Тұрғындар неге наразы болды?
Атырауда автокөлік жолдары мен көпірлерінің құрылысы жаппай жүргізілуде. Алайда басқа көпір бір төбе де, Жилгородок - Авангард көпірі бір төбе болып отыр. Оның себебі де бар.
Атыраудағы Жилгородок шағын ауданы қаланың ең бір әдемі жерінде – үш жағынан Жайық өзені көмкеріп жатқан, өзінше бір шағын аралшықта орналасқан. Мұндағы жарты ғасырлық ағаштар мен бұталар, сондай-ақ саябақ аймағы, суландыру каналдары, балалар ойнайтын алаң, жағажай қалашыққа ерекше көрік беретін.
Сонау алыс 1943-48 жылдары италиялық, румындық әскери тұтқындар салған мұндай архитектуралық ансамбль бүкіл Кеңес Одағында болмаған. Қалашықтың бір жағын екінші жағынан аудырмай, ерекше сәнмен салынып, арнайы аркалармен бейнеленген әсем сәулет айшықтарына қарап бұл ауданды жергілікті халық «Ақ қала» деп те атап кеткен. Сондықтан да болар, Жилгородокқа 1982 жылы республикалық деңгейдегі тарихи ескерткіш мәртебесі берілсе, кейін бұл атақ ҚР Үкіметінің 21 наурыздағы 2008 жылғы №279 қаулысымен ресми түрде екінші рет бекітілген болатын.
1996 жылы Жилгородоктағы саябақ аймағы, жағажайдағы жерлер жекешелендіріліп, Атырау мұнай өңдеу зауыты қарамағынан қалалық әкімшілік билігіне өткен еді. Тұрғындардың айтуынша осыдан бастап қалашықтың қаралы күндері басталды. Бірнеше жыл ішінде ағаштар жаппай кесіліп, саябақ аймағы құртыла бастады.Осы уақыттан бері әлденеше ауысқан қала әкімдерінің әрқайсысы жасыл желекті ауданға «өз қолтаңбасын» қалдырды, заңсыз жерлер бөлініп, онда сәулетті коттедж-сарайлар бой көтерген. Бұған бұрынғы әкімдер Д.Тұрғанов, М.Тасыбаевтардың да үлесі бар. Енді міне қазіргі қала әкімі С.Нақпаев та коттедждер салуға саябақ аймағындағы жерлерді үлестіруін тоқтатар емес. Ол аздай тура қалашықтың ортасынан ойып өтетін жол салып, Жилгородокты қаланың екінші бетіндегі Авангард шағын ауданымен жалғастыратын көпір салмақшы. Ал көпір құрылысына келсек, ол тіпті 2007 жылдың желтоқсанында-ақ басталған.
Қазірдің өзінде қызу жүріп жатқан көпір құрылысының 30 пайызы салынып та қойған. Дегенмен 60 жылдық тарихы бар қалашықты көздерінің қарашығындай қорғауға бел буған Жилгородок тұрғындары барлық инстанциядағы билік орындарына шағымдана бастайды Бірақ ешкімнің де жергілікті атқарушы билікке әлі келмеді. Қалалық прокуратура да әкімшілік ісінің заңсыз екенін айтты, Астанадан келген комиссия да құрылысты тоқтату туралы шешім қабылдады, бірақ мұның елең қылған атыраулық әкімдер болмады. Жилгородок тұрғындары мен бір топ ардагерлер көмек сұрап, облыс әкімі Бергей Рысқалиевке де барған. Әкім олардың сөзін тыңдап, Жилгородокты қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге өтірік уәде беріп, шығарып салған.
