Accessibility links

Иран Ресейге баллистикалық ракета берді деген хабарға Украина мен АҚШ алаңдаушылық білдірді


Иран шығаратын "Фатех" ракетасының үлгісі.
Иран шығаратын "Фатех" ракетасының үлгісі.

Бұқаралық ақпарат құралдары Иран Ресейге баллистикалық ракета берді деп хабар таратқан соң, Украина сыртқы істер министрлігі бұл жағдайға алаңдаушылық білдірді. Ақпарат расталса, Украина мен Иран қарым-қатынасына ауыр соққы болады дейді министрлік.

Сенбі күні жарияланған мәлімдемесінде Украина сыртқы істер министрлігі Иран билігін Ресейге ешқандай қару-жарақ бермеуге шақырып, әлемдік қауымдастықты халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін "Тегеран мен Мәскеуге қысымды күшейтуге" үндеді.

Иран Ресейге баллистикалық ракета берді деген хабарға АҚШ реакция білдірді. Елдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесі Тегеран Мәскеуге аталған зымырандарды берген жағдайда Украинадағы соғыс ушыға түспек деп мәлімдеді. Наурызда өткен "Үлкен жетілік" саммитінің қатысушылары Иран Ресейге ракета берсе, Батыс Тегеранға қарсы шараларды күшейтетінін айтқан.

Иран Ресей жақын радиустағы баллистикалық ракеталарын жолдады деген хабарды барлау қызметтеріндегі дереккөздеріне сілтеген The Wall Street Journal басылымы мен CNN телеарнасы хабарлады.

Иран аталған ракеталарын Мәскеуге беруге дайындап жатқанын оған дейін Bloomberg агенттігі де жазған. Ұлыбританиялық The Times газетінің мәліметінше, Иран Ресейге 200-ден астам баллистикалық ракета жолдаған. Украина барлау қызметіне сілтеген басылымның хабарлауынша, жолданды деген ракета – "Фатх-300". Ол 110 шақырымға дейінгі нысананы көздей алады. Иранда бұдан да алысқа ұшатын ракеталар бар, әзірге оларды Ресейге жіберетіні туралы хабар жоқ.

Иранның БҰҰ-дағы өкілдігі ешбір қақтығыстың тараптарына қару бермейтінін, барлық елді осы үлгіні ұстануға шақыратынын айтқан.

Бұған дейін Иран Ресейге жүздеген дрон берген. Мәскеу оны Украинаға шабуылында пайдаланған. CNN телеарнасының хабарлауынша, Иранның сүйемелдеуімен Ресей дрон шығаратын зауыттың құрылысын бастаған. Тегеран Мәскеуге дрон бергенін мойындаған емес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG