Ұзындығы тоғыз шақырымға жуық қашықтықты құрайтын алғашқы желінің бойында «Райымбек», «Жібек Жолы», «Алмалы», «Абай», «Байқоңыр», «Тұлпар» және «Алатау» бекеттері орналасқан. Оның бағыты Райымбек даңғылынан Фурманов даңғылының астымен оңтүстікке қарай Абай даңғылына, одан әрі батысқа қарай Гагарин даңғылына және Жароков көшесіне дейін созылады.
Алматы қаласы әкімі Ахметжан Есімов бастаған топ қазанның 21-і күні метрополитеннің жолаушылар тасымалдайтын вагонына мініп, «Алмалы», «Жібек Жолы» және «Райымбек батыр» бекеттерінің аралығындағы жолмен жүріп өтті. Сынаққа қатысқандар мінген вагонды бұл жолы дизельдік мотовоз тіркеуге алып жүрді.
Метро желісінде жолаушылар Оңтүстік Кореяның Hyundai компаниясында әзірленген вагондармен тасымалданатын болады.
Мамандардың есептеріне жүгінсек, Алматы метрополитенінің бірінші желісі тәуілігіне 300 мың жолаушыны, ал жылына 110 миллион адамды тасымалдауға мүмкіндік береді. Метроның екінші желісі іске қосылғанда бұл көрсеткіш жылына 305 миллион жолаушыға дейін артпақ.
Метроның екінші желісінің бағыты Абай даңғылынан «Қалқаман» кентіне дейін және «Райымбек» станциясынан Алматы-1 темір жол вокзалына дейін жолаушы тасымалын қамтамасыз етеді. Гагарин даңғылынан «Қалқаман» кентіне дейінгі жолдар шағын салынады, мұндағы станциялар ашық болады деп жоспарланып отыр.
Ал Алматы-1 темір жол вокзалынан Алматы-2 вокзалына дейінгі желінің бір бөлігі эстакада түрінде салынбақ.
Бейсенбі күні алғашқы желінің үш бекетінің арасын жүріп өткен сапардан соң Алматы әкімі метрополитен вагоны «жолаушыларға қолайлы, жүріс сапасы жақсы» деген баға берді. Метро құрылысының бірінші желісі кестеге сәйкес жүріп жатқанын атап өткен Ахметжан Есімов «Байқоңыр» бекетінен басқа алты бекеттің барлығында құрылыс жұмыстары биыл толық аяқталатынын айтты.
«Байқоңыр» бекетінің құрылысын 2011 жылы үшінші тоқсанда бітіру жоспарланған. Әкімнің айтуынша, республикалық бюджетке енгізілген өзгерістер нәтижесінде метро құрылысына биыл 10,5 миллиард теңге бөлінді.
«Бюджет жоспары бойынша келесі жылы 24 миллиард теңге бөлінеді. Бұл метроны тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында пайдалануға беруге мүмкіндік туғызады», – деді Ахметжан Есімов.
Алматы метрополитеннің құрылысы Совет одағы кезінде, 1988 жылы басталды. ССРО тараған соң біршама уақыт тоқтап қалған метро құрылысы кейіннен қайта жалғасты. Бұған дейін 2009 жылы пайдалануға беріледі деп хабарланғанымен ол мерзімде бітпей қалған Алматы метросының алғашы желісін 2011 жылы желтоқсан айында іске қосу жоспарланып отыр.