Accessibility links

Қазақстан «Набукко» жобасының әлеуетті қатысушыларының бірі болып қала бермек


Орталық Азиядан Қытайға тартылып жатқан газ құбыры құрлысының Қазақстандағы бөлігінде. 17 сәуір 2007 жыл.
Орталық Азиядан Қытайға тартылып жатқан газ құбыры құрлысының Қазақстандағы бөлігінде. 17 сәуір 2007 жыл.

Қазақстан Қашаған мұнай кенішін игеруге бөлінетін инвестиция көлемін қысқартпақшы. Қытайға тартылған газ құбырының Қазақстандағы құрылысы аяқталды. Бұдан бөлек, Астана «Набукко» жобасына қатысатыны туралы шешімін өзгертуі мүмкін. Бұл жайында халықаралық баспасөзде тағы да сөз болып жатыр.


ҚАЗАҚСТАН ҚАШАҒАН КЕНІШІНДЕ КЕН ӨНДІРУ ҮШІН ҚАЖЕТ ИНВЕСТИЦИЯ КӨЛЕМІН АЗАЙТУДАН ҮМІТТІ

«Рейтердің» хабарлауына қарағанда, Қашаған кенішінде атқарылар жұмысты іс жүзіне асыру үшін 136 миллиард доллар қажет болып отыр. Таяуда Қазақстан мұндай қаражат ауқымын 30 пайыз мөлшерге дейін азайтуға өзінің мүдделі екенін танытты. Бұл туралы мұнай өндіретін бас ұлттық компания «ҚазМұнайГаздың» президенті Қайыргелді Қабылдин шілденің 10-ы күні мәлімдеген.

Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің Қазақстанға қарайтын аумағында жатқан кенішті игеру 2012 жылы қолға алынбақ. «Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, «ҚазМұнайГаздың» президенті журналистерге берген сұхбатында Қазақстанның «жеткізіп берушілер, жұмыс тапсырысын орындаушылармен қаражат жұмсау мөлшерін азайту мақсатында келіссөздер жүргізіп, келісімге келуінің қажет» екендігін тілге тиек еткен.

Бұл жобаны іс жүзіне асыруға «Эни» (Италия), ағылшын – голландтық «Шелл», «Эксон Мобил» (АҚШ), «Тоталь» (Франция), КонокоФилипс (АҚШ), «Инпекс» (Жапония), «ҚазМұнайГаз» тәрізді ірі компаниялар бірлесіп күш салуда. Бір көңіл аударар жайт, өте бай мұнай қорына ие бұл кеніш өз жерінде жатса да, бұл жобадағы Қазақстанның үлесі татымсыз мөлшерде ғана екендігі боп отыр.

ҚАШАҒАНДА ЖҰМЫС ТОҚТАП ТҰРСА ДА, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӨЗГЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ГАЗ ЖОБАЛАРЫ ҚАРҚЫН АЛА ДАМЫП БАРАДЫ

Дәл осы «Рейтердің» айтуынша, ел іргесіндегі Қытай өзін Орталық Азиядан алынатын газбен қамтамасыз ету ісінде тағы бір ірі жетістікке қол жеткізе алған. Қытай экономикасының келер уақыттарда туындайтын энергия өнімдеріне деген сұранысын қанағаттандыру мақсатында салынып жатқан орталықазиялық газ тасымалдау құбырының өз аумағын басып өтер сегментінің құрылысын Қазақстан тарабы шілденің 10-ында аяқтады.

Аталған құбыр бұрынғы советтік Орталық Азия республикаларын Ресей жеріне енбей, тіке Қытаймен жалғайтын бірінші ірі газ таситын құбыр болып отыр. Ресейдің газ өндіруші монополист кәсіпорыны «Газпром» қазіргі күні Орталық Азияның газын тіке сатып алатын шетелдік жалғыз ең ірі компания болып есептеледі дейді «Рейтер».

«Газдың бастапқы көлемі 2009 жылдың қарашасында жөнелтіледі», - деп мәлімдейді Қазақстан мен Қытай аталған құбырды салу үшін біріккен негізде құрған «Азиялық газтасымалы құбыры» компаниясының басшысы Бейімбет Шаяхметов. – «2010 жылы Түркіменстаннан транзит арқылы шамамен 4,5-5,0 миллиард текше метр газ жөнелтеміз» деген оның сөзін келтіреді мұнан ары «Рейтер».

Қытайдың мемлекеттік «CNPC» мұнай мен газ өндіру компаниясының вице-президенті Ван Донгцзин өзінің «Рейтерге» берген сұхбатында өзі жұмыс істейтін компанияның құбырды Түркіменстандағы Әмударияның оң беткейінде жатқан стансалардан газбен толтырып отырмақ ниеті бар екенін айтқан: «Қазір тағы бір кеніш... Оңтүстік Йолотан игеріліп жатыр. Біз бұл аймақтан да газ жеткізіп отырамыз».

Британияның «Гэфни, Клайн және серіктестері» фирмасының өткен жылы жарияланған мәліметіне қарағанда, Оңтүстік Йолотан қойнауында 4-тен 14 триллион текше метрге дейін табиғи газ байлығы жатқан көрінеді. Бұл оны қоры бойынша әлемдегі ең ірі кеніштердің бірінші бестігіне мүше етеді деп хабарлайды «Рейтер».

