Accessibility links

Қазақстанда АЭС құрылысы бойынша референдум басталды


Референдум учаскесінде дауыс беріп тұрған адам. Алматы, 6 қазан 2024 жыл.
Референдум учаскесінде дауыс беріп тұрған адам. Алматы, 6 қазан 2024 жыл.

Қазақстанда АЭС құрылысы бойынша референдум басталды. 6 қазанда Астана уақыты бойынша сағат 7-де елде 10 мыңнан астам референдум учаскесі ашылды. Дауыс беру кешкі 20.00-ге дейін жалғасады.

Қазақстандағы 84 референдум учаскесінде дауыс беру таңғы сағат 6-да басталған. Бұл көбіне әскери бөлімдердегі учаскелер мен вахта бойынша жұмыс істейтін орындар.

Қазақстанның өзге елдердегі дипломатиялық өкілдіктерінде 74 учаске жұмыс істейді.

Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты Ливан, Иран және Израильдегі қазақстандықтар дауыс бере алмайды. Бұған дейін Қазақстан СІМ аталған елдердегі учаскелердің қызметін тоқтату тураы шешім қабылданғанын хабарлаған. Бұл елдерде 500-ге жуық қазақстандық консулдық есепке тұрған.

Жұртшылық "Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?" деген сұраққа жауап береді. "Иә" немесе "жоқ" деген екі жауап қарастырылған.

Сайлаушылар тізімінде 12 млн 233 мыңнан астам азаматтың аты-жөні бар. Референдум сайлаушылардың 50 пайыздан астамы қатысқан кезде өтті деп саналады.

ОРК мәліметінше, 30 ел мен 4 халықаралық ұйымнан 177 бақылаушы ресми тіркеуден өткен. Референдумды бақылайтын халықаралық ұйымдар қатарында Тәуелсіз мемлекеттер достастығы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түркі мемлекеттерінің ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес бар.

Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ДИАҚБ) миссиясы Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша 6 қазанда өткелі отырған референдумға бақылаушы жібермейді. Қазақстандағы сайлауларды бақылап келе жатқан ЕҚЫҰ елдегі сайлау науқандарын "демократиялық талаптарға сай емес" деп бағалаған.

Референдум өткізуге қазынадан 15,5 млрд теңге (қазіргі валюта бағамы бойынша 32 млн доллар) жұмсалмақ.

Бұған дейін үкімет атом станция салу бойынша Ресей, Қытай, Франция және Оңтүстік Корея компанияларынан өтініш түскенін хабарлаған.

РЕФЕРЕНДУМ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ҰСТАУ

Қазақстанда АЭС референдумы қарсаңында құқық қорғаушылар қудалау мен қамаулар жиілей түскенін хабарлады.

АЭС референдумы қарсаңында ұсталған немесе айыппұл салынған белсенділер мен ұйымдар тізімінде 28 адамның аты-жөні мен бір ұйым бар. Олардың кейбірі әкімшілік жазаға тартылған, кейбірі қылмыстық іс бойынша қамауға алынды. Жуырда Алматы қалалық полиция "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болды" деп күдікке ілінген бес адамды екі айға қамаған. Адвокаттары "істің саяси астары бар" деп санайды. Бұл жөнінде Варшавадағы адамзат өлшемі конференциясында да айтылған.

Осы аптада мәжіліс кулуарында журналистер белсенділердің ұсталуына байланысты бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевке сұрақ қойған, алайда ол "бұл сұрақ өзінің құзыретіне кірмейтінін, сауалды ішкі істер министрлігі өкілдеріне қойсаңыз, дұрыс болады" деп жауап қатты. Ішкі істер министрлігі өкілдері белсенділердің ұсталуына қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.

Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі де референдум алдындағы ұстауларға түсініктеме бермеді.

Референдум қарсаңында кейбір қалаларда полиция күшейтілген қызметке көшкен.

Биыл 2 қыркүйекте халыққа жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев референдум 6 қазанда өтетінін мәлімдеп, "референдум тақырыбы қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын" деді.

"Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде, бұл – "Халық үніне құлақ асатын мемлекетке" тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз" деді Тоқаев.

АЭС бойынша референдум өтетінін билік елде атом станциясына қатысты қоғамда сын пікірлер қызу айтыла бастағаннан кейін мәлімдеген. Былтыр АЭС салынуы мүмкін Балқаш маңындағы Үлкен ауылында АЭС бойынша жария талқы өткен кезде белсенділер "АЭС-те апат болса, зардабын тұтас халық көреді, сондықтан ол бойынша талқыны Үлкен ауылы тұрғындары үшін ғана өткізу дұрыс емес" деп айтқан. Ізінше қыркүйек айындағы жолдауында Тоқаев мәселені жалпыұлттық референдумға шығаруды ұсынды.

2024 жылы Қазақстанның барлық ірі қаласында АЭС тақырыбына байланысты қоғам талқысы өтті. Талқылауға шақырылған спикерлер атом станциясын тұрақты энергия көзі деп мақтады, бұған қарсы азаматтар экологиялық қауіпсіздік мәселесін көтеріп, құрылыстың экономикалық тиімділігі мен АЭС салдарын сөз еткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG