Мәселен, «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Байменов оны толыққанды кешенді бағдарлама деп айтуға келмейтіндігін жеткізді. Оның сөздеріне қарағанда, үкімет бірінші кезекте жариялылықтың жетіспейтіндігімен күресіп, мемлекеттік бюджетті тиімді пайдалану жолдарын қарастыру керек еді. Үкіметтің банктердің күмәнді қарыздарын құтқару үшін бюджеттен қаржы бөлінетіндігіне келіспейтіндігін білдірген Байменов: «Сол ірі банктердің негізгі акционерлері ондаған жылдар бойы Қазақстан экономикасынан тапқан пайдаларын қазір елге әкеліп, жұмсап жатыр ма? Депозитке салып жатыр ма? Әрине, жоқ», - дейді.
Сонымен бірге «Ақ жол» партиясының жетекшісі дағдарыс кезеңінде, алдымен әкімшілік мақсатта жұмсалатын қаржыны шектеу керектігін айтады. «Қазір күйзеліс жағдайына қарамастан, шенеуніктер жанар-жағар майды көп жұмсайтын қымбат көліктер мініп жүреді. Жыл сайын мемлекеттік аппараттардың шығынына жұмсалатын ақша өсіп келеді» деген ол, мемлекетте жемқорлық деңгейі өте жоғары болғандықтан, Ұлттық қордан бөлінген қомақты қаражат түрлі шешім қабылдайтын шенеуніктердің қолдарында қалып қоя ма деп қауіптенеді.
- Халықтың жинақтаушы зейнетақы қорындағы ақшаны пайдалануда күмәнді тұстар бар. Бұл ақша - әрбір азаматтың жекеменшігі. Үкімет алдымен, болашағы бұлыңғыр, мемлекеттің есебінен салынып, кейін біреудің жекеменшігіне өтіп кететін инвестициялық жобаларды қысқартып, жол, таза су, энергетика, денсаулық салаларына көп көңіл бөлу керек еді, - дейді Ә. Байменов.
Ал Қазақстанның халықтық коммунистік партиясының жетекшісі Владислав Косырев үкімет дағдарысты пайдаланып, олигархтарға жағдай жасамақ дегенді айтады. «Мен бұл бағдарламадан алдымен азық-түлік, нан бағасын тұрақты ұстап тұруды қамтамасыз ету, сауда-саттық проблемаларын реттеудің нақты қадамдарын іздеген едім. Өкінішке қарай, оны таппадым», - дейді В. Косырев.
Коммунист Косырев билік басындағыларға К.Маркстың «Капиталын» оқып шығуға кеңес береді. Осында дағдарыстан шығудың барлық жолдары көрсетілген екен.
«Қазір бұл кітап шетелдерде сұраныспен өтіп жатыр. Еуропа елдері К.Марксті жаппай оқуға көшті», - дейді ол.
«Ауыл» партиясының жетекшісі Ғани Қалиев болса, Ұлттық қордан бөлінгн 10 млрд. доллардың және зейнетақы қорынан алынатын 2 млрд. доллардың халықтың игілігіне тиімді жұмсалатынына сенбейді. Өйткені, биліктегі құрылымдарды жең ұшынан жалғасқан жемқорлық жайлап алғанын алға тартқан ол, мемлекеттің бақылаушы тетіктерінің өздері сыбайласқан дейді.
- Құрылыс компаниялардың халықтың ақшасын қалай болса, солай шашуының өзі де, бақылаушы мекемелердің олармен ым-жымының бір екендігін көрсетіп берді. Бүгіннің өзінде сол компания басшыларына құқық қорғаушы мекемелер түк істемей отыр. Үлескерлер проблемасынан халық сабақ алу керек. Осыған дейін үкімет бәрін істейді деп сеніп, селқостық танытып келді. Енді билік өзінің іс- әрекеттерімен өздеріне сенуге болмайтындығын дәлелдеп берді, - дейді Ғани Қалиев.
Үкімет дағдарыстан шығу бағдарламасын қабылдар алдында Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығының президенті Серік Ақанов халықтың жинақтаушы зейнетақы қорынан алынатын ақшаны қандай мақсаттарға, қалай жұмсалатындығы ашық көрсетілсе деген тілек білдірген еді.
Ал Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов банктерге бөлініп жатқан ақшаның барлығы үкіметке қайтарылатындығын сеніммен айтты. Ол жұмсалынатын қаражаттың әрбір тиыны бақылауда болады деді. Бұл бағдарламаның қалай жүзеге асатындығын алдағы уақыт көрсетеді.