«Платтс» сайты Қазақстан Түркіменстаннан Қытайға дейін апаратын ұзындығы 7000 км алып газ тасымалдау құбырының өз жерінен өтетін 1300 километрлік бөлігінің құрылысын салып бітті, деп хабарлайды. Аталған құбыр арқылы Түркіменстаннан Қытайдың батыс бөлігіне жылына 30 миллиард текше метр көлемінде газ тасылмақ. Бұл көрсеткіш алдағы жылдары 40 миллиард текше метр көлеміне жеткізілмек. Құбырдың қалған бөліктері келер уақыттарда салынып бітеді деп жобаланып отыр.

Маусым айының соңында, Түркіменстан мен Қытай 30 жыл мерзімге арналған келісім – шартқа қол қойды. Бұл келісім – шарт аясында Түркіменстан Қытайға жыл сайын 40 миллиард текше метр газ жеткізіп беріп отыруы тиіс. Сонымен қатар, Бейжің Түркіменстанға Оңтүстік Йолотан кенішін игеру үшін 4 миллиард доллар қаражат бермек.

Түркіменстан – Қытай газ тасымалдау құбырының Қазақстан жерінен өтер бөлігі Қазақстанның батыс бөліктерінде өндіріліп жатқан газды жеткізетін құбыр тарамдарымен қосылмақшы. Мұның үстіне, құбыр, Қазақстанның оңтүстігіндегі облыстар мен өнеркәсіп орталықтарын «көгілдір отынмен» қамтамасыз ететін болады, деп хабарлайды «Платтс».

БІРБЕТКЕЙ ТҮРКІМЕНСТАН

Аталған оқиғалар болып жатқан мезетте, халықаралық бұқаралық ақпарат құралдары Анкарада Еуропа одағының 4 мемлекеті мен Түркияның ұзындығы 3300 км «Набукко» газ тасымалы құбырының құрылысын салу жөніндегі келісімге қол қойғанын хабарлады.

«Би Би Си» таратқан ақпаратқа қарағанда, құрылысы біткеннен соң осынау құбыр арқылы Түркия жерін баса отырып, Еуропаға Каспий теңізі мен Орталық Азия аумағынан жылына 31 миллиард текше метр газ жеткізіліп отырмақшы. Бұл Еуропа одағына энергия өнімдерімен өзін қамтамасыз етуде Ресей алдындағы тәуелділігін едәуір жеңілдетуге негіз жасауы тиіс. Ресей бүгінгі күні Еуропаның газ отынына деген сұранысының 30 пайыздайын қамтамасыз етіп отыр, деп атап көрсетеді «Би Би Си».

«Набукко» құбырымен жөнелтілер газдың басты бөлігі Әзірбайжаннан жеткізілетін болады. Ал құбыр құрылысы шамамен 2014 жылы аяқталады деп жоспарланған, деп жазады «Би Би Си». Алыс мерзімді ауқымды алғанда, «Набукко» арқылы кейінірек Иран, Ирак, Қазақстан, Түркіменстан және Египет те өз жерінде өндірілетін «көгілдір отынды» жөнелтіп отыратын болады деп күтілуде.

Еуропа одағы елдері газбен өзін қамтамасыз етуде Ресей алдындағы тәуелділігінен құтылуға өте мүдделі боп отыр, деп атап көрсетеді «Би Би Си», әсіресе мұндай шараның қажеті өткен қыс маусымдарында Ресейден келетін газдың күрт азайтылуынан кейін қатты сезілген болатын. «Көгілдір отын» жеткізілуінің күтпеген жерден күрт үзілуінің себебі Ресей іс-әрекетінің салдарынан еді: Ресей Украинаға өзінің газына көбірек қаржы төлеуді талап етуі барысында осындай шара қолданған.

«Морнинг стар» басылымында жарияланған мақалада аталған жобаның Түркіменстан тарабынан да қолдау тауып отырғанын жазылыпты. Өткен жұма, шілденің 10 күні, Түркіменстан президенті Ғұрбанғұлы Бердімұхамедов өз елінің «Набукконы» газбен қамтамасыз етуге даяр екенін мәлімдеген.

Алдында, осы жылдың мамыр айында, Прага қаласында өткен халықаралық жиында Түркіменстан, Қазақстан және Өзбекстан аталған жобаға ресми қолдау көрсетуден бас тартқан болатын. Кей ақпарат агенттіктері Орталық Азия мемлекеттерінің бүйтуінің себебі Ресейдің қысымының нәтижесінде болғанын тілге тиек еткен еді.

Кезінде Ресей «Баку – Тбилиси – Жейхан» мұнай құбыры мен «Баку – Тблиси – Эрзурум» газ тасымалдау құбырының салынуына да мүлде қарсы болған еді. Бұл екі жоба да аса ірі халықаралық энергетикалық инфрақұрылым жобасы болып табылады әрі екеуінің де құрылысы бітіп, қазір толық қуатында жұмыс істеп жатыр. Енді батыс елдері Ресейдің бірде тіке, бірде жанама қарсылығына қарамастан «Набукко» жобасын іс жүзіне асыруға кірісті.

Түркіменстан аталған құбырды салу туралы бастама көтеріп отырған елдер тарабына, яғни АҚШ пен Еуропа одағы тарабына, «өтіп кетіп» отыр. Астананың да уақыт өте келе Түркіменстан ізімен «тартатынының» ықтималдығы үздіксіз артып келеді.

Бұдан Орталық Азия тарихының тағы бір беті жабылды деген қорытындыға келуге болатын тәрізді. Яғни, Ресейдің бұл аймақтағы дара үстемдік құрған күндері үсті-үстіне құрдымға кетіп, біржолата батып барады деп жазады басылым.
XS
SM
MD
LG