. Күйеуі қамалғаннан кейін Айгүл Тоқпаева түрмеде онымен некеге отырған. Қазақстанда мемлекеттік органдарда тіркелген неке ғана мойындалады.
Астана тұрғыны Айдар Сыздықов 16 мамырда ұсталған. Сот оны екі айға қамады. Тергеу материалдарына сүйенсек, "Иванов есімді біреу Сыздықовтан 4 грамм есірткі зат сатып алған". Ал Сыздықов пен жақтастары оны азаматтық белсенділігі үшін қудалап отыр деп санайды.
Айдар Сыздықов бұрын наразылық акцияларына қатысқан, билікті сынаған. Кейінгі жылдары өзін құқық қорғаушы деп атай бастаған. 2021 жылы Астана соты оны "тыйым салынған ұйымның ісіне араласқаны үшін" бостандығын үш жылға шектеген. Мәселе шетелде қуғында жүрген бұрынғы банкир, оппозиционер Мұхтар Әблязов негізін қалаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы жөнінде болып отыр. Астана соты оны "экстремистік ұйым" деп таныса, Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.
Сыздықов сол кезде де өзіне тағылған айыптармен келіспеген. Тергеу және сот кезінде ол қамауда болды. Қазақстандық құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқындар" қатарына қосқан.
Ресми Астана елде саяси тұтқын барын мойындамайды.