Accessibility links

Нұр-Сұлтан соты белсенді Жақыпованың бас бостандығын екі жылға шектеді


Белсенді Әлия Жақыпова бір адамдық пикетте тұр. Нұр-Сұлтан, 26 тамыз 2019 жыл.
Белсенді Әлия Жақыпова бір адамдық пикетте тұр. Нұр-Сұлтан, 26 тамыз 2019 жыл.

11 тамызда Нұр-Сұлтандағы Сарыарқа аудандық №2 соты "тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысты" деп айыпталған азаматтық белсенді Әлия Жақыпованың бас бостандығын екі жылға шектеу туралы үкім шығарды. Белсендінің өзі айыбын мойындаған жоқ.

Істі жүргізген судья Ибрагим Әлкеновтің мәлімдеуінше, сотқа берілген барлық құжаттарды, Әлия Жақыпованың әлеуметтік желідегі парашасына жасалған сараптаманы зерттеу нәтижесінде айыпкердің кінәсі толық дәлелденген.

– Бұрын сотты болмағаныңыз ескеріліп, аса ауыр емес жаза түрі тағайындалып отыр. Үш жылға дейін митингілер мен бейбіт жиындарға қатысуға, әлеуметік желіде пікір жазуға тыйым салынады. Бұған қоса зардап шегушілер қорына 27 780 теңге (65 доллар – Ред.) аудару мен жыл сайын 100 сағаттық мәжбүрлі еңбек ету міндеттеледі, – деді судья.

Азаматтық белсендіге тағылған айыпта оны Қазақстанда тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) мен "Көше партиясы" қозғалыстары туралы видеоларды, посттарды әлеуметтік желіде таратты, ҚДТ лидері оппозиционер Мұхтар Әблязовтың идеясын қолдап, соған ұқсап оң жұдырығын көтерді деп айыптаған.

Бірақ іс жүзінде ешқандай видео таратылмағанын айтқан адвокат Гүлшат Дүйсенова сотта прокурордың дәлел келтіруін сұрады.

– Әлия Жақыпова [ҚДТ материалдарын] ешқандай репост жасамаған. Олай болса бұл экстремистік баптың Жақыповаға қандай қатысы бар? Құрметті сот, сіз біздің бірде-бір өтінішімізді қарамадыңыз. Қандай үкім шығарсаңыз да, біздің келтірген дәлелдерімізге қандай да болсын пікір қалдыруды сұраймын. [ҚДТ мен "Көше партиясын" бейбіт ұйым деп атаған] Еуропарламент қарары ескерілуі тиіс деп санаймын, – деді адвокат сотта.

50 жастағы Әлия Жақыповаға қатысты қылмыстық іс былтыр 26 қазанда қозғалған. Сол күні оның үйіне тінту жүргізіліп, ұялы телефоны, картридер, компьютер, "КП" деген жазуы бар саптыаяқ пен Қазақстанның бірнеше туы тәркіленген. Нұр-Сұлтан полициясы белсендіге "экстремистік ұйымның жұмысына қатысты" деп айып тағып, ол 2020 жылдың 15 желтоқсанынан 2021 жылдың 28 наурызына дейін үйқамақта болған.

Жақыпова бұған дейін де азаматтық көзқарасы үшін бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылып, қамауға алынған.

Қазақстан соты "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) мен "Көше партиясы" қозғалыстарын 2018 және 2020 жылдары "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент екі ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Еуропарламент депутаттары Қазақстандағы адам құқығы жайлы биыл қабылдаған қарарында Нұр-Сұлтанды "экстремизмге қарсы заңдарды" қозғалыс жақтастарына қарсы қолданды деп айыптаған.

ҚДТ-ның негізін қалаушы – бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов 2020 жылы Франциядан саяси баспана алған.

Қазақстанда бұл екі ұйымға қатысты көп белсенді қылмыстық жауапқа тартылған. Олардың нақты саны белгісіз. Кейбір құқық қорғаушылар соңғы бірнеше жылда 300-ге тарта адамның сотталғанын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG