АУЫЛ БАЛАСЫ МЕН АСФАЛЬТ
Әке-шешем астанаға алдыртып, төртінші сыныптан бастап Алматыда оқытқанымен буы аспанға бұрқыраған өмір жәрмеңкесіндегі қалада тіршілік кешіп жатқан балалармен тіл табысуым қиынға соқты. Өйткені олар бір-бірімен кездескенде шүйіркелесіп орысша сөйлесетін және көбінесе әке-шешесінің үйлеріне қандай дүние-мүлік сатып алғаны немесе шет елге барып келгені, т.с.с іш пыстыратын әңгімелерді айтып, мақтанатын.
Рухани әңгіме қаланың шүйкебастарын аса қызықтырмайтын. Ішіндегі желігі басылмаған бұзақылары қаланың көшесінде, әсіресе саябақта оңаша қыдырып жүрген ауылдың баласын көрсе, қорқытып, ақшасын тартып алып, киноға барып, сауық-сайран құрып, көңіл көтергенді де теріс көрмейтін.
Әрине, қаланың жүгірмектерінің арасында да спортпен шұғылданып атын шығарған, білімдарлығымен дүйім жұртқа танылған талай бала болды. Бірақ бәрібір әңгімеге тартып, олармен сырласқанымда рухтарының орыстанып кеткені байқалып, ұлттық сана-сезімінің төмендігі сезіліп тұратын. (Мүмкін, төртінші сыныпқа шейін қаймағы бұзылмаған Торғайдағы қазақ ауылында әжемнің қолында өскендіктен, мұның бәрі маған осылай көрінген де шығар).
РУХАНИ АЗЫҚ
Құмырсқаның илеуіндей қайнаған қалада қазақы рухта тәрбиеленген Асқар есімді жалғыз-ақ досым болды. Мектепті тәмамдап, университетке оқуға түскен жылы Мақсат, Мұхтар, Думан, Мұрат, Дидар, Мартбек секілді ауылдың жігіттерімен тез тіл табысып, достарым да көбейді. Бұлар ғана емес, жалпы сол жылдары Алматыға ауылдан келетін жастардың бәрінің де жандары таза, армандары биік, ұлттық сана-сезімдері де жоғары еді.
Абай, Махамбет, Сұлтанмахмұттарды былай қойғанда, сол уақыттары есімдері елге енді ғана таныла бастаған ақындардың өлеңдерін
Ауылдан келген жастардың көбісі қаланың рухын қазақыландыруға елеулі еңбек сіңірді.
Жасыратыны жоқ, ауылдан келген жастардың көбісі қаланың рухын қазақыландыруға елеулі еңбек сіңірді. Гуманитарлық жоғарғы оқу орындары түгіл, ауыл шаруашылығы, құрылыс-жобалау, т.с.с. институттарда оқитын ауылдың студенттеріне шейін есімі елге енді белгілі бола бастаған ақын-жазушылардың өзін жатақханаларына қонаққа шақырып жүздесіп, кездесу ұйымдастырып, шығармашылық кештерін өткізіп тұрды.
Сол жатақханалардың аядай ғана фойесінде өтетін әдеби кештерден алатын әсеріміз де көл-көсір еді-ау! Жүрекке жылу ұялататын, әсерлі кештердің арқасында оқырман мен жазушының арасында жіпсіз байланыс орнайтын.
Кеш аяқталған соң құдды жазуды соларға өзіміз үйреткендей, жатақхананың құйттай бөлмесіндегі Мартбектің немесе Мақсаттың керуетіне жатып алып есімдері елге танымал Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбай, Оралхан Бөкей, Асқар Сүлейменов, Тынымбай Нұрмағамбетов, Төлен Әбдіков секілді жазушылардың хикаяттары мен Қадыр Мырза Әли, Тұманбай Молдағалиев, Сағи Жиенбаев, Фариза Оңғарсынова сынды ақындардың өлеңдерін түні бойы талқылап, дуылдап таңды-таңға атыратынбыз. Олардың әр кітабының жарық көруін асыға күтетінбіз.
Қарап отырсам, сол уақыттары арман қуып астанаға ағылған ауыл балаларының рухының кемелденуіне, дүниетанымының кеңеюіне, бір сөзбен айтқанда азамат болып қалыптасуына осы оқыған кітаптар мен ұйымдастырған кештердің тигізген пайдасы ұшан-теңіз болыпты.
ҚАДІРІ КЕТКЕН ҚҰНДЫЛЫҚТАР
Содан бері жиырма жылдан астам уақыт зымырап өте шығыпты-ау! Қалай десек те жиырма жыл, шашасына шаң жұқпай өте шығатын жиырма секунд емес қой. Зымырап өте шыққан жиырма жылдың ішінде не өзгерді десек, өкінішке қарай, аузымызды қу шөппен сүртуге тура келетін сияқты.
Құндылықтар ауысып, қазақ қоғамы бар жетістігінен айырылып, рухани тоқыраудың батпағына кеңірдегіне шейін батып, тұншығып, жаны шығуға сәл қалған бейшараның кебін кигендей көрінеді маған. Қазір қала түгіл ауылдың баласы да әдеби кітапты оқымайды. Бұрын
Қазақ қоғамы тәуелсіздіктің арқасында әдеби кітап оқымаған, рухани жан-дүниесі жалаңаш, тұтас бір ұрпақты тәрбиелеп шығарды.
