Accessibility links

Тәжікстан билігі жастардың Иран мен Пәкістаннан діни білім алуына тыйым салды


Пәкістандағы медресе шәкірттері.
Пәкістандағы медресе шәкірттері.

Тәжікстан билігі Душанбеден Теһранға аттанғалы тұрған бір топ тәжік студент жастары мен ғалымдарды жібермей қойды. Олар Иранға қысқа мерзімді діни оқуға бармақшы еді. Мұндай оқиға осымен бірнеше рет қайталанып отыр.


МИНИСТРЛІКТЕН РҰҚСАТ АЛМАҒАНДАР

Ондаған тәжікстандықтың Иран мен Пәкістанға барып, діни білім алуына ресми билік жол бермеді. Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон елдегі ата-аналарға балаларын шетелдердегі медреселерге жібермеуге шақырды. «Әйтпесе олар террорист пен экстремистке айналып келеді» деп айтқан президент. Осыдан кейін билік өкілдері әлгіндей қадамға барып отыр.

Тәжікстандық ондаған студент, профессор және діндарлар Иранға түрлі діни бағдарлама бойынша білім алуға бармақшы болғанда ұшаққа
Душанбе әуежайында ұшаққа отырар алдында жолаушыларды тіркеу. 10 тамыз 2010 жыл.
жіберілмеді. Бұл туралы тәжік ресми өкілдері тек сәрсенбі күні ғана айтты. Теһранға ұшпақшы болған ол топ Душанбе әуежайындағы ұшақтан сенбі күні түсірілген, бірақ сәрсенбіге дейін билік ол туралы ешқандай пікір білдірмеген еді.

Білім министрлігінің ресми өкілдері Иранға бармақшы болғандардың сапар мақсаты жайлы толық ақпарат болмағандықтан, осындай қадамға барғандарын айтты.

Азаттықтың тәжік редакциясына берген сұқбатында министрліктің халықаралық байланыстар жөніндегі департамент басшысы Раджабали Сангов өздеріне барлығы 71 студент, профессор және басқа да тәжікстандық азаматтардың қысқа мерзімді білім бағдарламасымен Теһранға бара жатқаны жайлы Душанбедегі Иран елшілігінен түсініксіз хат келіп түскенін айтты.

Раджабали Санговтың сөзіне қарағанда, әлгі хат діни бағдарламамен Теһранға шығатындардың сапарына бір күн қалғанда келіп түскен. Ресми өкілдің айтуынша, ол адамдардың шетелге оқуға немесе жұмыс істеуге баруға қажетті жауапты орындардан арнайы рұқсаты болмағаны анықталған.

«Егер олар шынымен де білім бағдарламасымен бара жатқан болса, ондай жоспарлары жайында не себепті Білім министрлігін хабардар етпеді? Ең ақыры Тәжікстандағы білім мәселелері мен жобаларға министрлік жетекшілік етеді ғой. Оған қоса, студенттер мен мұғалімдердің көбі жаңа оқу жылы басталғанда кетіп бара жатыр. Олар министрлік басшылығына өздерінің біраз уақыт болмайтындықтары туралы хабарлауы тиіс еді», - дейді Раджабали Сангов.

Ол сондай-ақ, Иранда бір ай болуды көздеген әлгі адамдардың «ол жақта нақты қандай білім алатынын білмейтінін» айтып отыр.


ҮЙГЕ ҚАЙТАРУ

Тәжікстан билігінің өз студенттерін діни білім алу үшін шетелге жібермей қоюы бір бұл емес. Өткен айдың соңында министрлік Пәкістандағы медресеге 10 студентті оқуға жіберу туралы шешімін қайта өзгертіп, мұны «техникалық» себептермен және әлгі он шәкірттің
Гизар медресесіндегі дін сабағы. 26 ақпан 2007 жыл.
білім бағдарламасының мән-мағынасы «айқын еместігімен» байланыстырған.

Осы шаралардың алдында президент Эмомали Рахмон тәжікстандық ата-аналарды балаларын шетелдердегі медреселерден шығарып алуға шақырған. Жаңа оқу жылы басталар алдында елдің оңтүстігіндегі Хатлон провинциясына барған президент Рахмон шетелдік медреселердің түлектері «елдің қауіпсіздігіне қатер төндіреді» деп айтқан.