Адыра қалған жасыл қалашық
Жилгородоктың байырғы тұрғыны зейнеткер, Галина Басованың айтуынша 2008 жылдың ақпанында қала әкімі орынбасары Әділбек Нұрлығожиев пен қаланың бас сәулетшісі Талғат Қасенов Жилгородоктың 140 тұрғынын жинап алып,болашақ көпір құрылысына байланысты Әуезов көшесіндегі №1 үйдің жартысы бұзылатынын, фонтанның бір бөлігі қайта жасақталатынын, Құрманғазы атындағы мәдениет үйінің қайта жөндеуден өткізілетінін айтқан. Ал Жилгородоктағы 2007 жылдың желтоқсанынан бері жүргізіліп жатқан жұмыстардың бәрі көпір салуға қажетті сараптауды жасау үшін керекті шаралар ғана деп түсіндіреді.
- Жилгородок Атыраудағы жалғыз жасыл аудан болғанымен, әкімдер қамқорлығы бұйырмады,-дейді Галина Прокофьевна .- Он жыл бойына қалашықты бірде бір қалпына келтіру, саябақты әрлеу, суару жұмыстары жүргізілмеді. 2000 жылы бүкіл республика мұнайдың 100 жылдығын көл-көсір тоймен атап өтті. Сол кездегі әкім И.Тасмағанбетовтың қала бойынша жүргізген қарқынды жоспарына тағы да Жилгородок енген жоқ. Одан соң президент Н.Назарбаев Атырауға талай келді. Әдетте Президент келерде қала, облыс әкімдері сеңдей сабылысып, қаланың көзге көрінер жағын сырлап-сылап шала бүлінетін. Байғұс Жилгородокқа Президент сапарынан да пайда болмады.
Тіпті «Нұр Отаннан» да қайыр көрмедік. Керісінше «Нұр Отанның» Атыраудағы филиалындағылар біздерді « Несі бар, көпір керек. Венецияда да көптеген көпір бар. Енді Атырау да тура Венециядағыдай болады» деп жұбатқан. Енді міне, Жилгородокты мүлде тас-талқан етіп, саябағымен, жағажайымен, тұрғындарымен қоса күресінге айналдырмақшы. Прокуратура заңсыз десе неге көпір салынады, соны түсінбейміз.
- Жергілікті биліктің бұл істерін тек қылмыс деп бағалауға болады-дейді қалашық тұрғыны Юрий Блюденов. Алайда кез-келген қылмысты іс заң бойынша жазасын алуы тиіс емес пе? Бірақ, біздің заңдарымыздың Атыраудағы әкімдерге қатысы жоқ секілді. Себебі біздің, Жилгородок тұрғындарының шағымдарына сәйкес қалалық прокуратурадан алынған жауапта көпір құрылысына ешқандай рұқсат берілмегені анық көрсетілген. Әрі салынуға тиісті көпірдің Бас жоспары да жоқ..
Соңғы сот процесіне бітім жасасуға келген қалалық әкімшіліктің заңгері Бағытжан Нысанбаевтың айтуынша, бәрі де заңды, мақұлданған Бас жоспар да бар. Оған 2006 жылы түзетулер енгізілген, қазір Астанада, жақында бекітіліп келеді ,- деді.- Ал көпір құрылысы 2008 жылдың 2 шілдесінде шыққан заңды шешімге сәйкес жүргізіліп жатыр. Саябақ мәселесіне келетін болсақ оның тарихи ескерткішке қатысы жоқ. Өйткені саябақ мүлде құжатта көрсетілмеген.
Атқарушы билік тұтқасын ұстағандар республика заңдарын ғана емес, Қазақстанда ратификацияланған халықаралық Конвенцияда қаралғандай құрылыс бастамас бұрын халықпен жолығып, Қоғамдық тыңдау өткізген жоқ, халық пікірімен санасқан жоқ,- дейді «Каспий табиғаты» мемлекеттік емес ұйымы төрағасы Махамбет Хәкімов.
Сот не шешті?
Сөйтіп, 15 қыркүйекте болған ауданаралық экономикалық соңғы сотта қала тұрғындары мен қала әкімшілігі арасындағы тартыстың нақты шешімі шықты. Бұған дейінгі болған сот процесінде әкімшілік аяқ астынан тұрғындар мен қоғамдық бірлестік өкілдерін дауды «бейбіт жолмен» шешуге шақырған еді. Соған орай екі жақ та өз пікірлерін ұсынған.