Осыдан бірнеше жыл бұрын бір баспагермен сөйлескенімде ол маған соңғы он жылдың ішінде ауыл кітапханаларына бірде-бір әдеби кітаптың түспегенін қынжыла айтқан еді. Яғни бұл қазақ қоғамы тәуелсіздіктің арқасында әдеби кітап оқымаған, рухани жан-дүниесі жалаңаш, тұтас бір ұрпақты тәрбиелеп шығарды деген сөз.
Мүмкін, бірнеше жыл бұрынғы ол жыртықтың орны жамалып, бүтінделген де шығар. Бірақ сол жылдары қолды байлаған жоқшылықтың. Жо, жоқ.. Бұлай ақталмай-ақ қояйық. Ақиқаты жауқазындай өсіп келе жатқан ұрпақтың рухани тағдырына салғырт қараған биліктің жауапсыздығы үшін кім жауап береді?
Айтуға жеңіл болғанымен, шын мәнісінде бұл қорқынышты, тіпті құбыжық көрініс. Кім біледі? Мүмкін он жыл бойы әдеби кітапты оқымай өткен ұрпақтың ішінде де рухани әлемінің жалаңаштығынан қылмысқа барып, түрмеге түсіп, тағдырдың тәлкегіне ұшыраған талай жастар болған шығар.
Француз жазушысы Бальзактың «ақындар ауылда туып, Парижде өледі» дегеніндей қазақ әдебиетінің негізгі қайнар көзі – ауыл. Ендеше ауыл құрыса, әдебиет те жойылып, бірте-бірте ұлттың күні де қараң болады.
Әсіресе бүгінгі тоз-тозы шыққан ауыл жастарының әдеби шығармаларды оқудан қалып, рухани тоқырауға ұшырағаны жаныңа қатты батады. Бұрын жұрттың бәрі де ауылдың жастарына сүйіспеншілікпен қараса, қазір керісінше жиіркенішпен, тіпті үреймен қарайтын болып барады.
Өйткені бүгінгі таңда құйқа тамырыңды шымырлатып, төбе шәшіңді тік тұрғызатын ауыр қылмыстардың көбісін ауыл жастары жасап жатыр. Қалаға келіп, жеңіл жүріске салынып, жезөкшелікпен айналысып жүрген де негізінен ауылдың қыздары. Неше түрлі пәле-сұмдықтардың ауылдан шығатынына таң қалуды қойғанымызға да қай заман.
ТОҚЫРАУ
Мұның бәрін тек тұрмыстың ауырлығымен ғана байланыстыратын болсақ қатты қателесеміз. Бұл кітап оқымағандықтан, дәлірек айтсақ материалдық құндылықтардан басқаның бәрін ұмытып, ұлы шығармалардағы сана-сезіміңді кемелдендіретін ізгілікті ойларды жастардың бойына сыналап сіңіре алмағандықтан тартып жатқан – қазақ халқының ұлттық қасіреті. Мұндай ұлттың келешегінің не болатынын ойласам, көңілім құлазиды. Қорқамын!
Әділіне жүгінсек, халықтың әдебиеттен қол үзіп қалуы – ұлттық трагедия. «Әдебиеті жоғалған халықтың ойы да дамымай қалады» дейді Батыстың ұлы ақыны Томас Элиот.
Әдебиет ұлы күш. Өркениетті қоғамға қол жеткізген кез-келген халықтың тарихына көз салыңыз. Ұлттық құндылықтарды жайындай жалмағысы келген рухани ашаршылықтан қай уақытта да халықты әдебиеті құтқарып қалған.
Өйткені әдебиет – рух тазалығының барометрі. Ардың сөзін сөйлеген ақын-жазушылардың бәрі де рух тазалығы үшін күресіп, ұлттық
Билікке иілгіш, екіжүзді, өтірік сөйлейтін алаяқ болсаң бүгінгі қоғам сені аспанға көтереді. Мұндай жаман кеселден әдебиет те ада емес. Ең қорқыныштысы әдебиеттегі шын мағынасындағы талантты қаламгерлердің өзі құлқынының қамы үшін жазушыға абырой әпермейтін лас әрекетке барудан арланбайтын болып алды.
Өкінішке қарай, қазір халық жан-дүниесі жалаңаштанған рухсыз қоғамда өмір сүріп жатыр. Мұндай жағдайда халықтың әдебиетке деген махаббатының суып немесе сөніп қалуы заңдылық та.
Орыс философы Чаадаев қамығып айтатын «бүгін қоғамда мидың шіруі» атты бір қызық процесс басталды. Ешкімге ештеңенің керегі жоқ бір заман орнады бүгін.
Билікке иілгіш, екіжүзді, өтірік сөйлейтін алаяқ болсаң бүгінгі қоғам сені аспанға көтереді. Мұндай жаман кеселден әдебиет те ада емес. Ең қорқыныштысы әдебиеттегі шын мағынасындағы талантты қаламгерлердің өзі құлқынының қамы үшін жазушыға абырой әпермейтін лас әрекетке барудан арланбайтын болып алды.
Ендеше әдебиеттің халықтық сипат ала алмағаны үшін ұлтқа өкпелеуге болмайды. Өтірік сөйлейтін, ар-ұятын саудаға салудан қысылмайтын, қысылтаяң уақытта халықты үнемі сатып кететін мінезсіз қаламгерлердің кесірінен қоғамда ақын-жазушы туралы жаман ұғым қалыптасты. Бұрын жұрт жазушы екенін айтып мақтанса, қазір жазушы екенімізді айтудан ұялатын жағдайға келдік. Ал сіз қалай ойлайсыз, оқырман?