Accessibility links

Саяси топтар арасында құпия соғыс жүріп жатыр


Қазақстандық ақпарат агенттігі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Бас прокуратураға қарасты департамент басшысын тұтқындағанын хабарлады. Алайда аталған мекемелер бұл ақпаратты я растамайды, я жоққа шығармайды. Ал сарапшылар болса, екі ведомство арасындағы текетірес «президент қауіпсіздігіне қауіп төнгеннің белгісі» деп санайды.


МҰСАБЕКОВКЕ ТЕЛЕФОН ТЫҢДАУДЫ БҰЙЫРҒАН КІМ?

КазТАГ ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Астанада бас прокуратураның жедел іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалау департаменті бастығы – Мұрат Мұсабеков тұтқындалған. Онымен қоса бас прокуратураның тағы екі қызметкері қазір Астана қаласының тергеу изоляторында жатыр. Агенттіктің ақпараты бойынша, оларға «жоғары лауазамды шенеуніктердің телефон әңгімелерін заңсыз тыңдаған» деген айып тағылып отыр.

Дегенмен сәрсенбі күні бойы хабарласып, не бас прокуратурадан не ұлттық қауіпсіздік қызметінен ешқандай ақпарат ала алмадық. Азаттық тілшісі хабарласқан адамдардың барлығы бұл істен бейхабар болып шықты.
Дегенмен КазТАГ агенттігі бас прокуратура қызметкері Мұрат Мұсабековті тұтқындауға санкцияны Астана қаласының Сарыарқа аудандық соты бергендігін атап өткен.

МӘМИДІҢ БАСЫНА ТУҒАН КҮН

Бұдан бөлек, бүгінде Қазақстанда ашылмайтын «Республика» интернет басылымында белгісіз оқырманның хаты жарияланды. Онда оқырман Мұсабековтың ұсталуы өте құпия екенін айтады. Себебі, бұл істі реттеуге ұмтылған Қайрат Мәмидің тарапынан қатты қысым көрсетіліп жатыр деп болжайды.

Дегенмен оқырманның сөзінше, «Мәмидің қолынан ешнәрсе келе қоймас, өйткені Мұсабековты тұтқындау туралы тапсырма жоғары жақтан берілген. Бұл «оңтүстіктегілерге» Қазақстанда кімнің басшы екендігін есіне салу мақсатында болып жатқан шаруа» деп жазылған оқырманның хатында. Соңғы кездері президенттің құқыққорғау органдарында бірқатар өзгерістер жасау қажет деп мәлімдегені де соның дәлелі деген пікір айтылған.

ӘБІҚАЕВ «ОҢТҮСТІК» КЛАНЫН ТАЛҚАНДАУҒА КЕЛДІ МЕ?

Қыркүйектің 1-і Сенаттың пленарлық отырысында президенттің ұсынысы бойынша сенаторлар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағалығына Нұртай Әбіқаевтың тағайындалуына келісім берді. Осылайша жоғары палата тамыздың 23-і күні президент Назарбаевтың қаулысымен ҰҚК-нің төрағасы болып тағайындалған Әбіқаевтың кандидатурасын бірауыздан мақұлдады.

Нұртай Әбіқаевты Қазақстандағы саяси ортада президенттің кадр саясатына ықпал ете алатын өтімді адам ретінде таниды. Сондықтан бірқатар сарапшылар оның келуін елдің емес, президенттің жеке қауіпсіздігіне қауіп төнген болуы мүмкін деп болжаған еді.

- Әділ Шаяхметовтың не үшін босатылғандығы туралы осы уақытқа дейін еш ақпарат жоқ. Осының өзі күдік тудырады. Бұл президентке демек сенімсіз болғаны ма? Президенттің төңірегіндегі тартысқа қатысып жүрген элиталық топтардың арасындағы текетіресте қазіргі президентке қарсы жақтың салмағы басымдырақ болып кетті ме? Содан қауіптенгеннен кейін оны алып тастады ма? деген сауалдарға жауап іздейді тәуелсіз журналист Рысбек Сәрсенбай. Оның сөзінше, президент өзіне қауіп төніп отырғандығын сезуі мүмкін, сондықтан өзінің жанына сенімді адамдарды жинап жатыр.

Дегенмен, саясаткер Балташ Тұрсымбаев болса бас прокуратура қызметкерлерінің тұтқындалуы ҰҚҚ комитетінің жаңа басшысына еш қатысы жоқ дегенді айтады.

- Мұның барлығын Әбіқаевқа тиісті жұмыс деуге болмайды. Ол өз ісін білетін азамат. Сондықтан меніңше ол органдардағы ішкі жұмыстарға көбірек араласып, оларды тазартуы тиіс, - дейді Тұрсымбаев.

ПРОКУРАТУРА ДА ТЕЛЕФОН ТЫҢДАЙ БАСТАДЫ МА?

Бұрынғы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Балташ Тұрсымбаев құқыққорғау ведомстволарының кей азаматтарды бақылауға алуында еш айып жоқ деген ойда.

Естеріңізде болса Қазақстанда осыған дейінде телефон әңгімелерін тыңдауға қатысты жайттар анықталып, дау шыққан еді.
Мысалы, 2009-шы жылдың басында генерал Сәт Тоқпақбаев, арнайы қызметтің телефон әңгімелерін тыңдау тәжірибесін қолданатынын сынға алған болатын. Депутат өз телефонының да тыңдалып, психологиялық қысымға ұшырадым деп шағымданған.

Одан өзге 2007-ші жылы Қазақстанның сол кездегі ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов пен Қазақстан президентінің бұрынғы іс басқарушысы Владимир Нидің арасында болды делінген телефон әңгімесі де интернетте тарап, дау болғаны белгілі. Дегенмен бұл жайттардың барлығында да құқыққорғау органдары өздерінің бұл іске қатысы жоқ екендігін мәлімдеген еді.

Бірақ, Мұсабековке қатысты істің ерекшелігі – бұл жолы «заңсыз түрде жоғары лауазымды тұлғалардың телефонын тыңдауды» я арнайы қызмет, я ішкі істер министрлігі емес, бас прокуратура басшыларының бірі ұйымдастырды деген айып тағылып жатыр.
XS
SM
MD
LG