Accessibility links

"Олар азапты жағдайда отыр". Тарихи тұтқын алмасудан кейін Ресей түрмесінде тағы кімдер қалды?


Сағат тілімен санағанда сол жақ жоғарыдан: Ксения, Карелина, Майкл Лик, Гордон Блэк, Юджин Спектор, Марк Фогель және Роберт Вудленд.
Сағат тілімен санағанда сол жақ жоғарыдан: Ксения, Карелина, Майкл Лик, Гордон Блэк, Юджин Спектор, Марк Фогель және Роберт Вудленд.

Вашингтон мен Мәскеу арасындағы бірнеше мемлекет қатысқан тұтқын алмасу шарасы аясында АҚШ-тың үш азаматы мен ресейлік оппозиция өкілдері босатылды. Бірақ саяси тұтқын деп танылған басқа америкалықтар мен жүздеген ресейлік әлі де түрмеде отыр.

Осы аптада АҚШ пен Ресей арасында болған ең ірі тұтқын алмасу шарасынан кейін бостандыққа шыққан азаматтардың жақындары қуанса, әлі де Ресей мен Беларусь түрмелерінде отырған америкалықтар мен ресейлік саяси тұтқындардың жақтастары Батыс елдерін олардың ауыр жағдайда өмір сүріп жатқанын ұмытпауға шақырды.

1 тамызда АҚШ, Ресей және Еуропадағы бірнеше мемлекеттің қатысуымен өткен тұтқын алмасу шарасы аясында Ресей мен Беларусь түрмелерінде отырған үш америкалық, бес германиялық және оппозициялық көзқарасы үшін қамауға алынған сегіз ресейлік саяси белсенді босатылды.

Ресей мен Батыс тұтқын алмасты
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:01 0:00

Бірақ Вашингтон жазықсыз қамауға алынды деген басқа америкалықтар мен саяси тұтқын атанған жүздеген ресейлік әлі де түрмеде отыр. Батыс мемлекеттері оларды босатуға бар күшін салсын деп үндеп жатқандар көп.

"Олар азапты жағдайда өмір сүріп жатыр. Өміріне қауіп төніп тұр. Біреуді құтқардық деп қуанып жүргенде басқаларды ұмытпауымыз керек", – деді қуғындағы ресейлік оппозиционер Дмитрий Гудков Current Time басылымына берген сұхбатында.

Тұтқын алмасу шарасы аясында кісі өлтірген қылмыскер әрі тыңшыны қосқанда, Батыс елдерінде жазасын өтеп жатқан 8 ресейлік Мәскеуге оралды.

Босатылған азаматтар қатарында Кремльдің атақты жаулары Илья Яшин, Владимир Кара-Мурза, Алексей Навальный тобының белсенділері, оппозиция басшылары бар. Ақ үй ақпанда Арктика түрмесінде жұмбақ жағдайда қайтыс болған Алексей Навальныйдың қазасынан бұрын оны да босату үшін келіссөздер жүргізгенін айтты.

Ресейлік "Мемориал" құқық қорғау тобы саяси тұтқындар тізіміне қосқан 800 ресейлік түрмеде отыр. 2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін соғысқа қарсы азаматтарды қудалау басталып, саяси тұтқындар саны күрт өсті.

"Мемориал" қорындағы "Саяси тұтқындарды қолдау" жобасының басшысы Сергей Давидис билікке қарсы көзқарасы үшін түрмеге жабылған азаматтар саны әлдеқайда көп, тек істерді қарауға көп уақыт кетеді, ал билік қылмыстық істер жайлы ақпаратты жарияламайды дейді.

"Сондықтан өкінішке қарай, Ресейдегі саяси тұтқындар саны әлдеқайда көп. Біздің дерек – ең азы, сенімді ақпарат", – дейді Давидис.

Давидис 1 тамызда саяси тұтқындардың бәрін босату мүмкін болмаса да, тұтқын алмасу шарасы "олар да бір күні бостандыққа шығады" деген үміт бергенін айтады.

Ресейлік саяси тұтқындардың ауыр жағдайы туралы жазғандардың бірі Wall Street Journal тілшісі Эван Гершкович еді. Ол – Азаттық тілшісі Алсу Құрмашева, Мичигандағы корпоративті қауіпсіздік басшысы Пол Уиланмен бірге босап шыққан үш АҚШ азаматының бірі.

Гершкович 1 тамызда өзін туған жеріне жеткізген ұшақтан түскеннен кейін Вашингтонның сыртындағы Эндрюс Бірлескен базасының ұшу жолағында тұрып, ресейлік саяси тұтқындардың бостандыққа шыққанына қуанғанын, бірақ өзімен түрмеде отырған адамдардың "барлығы дерлік" саяси тұтқын болғанын айтты.

"Бұл адамдарды ешкім танымайды. Саяси көзқарастары бөлек. Оларға қандай көмек көрсете алатынымызды ойласақ дұрыс болар еді. Алдағы апталар мен айларда адамдармен осы туралы сөйлескім келеді", – деді Гершкович.

"БАРЫП ТҰРҒАН ӘДІЛЕТСІЗДІК"

Тұтқын алмасу шарасына ілікпеген бірнеше америкалық Ресей түрмесінде қалды. Вашингтон оларға "заңсыз ұсталды" деген мәртебе бермеген. Мұндай мәртебе шетелде ұсталған америкалықтардың босатуға басымдық береді.

