Ресей президенті Владимир Путин 24 ақпанда Украинаға басқыншылық жасағанда, Украина президенті Владимир Зеленский оған репарация [соғыс зиянын түгел немесе жартылай өтеу – ред.] және контрибуция [жеңілген мемлекет жеңген елге беретін төлем – ред.] деген сөздерді жаттап алуға кеңес берген еді.
Басқыншылық басталғалы тоғыз айдан асса да, Путиннің соғысты тоқтатуға ниеті жоқ сыңайлы. Енді әңгіме біртіндеп Украинаны соғыстан кейін қалпына келтіру ғана емес, оны кім және қалай қаржыландыратынына қарай ойысты. Владимир Зеленский Еуропадағы ең ірі экономикалық жоба деп атаған процесске жүздеген миллиард доллар қажет болмақ.
Украина үшін жауап анық: ол шығынды түптеп келгенде Ресей төлеуі керек дейді. "Ресейдің төлеуінен басқа балама жоқ" деді Украина үкіметінің репарация жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, заңгер Маркиян Ключковский. "Ресей келтірген зардабын өтеу міндеттемесін орындағысы келмесе, біз өркениетті әлеммен бірге Ресейді төлеуге мәжбүрлейтін жол табуымыз керек" деді Ключковский Азаттыққа.
Украинаның басқа да шенеуніктері секілді, Ключковский БҰҰ-ның 14 қарашада қабылдаған резолюцияға сілтейді. Орындалуға міндетті саналамайтын құжатта Ресейді соғыс репарациясын төлеуге үндеген. Өтемақы төлеу және дәлелдерді құжаттау реестрін жасаудың халықаралық механизмін жасау туралы резолюцияға елуден астам ел қол қойған. Қазақстан қалыс қалды.
"БҰҰ Бас ассамблеясы резолюциясы өте маңызды, себебі онда Ресейдің жауапқа тартылатыны айтылған және соның механизмі ұсынылған" деді Ключковский.
Бірақ Ресей бұл қарарды кері қақты. Ресейдің БҰҰ-дағы өкілі Василий Небензя резолюцияны қолдайтын елдер Бас ассамблеяны сот органы ретінде көрсетуге тырысып отырғанын, бірақ шын мәнінде олай емес екенін айтты.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде вето құқығы бар Ресей Украинаның бұл ұйымдағы әрекеттерін тыйып тастай алады. Бұл Киевке Ресейдің шетелде бұғатталған миллиардтаған ақшасын соғыстан кейін қалпына келтіру ісіне жұмсау үшін қол жеткізуге де кедергі келтіруі мүмкін.
МАРШАЛЛ ЖОСПАРЫ ҮЛГІСІМЕН
Мұның орнына Батыс елдерінің көбі Маршалл жоспары туралы айтып жатыр. Бұл – екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Батыс Еуропа мемлекеттеріне АҚШ-тың экономикалық көмек көрсету бағдарламасы. Ақшадан бөлек, Маршалл жоспарын қолдаушылар ондай шара Украинаның демократиялық дамуына да пайдасын тигізетінін, Еуропа одағына қосылуына көмектесе алатынын айтады.
Вашингтонда орналасқан Маршалл қоры АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Джордж Маршаллдың атымен аталады. Ол 1947 жылы соғыстан титықтап шыққан Батыс Еуропа елдеріне жәрдем беруге арналған осы жоспарды ұсынған. Батыс елдері Украинадағы жемқорлықты ескеріп, оны қалпына келтіруге қаржы салуға сақтықпен қарайды.
Дегенмен, Украина Еуропаға қосылғысы келсе, бұл тетік оны институттар мен соттарын қайта қарауға итермелейді деп жазылған баяндамада. Еуропа одағы мүше болғысы келетін елді қатаң құқықтық талаптар орындалған жағдайда ғана қабылдайды.
Мұндай пакет Украинаға қажет Батыс технологияларын беріп, оны алға жетелер еді деп түсіндірді Маршалл қоры баяндамасы авторларының бірі Джейкоб Киркегор.
"Қалпына келтірілетін ірі инфрақұрылым, әсіресе, энергия және көлік инфрақұрылымы Еуроодақ стандарттарын ескеріп және совет жүйесінен алшақтай отырып жасалады. Украина инфрақұрылымын жаңаша жаңғырту ақыр соңында оны Еуроодақ ішінде де бәсекеге қабілетті етеді" деді Киркегор Азаттыққа жазған хатында.
Бұл қаржы Батыстың Киевке қазір әскери көмек немесе үкіметті қолдау шаралары ретінде беріп жатқан қаржысының үстінен есептелер еді.
Украинаға айына кемінде үш млрд, ал 2023 жылы ай сайын 5 млрд доллар қажет болады деп мәлімдеді былтыр күзде Халықаралық валюта қорының басшысы. "Бұл оңай міндет емес" деді ұйым директоры Кристалина Георгиева 25 қазанда Украинаны қалпына келтіру мәселесі талқыланған жиында.
ШЫҒЫН
Ресей басқыншылығы кесірінен Украина орасан зор шығынға ұшырады және әлі де зардап шегіп жатыр.
Ресей 40 мыңнан астам әскери қылмыс жасады деп айыпталып отыр деп мәлімдеді 27 қазанда Украина ішкі істер министрлігі. Басқыншылық соғыс 14 млн адамды үйін тастап, босып кетуге мәжбүр етті дейді БҰҰ босқындар ісі жөніндегі жетекшісі Филиппо Гранди.
Украинаның жалпы ішкі өнімі биыл 32 пайыз азайды. Бұл 1930-жылдары АҚШ-тағы үлкен депрессия кезіндегі көрсеткіштен де көп.
Украинада негізінен азаматтық инфрақұрылым Ресей армиясының шабуылына ұшырады. Мариуполь секілді қалалар түгелдей қирап, үйіндіге айналды. 5 қыркүйекте Украина премьер-министрі Денис Шмыгаль Ресей басқыншылығы 326 млрд доллар шығын келтіргенін, елді дереу қалпына келтіруге 105 млрд доллар қажет екенін айтты.
Бұл цифр кейінірек тура сол айда айтылған болжамнан анағұрлым аз болды. Киев экономика мектебі зерттеушілері 127 млрд доллар шығын тіркелгенін мәлімдеді.
Бірақ бұл сандар 6 қыркүйекте Украина президенті Владимир Зеленский келтірген деректің жанында түк болмай қалды. Ол Украинаны қалпына келтіруге 1 трлн доллар қажет екенін айтып, мұны Еуропадағы ең ірі экономикалық жоба деп атады. "Зеленский келтірген сома тым көп, себебі ол инфрақұрылымдарды Еуроодақ стандарттарына сай етіп модернизациядан өткізуді де қамтыған" деді Киркегор.
Украина әділет министрінің орынбасары, еуропалық және америкалық серіктестермен, оның ішінде АҚШ қаржы министрі Элизабет Розенбергпен репарация туралы келіссөздерге қатысқан бұрынғы банкир Ирина Мудра 22 былтыр қарашада Киев "халықаралық шығындар реестрін" түзетінін, бұл Украинаның жалпы шығындарының ресми құжаты болатынын айтты.
Украина Нью-Йорктегі Колумбия университетінің құқық мектебімен бірге "халықаралық шағым және репарация" жобасын жасап жатыр. "Ғалымдар мен сарапшылар репарацияға байланысты халықаралық шағымдарды реттеудің құқықтық негізін жасап, ұсынады" деген болжам айтылып отыр.
РЕПАРАЦИЯ ТАРИХЫ
Шығынды өтеу міндеті ғасырлар бойы [соғыста] жеңілген тарапқа жүктеліп келді. Бірінші және екінші Пуни соғысынан кейін Рим Карфагенге әскери өтемақы төлетті.
Бірінші дүниежүзілік соғыстан соң Германия ірі репарация төлеуге мәжбүр болды. Оны 2010 жылы толық төлеп бітірді.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін де Германия репарациядан зардап шекті.
Бірақ кейінгі кездері әскери репарациялар "4-5 мемлекетаралық шиеленісте ғана байқалды" деді Эмори заң мектебінің профессоры, халықаралық және салыстырмалы құқық орталығының директоры Лори Бланк. Бұл шиеленістер арасында Ирактың Кувейтке басқыншылығы, 1998-2000 жылдары болған Эфиопия мен Эритрея соғысы, Уганданың Конго демократиялық республикасына қосылуы бар.
"Нәтижесінде, халықаралық қауымдастықтың мемлекетаралық репарация жады әлсіреп қалды" деп жазды Бланк мамырда шыққан Just Security форумындағы мақаласында.
РЕСЕЙДІ РЕПАРАЦИЯ ТӨЛЕУГЕ ҚАЛАЙ КӨНДІРУ КЕРЕК?
Бұл мақалада Бланк Ресейді Украинаға әскери репарация төлеуге көндірудің бірнеше амалын ұсынады. Оның ішінде Киев пен Мәскеудің бейбіт келісімге келу мүмкіндігі де аталған. Соғыстың жуырда аяқталар түрі көрінбейтіндіктен, бұл ақылға қонбайды деуге болады.
Басқа жолы – көпжақты комиссия немесе процесті бақылау механизмін құру деп жазды Бланк. Бұған мысал ретінде 1990 жылы Иранның Кувейтке басқыншылығы мен 1991 жылы Парсы шығанағындағы соғыстан соң құрылған БҰҰ-ның компенсациялық комиссиясын айтуға болады.
Басқалары секілді, Ключковский мұны Украинаға қатысты да қолдануға болатын нұсқа деп қарастырады. Бірақ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде вето қою құқы бар Ресейдің бұл идеяны қолдауы неғайбыл.
Ақпанда Ресей Украинаға басқыншылық соғыс ашқан соң АҚШ мақсатты топ жасақтап, ресейліктерге тиесілі 30 миллиард доллар активті бұғаттады. Оның ішінде ондаған миллион доллар тұратын яхталар да бар. Халықаралық мақсатты топ құрамына Австралия, Ұлыбритания, Канада, Франция, Германия, Италия, Жапония және Еуропа комиссиясы кіреді.
Санкцияларға тап болған жеке адамдарға тиесілі активтерден бөлек, АҚШ пен Еуроодақ елдері, басқа да батыс мемлекеттері Ресей орталық банкінің 300 млрд доллардан астам активін бұғаттаған.
Эстония, Латвия, Литва және Словакия секілді кей мемлекеттер Украинаға қосылып, осы активтерді репарация ретінде қолдануға шақырды. Маусымда "Үлкен жетілік" елдері бұл идеяны қарастырып көретінін айтты.
Дегенмен, активтерді бұғаттау мен тәркілеу әртүрлі проблемаға әкелетін екі бөлек нәрсе деді Батыс шенеуніктері. "Ресейдің Украинаға келтірген шығынын өтеудің заңды жолдарын қарастырамыз" деді Еуроодақ сыртқы саясат мекемесінің басшысы Жозеп Боррель былтыр желтоқсанның басында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы министрлерінің кездесуінде.
АҚШ қаржы министрі Джанет Йеллен АҚШ-тың қазіргі заңы Вашингтонға Ресей банктерінің активін тәркілеуге мүмкіндік бермейтінін айтты. АҚШ-тың халықаралық төтенше экономикалық құзырет туралы федералды заңы Вашингтонға активтерді белгілі бір жағдайларда ғана бұғаттауға мүмкіндік береді деді заңгер Энрю Бойл.
