Accessibility links

Ауғандық ер мен әйелді таспен ұрып өлтіру шариғат туралы дауды қоздыра түсті


"Талибанның" мұсылмандық кеңес мүшесі Молда Уәкіл. Кандаһар, 11 қараша 2009 жыл
"Талибанның" мұсылмандық кеңес мүшесі Молда Уәкіл. Кандаһар, 11 қараша 2009 жыл

Құндыз уәлаятында «Талибан» қозғалысы ұйымдастырған ер мен әйелді таспен ұрып өлтіру шарасын айыптаушылардың қатарында Ауғанстан президенті Хамид Карзайдың да дауысы естіле бастады. Жас жұп зинақорлық жасады деген айып бойынша тамыздың 15-і көптің қолынан қаза тапқан еді.


КОНСТИТУЦИЯ МЕН ШАРИҒАТ

Бұл – «Талибан» тоғыз жыл бұрын биліктен тайғаннан бері бірінші рет болып тұрған ер мен әйелді жазалау акциясы. Тәлібтердің бақылауындағы қышлақтардың бірінде жүзеге асқан жан түршігерлік жазаны Ауғанстанның қоғам қайраткерлері мен белгілі әлімдері, халықаралық ұйымдар мен басқа да белсенділер теріске шығарып, сынап жатыр.

Хамид Карзай бұл оқиғаны «кешірілмес күнә» деп атады. «Екі жас ауғанды ешқандай әділ сотқа тартпастан, таспен атып өлтіруге бұйыру барша гуманистік және мұсылмандық принциптерге қайшы келеді» деді ауған президенті.

Қаза тапқан екі жас бір-бірін құлай сүйіп, туған ауылдарынан сыртқа қашуға мәжбүр болған екен. Өткен апта ауылдарына қайтып оралған қыз бен жігітті «Талибан» жасақтары ұстап алып, жергілікті молдаларға екеуін зина жасағаны үшін таспен атып өлтіру туралы шешім шығартқан.

Бұл жағдай Ауғанстанда шариғатқа негізделген заң туралы дау-дамайды қайта көтеріп жіберді. Өткен апта 350 дін әлімі Кабулға жиналып, «худуд», яғни Исламға негізделген қатаң қылмыстық жаза қолдануға шақырған еді. Ауғанстанның қазіргі конституциясы бойынша барлық заңдар шариғатқа сәйкес болуы керек деген бап бола тұра осындай талап-тілектер қайта айтыла бастаған-ды.

Шариғат дегеніміз арнайы заңдар жиынтығы ма, жоқ әлде күрделі дәстүрден туындаған этикалық ережелердің қосындысы ма деген сауал түрлі тәпсірге салынып, мүлдем түсініксіз мәселеге айналып отыр.

Кабулға жиналған жергілікті дін әлімдерінің түсінігіндегі әділет жүйесі Ауғанстанның конституциясын жазып шыққан мамандардың ойындағы шариғатпен қабыспайтын болғаны ма? Бұл академиялық сұрақ емес-ау. Шариғат дегеніміз универсалдық адам құқықтарына ұқсас жүйе ме, я мұсылмандық заңды консервативтік қатаң жолмен қолданғысы келетіндердің ойындағы заңдар жиыны ма? Бұл сауалдың жауабы осы екі тұрғыдан келіп шығады.

АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫНЫҢ КЕПІЛІ

Исламды мемлекеттік дін деп жариялап, барлық ауған заңдары Исламға сәйкес болуы керек деген бабымен қатар Ауғанстан конституциясы дүние жүзі мойындаған жалпыға тән адам құқықтарын қорғауға да кепілдік береді.

Азаттық радиосының Ауған қызметіне сұқбат берген Дешті Арчидің белгілі молдасы Маулави Абдул Насир таспен ұрып өлтіру әрекетін айыптап шықты. Жаңағы жазалау аукиясы дәл осы әлім тұратын ауданда болған еді. Насир бұл оқиға туралы естімеген екен. Бірақ, мұндай шешім шығару негізінде қате деген пікір айтады.

