Accessibility links

БҰҰ-ның арнайы өкілі азаптауға қатысты түскен арыз-шағымдарды құпия түрде зерттеуге кеңес береді


Манфред Новак, БҰҰ-ның азаптаулар жөніндегі арнайы баяндамашысы. Астана, 13 мамыр 2009 ж.
Манфред Новак, БҰҰ-ның азаптаулар жөніндегі арнайы баяндамашысы. Астана, 13 мамыр 2009 ж.

БҰҰ-ның азаптаулар жөніндегі арнайы баяндамашысы Манфред Новак қамау орындарында отырған азаматтарға зорлық-зомбылық жасалатындығын атап көрсетіп, ресми билікке ұсыныстары мен ескертулерін айтты.

«ҚАМАУ ОРЫНДАРЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫ ЖАҚСАРҒАН»

Мамыр айының 5-13 аралығында Қазақстанға үкіметтің шақыруымен арнайы келіп, елдегі бірқатар түрмелер мен оқшаулау мекемелеріндегі жағдайды көзімен көріп, танысты. Сапарының соңғы күні Астанада баспасөз мәслихатын өткізген Манфред Новак, Қазақстанның ресми билігіне айтқан ұсыныстары жайлы журналистерге баяндап берді. Ол елдегі жағдай жөнінде БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі кеңесіне есеп беретінін хабарлады.

Азаттық радиосына мәлім болғанындай, БҰҰ-ның арнайы өкілі Манфред Новак Астана қаласындағы уақытша оқшаулау мекемесінде, ЕЦ 166/1 тергеу абақтысында, полиция учаскелерінде, Ақмола облысының Аршалы ауданындағы қатаң тәртіптегі колонияда, Алматы қаласындағы ЛА 155/1 және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтыларында, сонымен бірге Талғар, Ақтас, Қарағанды, Теміртау және Көксу қалаларындағы абақтыларда болып, ондағы жағдаймен танысқан.

Ал Қазақстанның өзге аймақтарына уақытының тапшы болуы себепті бара алмағанын жеткізді БҰҰ-ның арнайы өкілі.

Манфред Новак өз сөзінде, соңғы жылдары БҰҰ-ның бірқатар халықаралық конвенцияларына қосылғаннан кейін Қазақстанның абақтылардағы жағдайдың жақсарғанын атап өтті.

Мәселен, оның айтуынша, жазасын өтеушілердің, уақытша тергеуде отырғандардың бөлмелері, төсек-орындары санитариялық нормалар мен халықаралық талаптарға сәйкестендірілген.

БҰҰ-ның арнайы өкілі елде қамауда отырғандардың денсаулығын тексеру ісінде оң нышандардың байқалғанын айтып, мысал ретінде түрлі жұқпалы ауруларға қарсы міндетті егу шараларын атап айты.

«Бірақ медициналық құрал-жабдықтар ескірген. Заманауи талаптарға сай жабдықталмаған. Берілетін тамақтардың сапасы төмен деп те айтуға болмайды. Алайда, мен барған жерлерде тазалық пен тәртіптің барына көз жеткіздім», - деді Манфред Новак.

«АДАМДАРДЫ ҚҰМ ТОЛТЫРЫЛҒАН ПЛАСТИКАЛЫҚ БӨТЕЛКЕМЕН ҰРЫП-СОҒАДЫ, ЦЕЛЛОФАН ПАКЕТІМЕН ТҰНШЫҚТЫРАДЫ»

Алайда, Қазақстандағы адам құқығын қорғаушылармен, адвокаттармен, сондай-ақ, қамауда отырғандардың өздерімен жеке әңгімелескеннен кейін, Манфред Новак қамау орындарында отырғандардың құқықтары сайып келгенде қорғалмайды деген қорытындыға келіпті.

– Мен көптеген сенімді мәліметтер алдым.Солардың негізінде, айыпталған адамға барлық кінәні өз мойнына алдыру үшін ұрып-соғып, тепкілейтінін, құм толтырылған пластикалық бөтелкемен соғатынын, целлофан пакеттермен тұншықтыратынын естіп білдім. Бірқатар жағдайларда әлгіндей зорлық-зомбылықтың болғаны медициналық сараптама жүргізу барысында дәлелденді, – деді Манфред Новак.

Осындай жағдайларды есепке ала отырып, Манфред Новак Қазақстанның ресми билігіне өз ұсыныстары мен ескертулерін айтты.

– Қазақстан 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етер алдында біріншіден, азаптауға қарсы Конвенцияға сәйкес, өз заңнамаларына зорлық-зомбылық көрсеткен қызметкерлерге қарсы қылмыстық іс қозғалатындай өзгертулер енгізуі қажет. Екіншіден, адам төзгісіз зорлық жасалғандығы жөнінде өтініш түскен жағдайда мемлекет өз тарапынан құпия түрде зерттеу жүргізуі керек. Үшіншіден, арнайы оқшаулау мекемесін ішкі істер министрлігінен әділет министрлігінің қарамағына беру қажет. Сонымен бірге тәуелсіз медициналық сараптама жүргізуге, яғни полиция мен прокуратураның араласуынсыз өткізуге рұқсат беру қажет, – деді Манфред Новак.
XS
SM
MD
LG