"АҚШ 1) Ресейдің келісімі болмаса (мысалы, бейбіт келіссөздер аясында) немесе 2) Конгресс заңды өзгертпесе, Ресей орталық банкінің бұғатталған активтерін беруі екіталай" дейді Бойл Азаттыққа жазған хатында.
Еуроодақ әділет комиссары Дидье Рейндерс қаржының бір бөлігін Украина алуы үшін Ресей орталық банкінің бұғатталған валюта қорын айырбас монетасы ретінде пайдалануды ұсынды. "Меніңше, Ресей ерікті түрде Украинаны қалпына келтіруге қатыспайынша, бұл 300 млрд еуроны кепіл ретінде ұстау керек" деді Рейндерс былтыр қазанның аяғында.
30 қарашада Еуроодақ Ресейдің бұғатталған қаржысын тәркілеу жолын ұсынды, бірақ оның әлі де құқықтық проблемалары бар дейді сарапшылар. "Ресей мен олигархтар Украинаға шығынды өтеп, елді қалпына келтіру шығынын көтеруі керек" деді Еуроодақ комиссиясы басшысы Урсула фон дер Ляйен. "Ресейді төлеуге мәжбүрлейтін құралдарымыз бар".
Украинаны қалпына келтіру үлкен міндет екені анық болса да, Ресейдің қалай төлейтіні әлі белгісіз.
25 қазанда Берлинде Украинаны қалпына келтіруге арналған конференцияда Халықаралық валюта қоры басшысы Кристалина Георгиева әскери іс-қимылдар тоқтаған соң, қалпына келтірудің "екінші кезеңінің" көрсеткіші тіпті таң қалдырарлық болатынын айтты.
"Шығын [Дүниежүзілік банк есебінше] шамамен 349 млрд доллар болады" деді ол. "Бұл расымен таң қалдырарлық сан. Бұл 2021 жылы Ресей басқыншылығына дейін Украинаның 200 млрд доллар болған жалпы ішкі өнімінен де көп".
Германия канцлері Олаф Шольц бұл ұсынысты "Жаңа Маршалл жоспары" деп атады. Сол жиналыста ол Украинаны қалпына келтіру бүгінгі ұрпақтың қазірден бастауы тиіс міндеті деді.
Маусымда Швейцарияның Лугано қаласында өткен халықаралық конференцияда Украина елді қалпына келтіру жоспарын ұсынды. Онда қалпына келтіру мерзімі де көрсетілген.
Маршалл қорының есебінде Украинаны қалпына келтіру платформасына Америка бастаған үлкен жетілік (G7) елдері қатысуы керек екені айтылған.
Украинаны қалпына келтіруді қаржыландыру ол елді қарызға батыра ма деген сұраққа баяндама авторы Киркегор бұған келісе қоймайтынын айтты.
"Украинаны қаржылай қолдаудың көп бөлігі грант немесе Еуроодақ жағдайындағыдай ешқашан төленбейтін ұзақ мерзімді несие ретінде түсіп жатыр. Сонымен қатар қазір Украинаның қарызын да несие берушілер ерікті түрде ұзартып жатыр" деді сарапшы. Ол Украина соғыстан кейін көп жыл бойы экономикалық өсімге арқа сүйей алады деді.
Ақыр соңында Ресей Украинаға әскери репарация төлеу үшін бұғатталған активтерінен айырылады дейді Киркегор. Ол Ресей өзі бастаған соғыстың кесірінен айтарлықтай кедейлене түседі дейді.
Ал Украина заңгері Ключковский әуелгі мақсат Ресейді төлеуге көндіру екенін айтады. "Халықаралық құқық жұмыс істейтініне көз жеткізетін амал табуымыз керек" деді ол. "Мемлекет халықаралық құқықты бұзып, жазасыз қалса, халықаралық құқық туралы не айтуға болады? Әділеттік орнайды деп сенеміз".
ПІКІРЛЕР