ҒИБАДАТ УАҚЫТЫН ДӘЛ ЕСЕПТЕЙДІ
Дүние жүзіндегі миллиондаған мұсылмандар Рамазан айында ораза ұстайды, деп жазады «Гардиан» газеті. 30 күн бойы ораза ұстауға оларға жаңа технология көмек беріп отыр.
iPhone смартфоны мен iPad планшеттік компьютеріне арналған цифрлік қосымшалар арқылы енді мұсылмандар рухани шабыт алып, ахлақтық тұрғыда қолдау тауып отыр. Осы арқылы Рамазан айындағы ораза үшін нақты қажет ақпаратты да ала алады. Мұсылмандар үшін ай - күн есебі ай күнтізбесі негізінде анықталатыны мәлім.
Бүгінгі күні iPhone мен iPad арқылы Рамазан айында әр күні оқылатын дұға яғни Алладан тілейтін тілек жайлы ақпар алып, олардың мазмұнын оқып, білуге болады. Оразаның әр күні оқылатын белгілі күнге ғана арналған дұға бар.
Ramadan Booster Pro қосымшасы рухани тазару мен ахлақтық оң жолға бастайтын игі кеңес беріп, әр түрлі шарапатты істерді атқаруға үндейді.
Nokia фирмасы Рамазан айына арналған, өзінің жаңартылған әрі тегін таратылатын қосымшаларды ойлап тапты. Мұны пайдаланушылар Құран аяттарын оқып әрі жаттай алады. Сонымен қатар, мұсылмандар оқылатын намаздың дәл уақыты мен өздері тұрған жерге ең таяу мешіттің қайда екенін де анықтай алады.
ҚҰБЫЛА БАҒЫТЫН АНЫҚ КӨРСЕТЕДІ
Германияның RTL2 телеарнасының өкілдері Рамазан айында мұсылмандарға ораза ұстауға көмек беруге бел буғанын жариялады. Бұл, әрине, Германия мұсылман мемлекеті болып саналмайтындықтан құлаққа ерсі естілуі ықтимал. Дегенмен, аталған телеарна бұдан былай күннің шығуы және бататын сәті жайлы ақпарат беретін хабарламаны көгілдір экран арқылы таратып отырмақшы. Осы шара арқылы телеарна ауыз бекіткен мұсылмандарға тамақты қай уақыт ішуге болмайтыны туралы құлақққағыс етіп отыратын болады.
Ұялы телефонға арналған бұл қосымшалар жаңадан енгізіліп, кең қолданыс тауып отырған бұрыннан бар қосымшалар негізінде жасалған. Оларға үлгі болған қосымшалар қатарына iPray мен iQuran тәрізді инновациялар енеді. Бұлар намазды оқитын уақыттың кіргенін дыбыс дабылын беріп, дер кезінде хабарлап отырады.
Сонымен қатар, осы құралдардың көмегімен құбыла бағытын дәл табуға болады.
Аталған бағдарламаның арнайы электрондық индикаторы бар. Сіз өзіңіз әлемнің қай түпкірінде жүрсеңіз де, оңтүстік – шығыстағы 58 градусты дәл тапқаныңызда сол индикатор түсі біртіндеп қызыл түстен жасыл реңке өзгере бастайды.
АҚШ тұрғыны Джеймс Отун өзінің iPhone пен iPad құрылғыларында қолданып жүрген қосымшалары оған ислам дінін бұрынғыдан да бекем ұстануға мүмкіндік беріп отырғанын тілге тиек етеді. Жасы отыз бесті еңсерген бұл азамат жаңа технологиялармен қатты әуестенеді екен.
Жаңа қосымшалар діндар жанға діннің көптеген саласында көмек бере алады. Бұның қатарына намазды оқитын уақыттың кіргенін дыбыс дабылын беру арқылы білдіретін хабарламадан бастап, таяу маңдағы қай мейрамханада ісләм талабына сай даярланған, халал астың бар екенін көрсетіп беретін қосымшаларға дейін енеді.
Джеймс Отунға мұның бәрі қатты көмектеседі екен. Себебі ол лимузиндерді жалға беретін компания иесі болып қызмет істейтіндіктен, үнемі қолы жұмыстан босамайды.
РАМАЗАН САУДАНЫҢ КӨЗІ МЕ?
Джеймс Отун енді өзіне, намазды қаза жіберу және тағы да осы тәрізді ислам талабына немқұрайды қарау боп саналатын істерді істегені үшін кешірім болуы мүмкін емес, дейді.
«Егер сіз намазды оқуды ұмытып кетсеңіз, онда оны кешіруге болады. Себебі сіз пенде ғанасыз, пенденің ұмытуы табиғи нәрсе, ол намаз орнын оны қаза намаз ретінде оқып кейін толтыра аласыз. Алайда, қазір мұсылман қолында телефон қосымшасы бар», - дейді ол.
«Ислам технологияға қарсы емес. Енді сіз дін істерін тезірек әрі жеңілірек атқара аласыз», деп түсіндіреді АҚШ - тың Нью-Джерси штатындағы Патерсон кентінде қоныс тепкен ислам әдебиеті мен сыйлықтарын сататын дүкен басшысы Зейіннұр Табақшы.
Ол бүгінде өзі тартатын таспиғы мен оқитын әр түрлі діни кітаптарының жанына ұялы телефонның алуандаған аксессуарын да жиып қояды.
«Исламның негізі мың төрт жүз жыл бұрын қаланды. Ол уақтағы мұсылман жамағатында (қазіргі адамзат қолындағыдай) осыншама көп технология болған емес. Дегенмен, олар барлығын білген», - дейді ол.
Әйтсе де, аталған телефон қосымшалардың сатылып, таратылуы Рамазанның сауда көзіне айналуы мүмкін деген алаңдаушылық тудырып отыр. Кезінде христиандар да Рождество мейрамы сауданы қыздыратын әрі табатын пайда көлемін өсіру үшін игі мүмкіндік ретінде қарастырылатын мерекеге айналды деп өз ренішін білдерген болатын.
Кей мұсылмандар киелі Рамазанды енді брэнд ретінде қолдануға тырысып жүргендер аз емес деп санайды.
Мысалы, маусым айында Пинанг штатының тұтынушылар қауымдастығы Малайзияның туризм министрінің мәлімдемесін айыптаған болатын. Аталған министр өз елінің «бірінші рет жаз маусымында өткелі отырған Рамазан фестивалін» өткізуді ұсынған болатын.
Оның айтуынша, фестиваль барысында «жәрмеңкелер мен адамның құмарын қандыратын шаралар ұйымдастырылып, тамақ өнімдері ағылып - төгіліп жатуы тиіс» болыпты. Сондағы оның көздегені Таяу Шығыстан келетін мұсылман туристерін елге көптеп тарту екен, деп атап көрсетеді газет.