Сот төрағасы Н.Разақтың шешімі бойынша, сол келісім бекітілді деген қорытынды жасалды. Бұл шешімге сәйкес, тұрғындар арыздарынан бас тартады, ал әкімшілік салынып жатқан көпірге қарай өтетін автокөлік жолдары құрылысының басқа бағытын қарастырып, оны тұрғын үйлерді, басқа да ғимарттарға тиіспей өткізу жолдарын ұсынады, Жилгородоктағы тарихи архитектуралық ансамблдерді, қоғамдық ғимараттар мен мекемелерді өңдеп-жөндеуден өткізетін болады, ағаштардың суарылуын басшылыққа алады, жағажайды реттейді
Сондай-ақ сотта мәлімделгендей, фонтан маңындағы «Фея» мейрамханасы орналасқан үй ғана бұзылып, үй тұрғындары өтемақы ретінде жаңа пәтерге ие болады. Ал бұған дейін үйлері бұзылады деп хабарланған басқа тұрғындар, енді үйлерін өз беттерінше сатуына да құқы бар. Сот процесінде қоғамдық бірлестіктер өкілі Махамбет Хәкімов бұл келісім қанша уақыт ішінде жүзеге асырылатынын нақытылауды сұраған еді.
Алайды жүргізіліп жатқан құрылыстың ауқымдылығын ескеріп, екі жақ та келісімнің мерзімін шектемеуді ұйғарды.
- Бірақ, біз бұл шешімнің орындалуын үнемі назарда ұстап отыратын боламыз,-деді М.Хәкімов. Кез-келген сот шешімі 3 жыл ішінде жүзеге асырылып болуы тиіс. Қоғамдық бірлестіктердің көтерген мәселесін Астана жаққа «дарынсыз НПО-шниктер көпір салуға мүмкіндік бермей отыр» деп хабарлағанын да білеміз. Бірақ, біз биліктің барлық буынына мақсатымыз көпір құрылысын тоқтату емес, оның бағытын өзгерту, Жилгородокты сақтап қалу екенін түсіндірдік. Ал әкімшілік өз тарапынан сот шешімін бұзса, заңға сәйкес жауап береді.
Дегенмен моралдық қана емес, психологиялық жағынан да әбден діңкелеген қалашық тұрғындарының көңілі күпті. Олар нақты іс басталмайынша өздерінің құқын қорғай алғандарына да, әкімді тәубасына келтіре алғандарына да сенер емес. Себебі материал дайындалып жатқанда жалғыз жасыл желекті қалашықты қорғауға атсалысып жүрген, белсенді тұрғындардың бірі Юрий Блюденов Азаттық тілшісіне телефон шалып мынаны айтты:
- Соттан кейін корвалол ішіп, түнімен ұйықтай алмадым. Бір жылға тарта уақыт жүйкемізді құртып, теке-тірес жасаған әкімшілік не қылып тізе бүге қалды? Меніңше бұл олардың құйтырқы жоспары, яғни көпір салынып біткенше халықты бір тыныштандырып қоюдың жолы. Әйтпесе, Мәдениет министрлігі, қалалық прокуратура тәрізді ықпалды органдардың да шешімі далада қалған жоқ па? Енді көпір салынып біткенше күні-түні сабылған ауырлығы 100 тоннадан астам құрылыс машиналарының салмағы мен дірілі Мәдениет ошағына да, басқа да тарихи мәні бар үйлердің босап, шөгіп, құлауына соқтырады. Ал көпір салынып біткен соң Авангардқа қарай ағылған көлікке жалғыз Әуезов көшесі тарлық етіп, қалашықтың орталық жолын пайдалану және оны заңдастырудың тағы бір амалын табады. Заң бойынша кез келген тарихи ескерткіштер жергілікті әкімшілік орындары тарапынан еш сотсыз-ақ қорғалуы тиіс болса да, Атыраудағы әкімнің өз заңы бар.