Accessibility links

Қазақ мұнайын әлем базарларына шығарудың қиындықтары


Атырау -Самара мұнай құбырында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, мамыр, 2007жыл.
Атырау -Самара мұнай құбырында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, мамыр, 2007жыл.

Қазіргі жұмыс істеп тұрған мұнай құбырлары Қашағаннан болашақта ағылатын мұнай легін қабылдай алмайды. Америка баспасөзінің жазуынша, Қазақстан қосымша экспорт бағыттарына мейлінше мұқтаж болып отыр.

Американың ықпалды Wall Street Journal басылымы Қазақстанға экспорттық бағыттардың мүмкіндігін кеңейту қажет деп жазады.

«Chevron компаниясының жоғары дәрежелі өкілі мәлімдегендей, келесі онжылдықта мұнай өндірудің ауқымды жоспарын жүзеге асыру үшін, Қазақстан, экспорттық қуаттарын жедел кеңейтуге мұқтаж», - деп атап өтілген мақалада.

Қазақстан 2020 жылы мұнай өндіруді екі есеге дейін ұлғайтып, шикізат өндірушілердің жетекші ондығына енуді жоспарлап отыр. Өндірілген мұнайдың басым бөлігі әлем базарына Ресей аумағы арқылы өтетіндіктен, экспорттық бағыттардың жетіспеушілігі елдің басты проблемасы болып қалуда.

«Егер Қазақстан 15 жыл бедерінде мұнай өндіруді күніне 1,5 миллион баррелге дейін ұлғайтатын болса, оған жаңа, мамандандырылған және сенімді экспорттық қуаттар қажет. Және бұл істі кейінге қалдыруға болмайды», - деді Лондонда өткен мұнай конференциясында Chevron корпорациясының іскерлік даму және тасымалдау жөніндегі вице-президенті Иэн МакДональд.

Осы қажеттілікті өтеу үшін үкіметтегілер жаңа амбициялық экспорттық бағыт – Қазақстан Каспий көлік жүйесі жобасымен айналысып жатыр. Бұл жүйе елдің батысын Каспий теңізіндегі портпен жалғап, осы жерден мұнай Әзірбайжанға, одан әрі Түркияға жіберіледі.

Алайда, жалпы құны, алдын ала есеп бойынша, 3 миллиард доллар болады деп жоспарланып отырған бұл жобаны жүзеге асыру мәселесі әзірге бастапқы сатыда тұр. Жоспар бойынша оның 2013 жылы іске қосылатындығына көпшілік күмәнді. Тіпті, солай болған күннің өзінде де, ол 2012 жылға жоспарланып отырған Каспий теңізінің қазақ секторындағы аса ірі Қашаған кенішінің іске қосылуынан кейін қалып қояды.

Соңғы 30 жылда ашылған кен орындарының арасындағы аса ірісі болып табылатын Қашаған мұнай кеніші, экспорттық құбыр желісімен қамтамасыз етілмеген мұндай ауқымдағы бірден бір үлкен жоба ретінде қалып отыр. Алдағы жылдарда бұдан басқа екі ірі кен орындары – Теңіз бен Қарашығанақта мұнай өндіру арта түспек.

Қазіргі уақытта Қазақстанда негізгі екі мұнай құбыры бар. Олар – Ресейдің оңтүстігі арқылы Новороссискіге дейін баратын Каспий құбыр консорциумы (КТК) және Ресей арқылы өтетін Атырау - Самара желісі. КТК-нің қуатын 2013 жылға қарай екі есеге арттыру, сонымен бірге, Атырау - Самара мұнай құбырының қуатын кеңейту жоспарлануда.

«Бірақ, бұның өзінде Қазақстан мұнай құбырларының қуаты күніне бір миллион баррелден сәл-ақ асып жығылады, - деп жазады Wall Street Journal. – Сол себепті, күніне 400 мың баррелдей мұнайды темір жолмен немесе танкерлермен тасымалдауға тура келеді. Бұл - қымбатқа түседі. Сондықтан, мұнай компаниялары бұл жолмен жүргісі келмейді».

Тақырыпты АҚШ мұнайының астанасында шығатын Houston Chronicle газеті жалғастырады. Бұл басылым да Chevron корпорациясының вице-президенті Иэн МакДональдтың сөздерінен үзінді келтіреді. Оның айтуынша, Қазақстанда көмірсутек шикізатын өндіруді одан ары ұлғайту мүмкіндігі КТК желісінің қуатын кеңейтуге байланысты.

МакДональдтың хабарлауынша, КТК қуатын 2013 жылы күніне 1,3 миллион баррелге жеткізу үшін серіктестер кемінде 1,6 миллиард доллар шамасында инвестиция құюға ниет білдіріп отыр. Әзірге, КТК-нің кеңеюі кешіккендіктен, Теңіз мұнайы темір жолмен және Каспий теңізі арқылы танкерлермен тасымалдануда. Бұның өзі шығынды көбейтіп отыр.

TengizChevroil Украинаның Қара теңіздегі Одесса және Феодосия порттарына темір жолмен күніне 210 мың баррель мұнай тасымалдайды. Тағы 100 мың баррелдей мұнай Каспий теңізімен Әзірбайжанға жеткізіліп, одан ары грузин порттары арқылы Қара теңізге немесе Баку-Тбилиси-Жейхан құбырымен Жерорта теңізіне шығады.

Алайда, Wood Mackenzie Consultants Ltd косалтинг компаниясының бағалауынша, 2020 жылдан 2025 жылға дейін, Қазақстанда күніне өндірілетін мұнай көлемі 3 миллион баррелге дейін жетуі мүмкін. Содан соң, 2030 жылға қарай, күндік өнім шамамен 2 миллион баррелге дейін азаймақ.

Осы бұлақтың мәліметтеріне сәйкес, Әзірбайжандағы мұнай өндірудің күндік мөлшері 2010-2012 жылдары ең үлкен деңгейге, күніне 1,2 миллион баррелге жетіп, 2030 жылға қарай күніне 300 мың баррелден төмен деңгейге дейін азаяды деп күтілуде.

МакДональдтың пікірінше, бұл Қазақстан көмірсутектері экспортын Баку-Тбилиси-Жейхан бағыты бойынша кеңейтуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта TengizChevroil бұл құбырмен тәулігіне 30-40 мың баррель мұнай айдайды.

МакДональдтың сөзіне сәйкес, егер жоспар бойынша мұнай өндіру күніне 3 миллион баррелге жетер болса, Қазақстан КТК-ні кеңейткен күннің өзінде, шикізатты әлемдік базарға шығару үшін, күніне бір миллион баррель тасымалдайтын қосымша бағытқа мұқтаж болады. Бұдан басқа да қиындықтар туындауы мүмкін.

Атап айтқанда, болашақтағы Құрық портынан экспорттау үшін ірі танкерлер жасау керек. Қазіргі уақытта бұл аймақта мұндай ірі кемелерді жасайтын бір де бір верфь жоқ. Ал, басқа теңіздермен байланысы жоқ Каспийге ондай үлкен кемелерді жеткізу мүмкін емес.

XS
SM
MD
LG