Курск облысының Украина әскері бақылауындағы бөлігінде бірнеше мың Ресей азаматы қалған. Аймақта құрылған украиналық комендатураның өкілі Алексей Дмитрашковский AFP агенттігіне берген сұхбатында осылай деп мәлімдеді.
Оның сөзінше, Мәскеу мен Киев халықаралық ұйымдар арқылы арнайы дәліз ашу жөнінде келіскен жағдайда тұрғындарға аумақтан кетуге рұқсат етілмек. Эвакуацияның өзін халықаралық бақылаушылар қадағалауы керек.
Дмитрашковскийдің айтуынша, Ресей азаматтарына аумақтың ішінде жүруіне шектеу жоқ. Оларға ары-бері жүруіне, бір-бірімен кездесуіне, өз аумағында жұмыс істеуге рұқсат етілген. Бұған қоса, Курск облысымен шектесетін Украинаның Сумы облысынан апта сайын ресейліктерге азық-түлік әкелініп жатыр. Дүкендер мен дәріхана, өзге де инфрақұрылым істеп тұр.
Дмитрашковскийдің сөзінше, шамамен бір апта бұрын Ресей армиясы қайта шабуыл бастап, атқылаудың салдарынан 23 жергілікті тұрғын қаза болған. Ресей билігі әзірге ақпаратқа түсініктеме бермеді.
Бұған дейін федералдық арналар жүздеген бейбіт тұрғын барын айтқан. Ресми мәлімет бойынша, шамамен 130 мың адам эвакуацияланып үлгерген.
Дмитрашковскийдің сөзінше, Курск облысында Ресей армиясының алға жылжуы тоқтаған. Дегенмен Ресей қорғаныс министрлігі Курск облысында елді мекендерді қайтарып алып жатқаны жөнінде жиі хабарлап келеді. 16 қыркүйекте Ресей қорғаныс министрлігі Успеновка және Борки ауылдарын бақылауға алғанын хабарлаған. Соғыс жағдайында ақпарат құралдарына тараптардың мәлімдемелерін тексеру қиын.
Украина әскері Ресейдің Курск облысына 6 тамызда кірген. Содан бері аймақта шайқас жүріп жатыр. Украина қарулы күштері ондаған елді мекенді бақылауға алғанын хабарлаған. Ресей билігі ақпаратты жоққа шығарады немесе түсініктеме бермейді.
Украина бақылауындағы аймақтарда байланыс өшірілген. Ресейліктер онда тұрып жатқан туыстары тірі ме, жоқ па, біле алмай келеді. Аймақтан хабар мүлде үзілген.
Курск облысында украин күштерінің бақылауындағы бөлікте қалған азаматтар үшін гуманитарлық дәліз ашу қажеттігін құқық қорғаушылар мен белсенділер айтып келеді. Туыстары Суджа және өзге аумақтарда қалған ресейліктер Ресей және Украина президенттеріне хат жазған. Олар сонымен бірге туыстарын эвакуациялау үшін гуманитарлық дәліз ұйымдастыруды өтінген. Украина сыртқы істер министрлігі БҰҰ мен Халықаралық Қызыл крест комитетіне Курск облысындағы гуманитарлық шараларға қосылуды ұсынған.
ПІКІРЛЕР