«Біз өзіміздің діни университеттерімізді аштық, өз молдаларымызды осында дайындай аламыз. Құрметті ата-аналар балаларын шетелге жібергендеріңіз болса, оларды қайтарып алыңыздар. Балаларыңызды елге қайтарыңыздар әйтпесе олардың көпшілігі 5-10 жылдың ішінде экстремист пен терроиске айналады. Олар онда тек діни білім алмайды. Олар елге оралып, ұлттың және үкімет үшін проблемалар тудырады», - деген Эмомали Рахмон.


ДІННІҢ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРУЫ


Мұсылмандары басым болып табылатын Тәжікстандағы халық діни еркіндікке Совет одағы құлағаннан кейін қол жеткізген. Елде онмыңдаған мешіттер ашылып, мыңдаған мұсылман жыл сайын қажыға баруға мүмкіндік алды. Сонымен қоса, үкімет мұсылман
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (ортада) жаңадан ашылған мешітте жергілікті моллалармен бірге отыр. Гизар, 4 қыркүйек 2009 жыл.
күнтізбесі бойынша мерекелерді мемлекеттік демалыс күндері етіп жариялады.

Бүгінгі таңда Тәжікстанда ресми тіркелген 20 шақты діни медреселер мен Ислам университеті бар. Одан бөлек тағы жүздеген студент Иран, Пәкістан, Мысыр және Сауд Арабия елдеріндегі діни оқу орындарында білім алып жатыр.

Алайда президент Эмомали Рахмонның зайырлы үкіметі соңғы жылдары ислам дінін шектеп жатыр деген сынға тап болды.

Елдегі қауіпсіздік күштері мен құқық органдары мешіттерге тексеру жүргізіп, рұқсат қағазы жоқ молдалардың жекеменшік үйлерде діни дәріс беруіне тыйым салды. Билік мұсылман киімі - хиджаб, орамал тағып мектеп, университеттерге баруға шек қойды.

Осы аптада үкіметке жақын діни кеңес имамдарды балалар мен студенттерді мешітке мінәжат етуге шақырмауға үндеді. Балалардың мектептегі оқу үлгеріміне кесір тигізбеу үшін оларды мешітке шақырмау керек деп отыр діни кеңес.


БИЛІКТІҢ ҚАУПІ


Билік өкілдерінің деректеріне қарағанда, қазірде үкіметаралық келісімдер және білім бағдарламасымен екі мыңдай тәжік жасы шет елдердегі медреселерде білім алып жүр. Бірақ аймақтағы ақпарат құралдарының есебі бойынша, шет елдегі жекеменшік діни мектептерде оқып жатқан тәжікстандық жастар саны бірнеше мыңға жетеді.

Пәкістанның өзінде төрт мыңдай тәжік діни білім алып жүр. Тәжікстанның Исламабадтағы елшілігі бірнеше рет өз азаматтары
Ораза айт намазына мешітке келген жамағат. Душанбе, 21 қыркүйек 2009 жыл.
экстремистердің астыртын діни мектептеріне барып жүргенін айтып, алаңдаушылықтарын танытқан.

Тәжікстан елдегі бірнеше діни ағымдар мен топтарға тыйым салған. Оның ішінде радикалды идеяларын алға тартатын салафиттер қозғалысы бар. Әйтсе де діни дәріс алған көптеген түлектер биліктің алаңдауына және қауіптенуіне еш негіз жоқ дейді.

Душанбе тұрғыны Саид Мухаммад Ғози 1990 жылдары өзі төрт бауырымен бірге Пәкістандағы медреседе дәріс алғанын, қазірде өз балалары мен бірнеше немере інілері сол діни мектепте оқып жатқанын айтты.

Дегенмен Тәжікстандағы жұрттың біразы үкіметтің алаңдаушылығымен келіседі. Солардың бірі діни сарапшы Абдулло Рахнамо шетелде білім алып келгендерден, әсіресе астыртын мектептерде оқығандардан елге шынымен қауіп-қатер төніп отырғанын айтады.
XS
SM
MD
LG