Бұл азаматтар қатарында:

  • Мәскеудің Шереметьево әуежайында кішкене көлемде марихуана алып өтпек болғаны үшін ұсталған мұғалім Марк Фогель (ол есірткіні медициналық мақсатта пайдаланбақ болғанын айтқан);
  • Владивостокта өзі сүйген әйелді ұрлап әкетіп, өлтіремін деп қорқытқаны үшін түрмеде отырған АҚШ әскерінің аға сержанты Гордон Блэк;
  • Ықтимал деректер бойынша, мас күйінде ресейлік полиция қызметкеріне шабуыл жасағаны үшін 3,5 жылға бас бостандығынан айырылған АҚШ теңіз-құрлық әскерінің бұрынғы жауынгері Роберт Гилман;
  • Ресейдегі фармацевтикалық компания басшысы, тыңшылық бабымен сотталған Юджин Спектор;
  • Ресейде туып, бала күнінде АҚШ азаматтары асырап алған, шілдеде есірткі сақтады деген айыппен 12,5 жылға сотталған Роберт Вудленд;
  • АҚШ әскерінің бұрынғы десантшысы, музыкант, шілдеде есірткі сақтағаны үшін 13 жылға сотталған Майкл Лик;
  • АҚШ пен Ресей азаматы, Украинаға қолдау көрсететін америкалық ұйымға 51 доллар аударғаны үшін мемлекетке сатқындық жасау айыбымен түрмеге жабылған Ксения Карелина бар.

АҚШ президенті Джо Байден 1 тамыздағы мәлімдемесінде бүкіл әлемде заңсыз ұсталған немесе кепілге алынған америкалықтар отбасына оралмайынша, жұмысын жалғастыратынын айтты.

"Көп отбасы жақындарынан ажырап, азап шегіп жатыр. Президент ретінде шетелде қамауда немесе кепілде отырған америкалықтарды елге қайтарудан маңызды шаруам жоқ", – деді Байден.

Ресей түрмелерінде қалған америкалықтардың туыстары олардың тізімге ілінбегеніне ренжіді.

"Ағамды үйге қайтармағандары барып тұрған әділетсіздік", – деді Фогельдің қарындасы Энн Фогель PBS News арнасына берген сұхбатында.

Ол ағасы америкалық кәсіби баскетбол жұлдызы Бриттни Грайнермен бірдей баппен сотталғанын, Вашингтон үкіметі 2022 жылы желтоқсанда Ресеймен болған тұтқын алмасу шарасы кезінде спортшыны босатып алғанын айтты. Ол ағасына Грайнер сияқты "заңсыз ұсталған" мәртебесі неге берілмегенін түсінбейді.

"Маркке ешқашан басымдық берілген жоқ", – дейді Фогель.

Reuters дерегінше, Карелинаның жігіті бостандыққа шыққан 3 АҚШ азаматы үшін қуанғанын, бұл өзіне үміт сыйлағанын айтты.

"Бірақ бір жағынан көңілім құлазыды… Ксения тізімде болмады", – дейді ол.

АҚШ сенаторы, Республикашылдар партиясының сыртқы істер жөніндегі комитеттегі басты өкілі Джим Риш (Айдахо штатынан сайланған) өз мәлімдемесінде Фогель мен Карелинаның сөзін келтіріп, "Артта қалған адамдарды ұмытпауымыз керек" деді. Ол АҚШ үкіметін оларды босатуға бар күшін салуға шақырды.

Карелина тұратын Лос-Анжелес қаласының атынан өкілдік ететін сенатор Тед Лью (демократ, Калифорния) Ресей түрмесінде әлі отырған Карелина мен өзге америкалықтарды босату "дипломатиялық басымдық болып қала беруі керек" деді.

БЕЛАРУСЬ ЖӘНЕ УКРАИН САЯСИ ТҰТҚЫНДАР

1 тамыздағы тұтқын алмасу шарасынан кейін Беларусь оппозициясының көшбасшысы Светлана Тихановская әлемдік қауымдастықты авторитар басшы Алексей Лукашенко режимі түрмеге жапқан саяси тұтқындарды да ұмытпауға үндеді.

Тұтқын алмасу шарасына Германия азаматы, 30 жастағы Рико Кригер қатысты. Ол маусымда Беларусьте жалдамалы және террористік қызмет атқарды деген айыппен өлім жазасына кесілген еді. 30 шілдеде Лукашенко оған кешірім берді.

"Саяси тұтқындардың Ресей түрмелерінен босатылуын қолдаймын. Енді Беларусьтегі саяси тұтқындарды босатуға күш салатын уақыт келді. Көп тұтқын адам төзгісіз жағдайда, медициналық көмек пен хат-хабар алу құқығынсыз өмір сүріп жатыр", – деп жазды Тихановская Х желісіне.

Беларусьтің "Весна" құқық қорғау тобы елде 1400 саяси тұтқын қамауда отырғанын айтады.

Мәскеу мен Киев арасындағы соғыста Ресей Украинаның мыңдаған бейбіт тұрғынын ұстап әкеткен. Украина Жоғарғы Радасының адам құқықтары жөніндегі уәкілі Дмитрий Лубинец маусымда Ресейде 14 000 бейбіт азаматымыз тұтқында отыр деп мәлімдеген.

"Мемориал" қорының өкілі Давидис бұл украиндерді де саяси тұтқындар тізіміне қосу керегін айтады. Бірақ әзірге олар туралы ақпарат алу қиын.

"Оларды бостандығынан саяси себеппен айырып отыр", – дейді Давидис.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG