Accessibility links

Аудан әкімшілігі, ауыл тұрғындары және кәсіпкер ақсақал


Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтарал ауданында «Игілік» деген ауыл бар. Бұрын Ынтымақ аталатын. Кеңес кезінде Коминтерн еді. «Ынтымақ» деген сөздің несі ұнамай қалғанын, кім білсін, ауыл адамдары оның атын Игілікке ауыстырыпты.

Ауыл ынтымағы сол атаумен бірге келмеске ұшып кеткен бе, әйтеуір бұл елдімекенде ауызбіршілік байқалмайды. Ауыл тұрғындарының өзі оны «біз, қырық рудан құралғанбыз ғой, қазақтың бірнеше атасынан бөлек арамызда славян, түрік тестес ұлттардың өкілдері де бар» деп түсіндіреді.

Ауылда 1997 жылы Өзбекстаннан көшіп келген Жақсыбай Әміреев деген ақсақал тұрады. Көшіп келген жылы талан-таражға ұшырап, мал қораға айнала бастаған аумағы 1 гектарлық жылыжайды сатып алады. Оның жылу жүйесін күрделі жөндеуден өткізеді. Осы кезде, 1999 жылы табиғи газ өшеді де жылыжай жұмысы тоқтайды.

Қазір оның 100 шаршы метрлік бір бөлігі ғана жұмыс істеп тұр. Ауылдың дәл екінші шетімен Мырзакентке қарай Бұқара-Алматы магистралды газ құбырының бір тармағы өтеді. 1967 жылы сол тармақтан әр ауылға жерасты құбырлары арқылы газ берілген екен. Бірақ, нарыққа кіріп, қаржы қыспағына ұшырап, газ болмай қалған өтпелі кезеңде әлгі тармақтағы жүйенің бәрі істен шыққан. Қазір Мырзакентке қарай жерүсті құбыры тартылып, екі жылдан бері қайтадан газ берілгенімен оны енді ауыл-ауылға кіргізу үшін де жер бетімен үйлердің арасына жаңадан газ құбырын жүргізу керек.

«Игіліктегі» қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының батыры, КСРО-ның еңбек сіңірген ұшқыш-сынақшысы Тоқтар Әубәкіров атындағы орта мектеп пен газ құбырының арасы 600 метр жер. Осыдан екі-үш жыл бұрын Қазақстан Парламенті мәжілісінің депутаты болып тұрған шағында ғарышкер «Игілікке» келген екен.

Сол кезде мектептің ата-аналар комитетінің төрағасы, Жақсыбай Әміреев оған мектепке 600 метрлік газ құбыры мен лингафондық кабинет жабдықтарын алуға жәрдем беруін өтініпті. Халық қаһарманы елдің өтінішін екі етпеген.

Құбырлар қазір мектеп ауласында жинаулы тұр. Бірақ, мектепте оны негізгі желіге апарып қостыратын қаражат жоқ. Ал, мектеп пен жылыжай арасы 400 метрдей. Мектепке дейін газ келсе, жылыжайға газды мен өзім бірнәрсе етіп апарар едім дейді Жақаң. Шымкенттің тура іргесіндегі, «Победа» колхозының аумағы дәл осындай жылыжайы тоқсаныншы жылдардың аяғында ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткені еске түскенде, мына өндіріс орнын аман ұстап отырудың өзі ерлік.

Ауылдық округтың әкімі Ханафия Сыздықов мырза «бұл ауылдарды газдандыруға қаражат бөлінбейді, өйткені жекеменшік жайларды мемлекет тарапынан қаржыландыру бюджет туралы заңға қайшы, газ әкелудің жалғыз жолы – көпшіліктің өзінің ауызбіршілік көрсетуі» дейді.

«Біздің ауыл округіне қарасты олар да «игіліктіктер» тәрізді осы газ желісінің бойында орналасқан «Ақ алтын», «Назарбек», «Өркениет», «Атамекен», «Учебный квартал» «Қалтай» ауылдарындағы ақсақалдар кеңесі, тіпті бір-екі әйел де белсенділік танытып, бұрынғы «ынтымақтықтарға» қалай ынтымақшыл болудың үлгісін көрсетіп, былтыр үйбасы 7,5 мың теңгеден шығарды да елдімекендерін газдандырып алды. Ал, бұл ауылдың шетінде оқшау орналасқан оншақты үй бар, былтыр соларға бар-жоғы 10 мың теңгеге үйлеріңнің іргесіндегі құбырдан газ кіргізіп алыңдар дедім, олар болса маған сен кіргізіп бер дейді, ақырында күні бүгінге дейін көмір жағып отыр. «Игіліктіктер» енді 40-50 мың теңгеден жинауға мәжбүр болады. Мен қазір газ желісінен жырақ орналасқан «Көкарал», «Мәдениет», «Береке» ауылдарына қалай газ апарамын деп басым қатып жүр» дейді әкім.

Ханафия біздің көзімізше жиналған ауыл үлкендеріне «мен сіздерге ақша табудың бір жолын айтайын - осы ауылдағы жерасты құбырларын кәсіпкерлерді тауып сатыңыздар, олар өздері-ақ қазып алып кетеді, құбырлар қазір ешкімнің балансында емес, жетпеген жеріне қосымша ақша шығарыңыздар, аржағына мен де қолымнан келгенінше жәрдем берейін, «Казтрансгаздың» облыстық филиалының бастығы П.Құнанбаевқа шығайын» деп жатты.

Ауылда Дәулет Жұрымбетов деген кәсіпкер бар екен. Өз қаржысына үйіне 1 шақырым жерден газ кіргізіп алыпты. Сол жерге 100 үйге арналған ШРП қойдырыпты. Ауылдастарына «осы ШРП-ны пайдаланып ары қарай енді өздеріңіз кіргізіп ала беріңіздер, менің шығынымның біразын көктемгі егіске дейін берсеңіздер болды» деп отыр. Бірақ, оған қимылдай қоятын көршілері көрінбейді.

Ауылдастарының осындай қылығына қарны ашатын Дәулет әлгі жиында «енді қолыма бір ақша түссе сіздің жылыжайға да өз күшіммен газ апарып беремін» деп көптің көзінше ағасына уәде берді. Бұл сөз негізі Әміреевке мемлекеттің айтар сөзі еді. «Міне, ақсақал, 15-20 жылға жеңілдетілген несие алыңыз» деуі тиіс еді. «Биліктегілер «ауылға көмек беріп жатырмыз!» деп сөйлегенді жақсы көреді.

Ал, осындай нақты іске келгенде олардан пайда жоқ. Жылу жүйесін қайта құрған кезде жылыжайдың өзін кепілге қойып алған несиемізден әлі құтыла алмай келеміз. Енді үйімізді қойып тағы да несие алып көреміз бе, қайдам. «Шәпкісі» бар, құжаттары бар, әлемдік дағдарыстың түрі мынау, қартайғанда басымыздағы баспанадан айрылып қаламыз ба деп те қорқамын» дейді қартайғанда кәсіпкерге айналған көкеміз. Қыста жұмыс істемейтіндіктен, жылыжайдан түскен ақша күнделікті нан-пұл мен несиені жабудан артылмайтын көрінеді.

Ғарышкердің сыйын пайдаланып, ең болмаса мектепке дейін газ әкеліп берер мемлекет тағы байқалмайды. Құбыр әкелінген екі жылдан бері оның құрылысы аудан бюджетіне кіргізілмеген. Алдағы жылдың бюджетіне кірер-кірмесі де белгісіз. «Мектеп директоры болса «Алматыдан құбырды әкелуіме 300 мың теңгем кетті, соны жиып беріңдер» деуден артылмай жүр» дейді ауыл тұрғындары. Облыстық мәслихат депутаты, жерлестері Айдархан Өтенов те газдандырудың жолын таба алмай отыр.
XS
SM
MD
LG