«Мұсылмандық сот пен шариғатқа сәйкес адамды зинақор деп айыптау үшін ол адам төрт мәрте өзінің кінәлі екенін мойындау керек. Оның үстіне төрт куәгер оның зина жасағанына куәлік беруі қажет. Онсыз тіпті куәгерлердің де берген жауаптары қабылданбайды. Куәлікке тартылғандар өтірік айтпайтын, бұрын-соңды қулық-сұмдық жасап көзге түспеген дұрыс адамдар болуы қажет» дейді молда Насир.

Мұндай жағдайда төрт куәгердің куәлігін [кез-келген молда емес] қазы, яғни мұсылман заңының білгірі қабылдап алуы керек. «Бұл шарттар сақталмаған жағдайда таспен атып өлтіру әрекеті заңдық негізі жоқ күш қолдануға тең болады» дейді молда.

Кабулдағы Жоғары соттың үкім шығару департаментінің басшысы Маулави Сиддиқуллаһ Муслим шариғат пен Ауғанстанның адам құқықтарына қатысты ұстанымының арасында ешқандай қарама-қайшылық көрмейді.

Азаттық радиосына сұқбат берген Муслимнің айтуынша Құран мен сүннет жолы сияқты шариғат заңдары да мұсылман ғұламалардың көзқарасы бір жерден шыққасын барып қолданысқа кіреді. Демек, мұсылмандық заңды тек мемлекеттік билік орны ғана қолдана алады.

«Мұсылман әлімдер ұзаққа созылған пікірталастың негізінде исламдық тұрғыдағы жазалау әрекеті егерәки іс мемлекеттің әкімшілік және сот жүйесінде қаралған соң барып жүзеге асуы керек деген қорытынды жасаған» дейді Муслим.

Муслимнің сөзі бойынша мұндай күмәнді жағдайларда Ауғанстан сотының шешімдері президенттің пәрменінен кейін барып күшіне енеді.

«ЕШҚАНДАЙ ЗАҢДЫҚ БИЛІГІ ЖОҚ»

Профессор Хамид Мохаммад Әбу Талиб – Каирдегі әл-Азһар университетінің Шариғат факультетінің бұрынғы деканы. Азаттық радиосының Ауған қызметінің сауалына жауап бере отырып, ол былай деді: «Қаруланған бір топ адам өзгелерді тіпті кінәсі дәлелденген жағдайда мұсылманша жазалай алмайды. Ауғанстанның жағдайында президент Карзайдың халықаралық қауымдастық мойындаған үкіметі – ресми билік жүргізіп отырған бірден-бір күш. Сондықтан кішкене бір ауданды басып алған ат төбеліндей топ үшін сот құрып, шешім шығаруға рұқсат жоқ. Бұлар ұйымдасқан және мойындалған үкіметке жатпайды. Белгілі бір аймаққа ғана күш қолдану арқылы өкілеті жүріп тұрған топ болып саналады. Бұлардың ел басқаратындай ешқандай заңды билігі жоқ».

Әбу Талибтың айтуынша мұсылмандық жазалау жүйесі тек жағдайы тұрақты, тұрғындары мен олардың дүние-мүліктері аман, және экономикалық әл-ауқаты дұрыс ислам мемлекетінде қолданылады.

Ауғанстандағы «Талибан» мен өзге де қарулы топтардың қиялындағы мұсылман мемлекеті негізгі мақсат ретінде қалып отыр. Бірақ, олардың кезінде орнатып, кейін қайта қалпына келтіруді армандап жүрген мемлекеттері азаматтардың ерікті қатысуынан гөрі қорқытып-үркіту арқылы құрылған модель болатын. Бұл жобаны Ауғанстандағы мұсылман әлімдердің көпшілігі дерлік мүлдем жөн көрмейді.
XS
SM
MD
LG