Accessibility links

Беларусь халқы Қытайдың жобасынан қауіптенеді


Александр Лукашенконың Қытаймен келісімі туралы карикатура. 19 шілде 2013 жыл.
Александр Лукашенконың Қытаймен келісімі туралы карикатура. 19 шілде 2013 жыл.

Қытай және Беларусь басшылығы Минскінің түбінен құны 5 миллиард доллар болатын индустриялық парк салуды жоспарлап отыр. Алайда көңілі алаң жергілікті халық бұл жобаға наразылық білдіріп жатыр.

Беларусь үкіметі екі жаққа да тиімді бұл жоба елді экономикалық дағдарыстан алып шығады деп сендіреді. Ал Қытай Минск қаласының түбіндегі орманды алқаптан алып индустриялық парк тұрғызуға әзірленіп жатыр. 5 миллиард долларлық бұл жоба жақында Қытайға барып қайтқан президент Александр Лукашенконың үміт артатын жобасы болып саналады. Мұндағы өнеркәсіп орталығы электрондық заттар, ұшақ жасау, фармацевтика және биотехнология салаларына маманданбақ.

«ҚЫТАЙДЫҢ ЕУРОПАДАҒЫ ПЛАЦДАРМЫ»

Құжаттарда «Еуразиядағы жаңа халықаралық қала» деп айдар тағылған бұл орында зерттеу орталықтары, конференц-залдар, демалыс орындары және 155 мың адам сыятын қонақ үйлер қоныс теппек.
Беларусь президенті Александр Лукашенко Қытай премьер-министрі Ли Кэцянмен кездесіп тұр. Бейжің, 17 шілде 2013 жыл
Беларусь президенті Александр Лукашенко Қытай премьер-министрі Ли Кэцянмен кездесіп тұр. Бейжің, 17 шілде 2013 жыл

Қытай және Беларусь басшылары болашақ жобаны теңдесі жоқ біріккен кәсіпорын деп бағалап, оны Қытайдың Еуропадағы алғашқы өнеркәсіп плацдармы деп атаса, Беларусь үшін бұл титықтаған экономикаға жан бітірер құрал болмақ. Құрылыс жұмыстары алдағы желтоқсанда басталуы керек.

Қытайдың Беларусьтегі елшісі Гун Цзяньвэй:

- Қытай-Беларусь индустриялық паркі Қытайдың әйгілі ертегілеріндегі Феникс құсының ұясы іспетті. Бұл дегенім – аталған жоба әлемдегі барлық компаниялардың басын қосып, тек Беларусь пен Қытайға емес, күн астындағы елдердің бәріне пайдасын келтіреді, - деді.

«ҚЫТАЙ ҚАЛАШЫҒЫ ЖӘНЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АПАТ»

Алайда, беларустықтардың «Феникс құсы» туралы көңілі алаң.

80 шаршы шақырым аумақты алатын алып кешен ел астанасының шығысында, халықаралық әуежайдың дәл іргесінде орын тебеді, мұның өзі жұрттың қаупін күшейтіп отыр.

Минск тұрғындарының көпшілігі бұл кешенге мың-мыңдап қытайлар ағылып келе ме деп қауіп етеді, сөйтіп қаланың дәл іргесінде «Қытай қалашығы» бой көтере ме деп қобалжиды.

Жобаның Беларусь жағына жетекшілік ететін елдің бұрынғы экономика министрі Кирилл Карачешу бұл қауіп негізсіз дейді.
Беларусьте цемент зауытын салып жатқан Қытай жұмысшылар.
Беларусьте цемент зауытын салып жатқан Қытай жұмысшылар.

- Бұл жобаның ешқандай этникалық астары жоқ. Кешенді тұрғызуға жергілікті жұмысшылар тартылады, одан кейін инвесторлардың жобалары қажет болады. Мұнда қытайлық акционерлер, қытайлық қорлар, бәлкім қытай инвестициясы да болатын шығар. Бірақ біз қытайларға арнап қала тұрғызып жатқан жоқпыз. Біз қытайлық компаниялармен бірлесіп өнеркәсіп инфрақұрылымын салмақшымыз, - деді экс-министр.

Алайда, халық бәрінен бұрын табиғатты ойлап қобалжиды.

Өнеркәсіп кешеніне бөлінген аймақта адам аяғы баспаған ну орман, жүздеген дача және Минск қаласын ауыз сумен қамтамасыз ететін су қоймасы бар. Жаз айларында су қоймасының көлемі екі есе ұлғаяды.

Жергілікті дача қауымдастығының мүшесі Оксана Зелянейскаяның айтуынша, өнеркәсіп кешені табиғатқа орны толмас зардап тигізеді.
Дача иелері мұнда өнеркәсіп паркінің салынғанын қаламайды. Бұл – Минскінің айналасындағы аман қалған соңғы таза аймақ.

- Дача иелері мұнда өнеркәсіп паркінің салынғанын қаламайды. Бұл – Минскінің айналасындағы аман қалған соңғы таза аймақ, [енді оны құртса] бұл қала экологиялық апатқа ұшырамақ. Бұл көзқарасты жұрттың көбі, соның ішінде жобаға қатысы бар үкімет өкілдері де қолдайды. Бірақ, әдеттегідей, олар өз көзқарасын жария түрде ашық айтуға жүрексінеді, - дейді ол.

Индустриялық паркке жол салу үшін ондаған ауылдар бұзылмақшы. Үйлері бұзылатын тұрғындардың айтуынша, алып құрылыс аймақтың ландшафтын бұзып, халықтың су қоймасына барар жолын жауып тастайды. Жобаның сызбасы былтыр жарияланғалы бері бағаның құлдырап кеткеніне қарамастан, жұрттың көбі үйлерін сатқалы отыр.

- Дачамыз орманда орналасқан. Бұл орман – біздің байлығымыз, оны қорғап қалуымыз керек. Биыл көктемде осында келгенімізде орманнан оталған ағаштарды көрдік. Бұл тек бастамасы ғана, жақында біздің барып демалатын жеріміз қалмайды. Жаздыгүні күніне мың адам демалуға келетін Петровский су қоймасы жоқ болады, - дейді Анжела есімді дача тұрғыны.

«ОҚШАУЛАНҒАН ЭКОНОМИКАҒА ЖАН БІТІРУ ӘРЕКЕТІ»

Карачешудің айтуынша, бұл жоба ресми түрде бектіліген және қазір электр сымдарын тарту үшін ағаштар оталып жатыр. Жобаның бірінші кезеңі 2020 жылы, ал екінші кезеңі 2030 жылы аяқталады деп жоспарланған.

Елді сабасына түсіру үшін Беларусь басшылығы тұрғындарға онлайн кеңес беру желісін ашты. Ал жергілікті тұрғындар жобаға қатысты ақпараттың аздығын айтады және үкіметті мәселені талқылауға байланысты кездесулерді әдейі жұмыс уақытына сағат түскі 3-ке қойды деп айыптайды.

Зелянейская бұл кездесудің өзін «мағынасыз жиын» деп атады.
Беларусь-Қытай индустриялық паркі салынатын Минск түбіндегі аймақ
Беларусь-Қытай индустриялық паркі салынатын Минск түбіндегі аймақ

- Әдемі суреттердің мән-мағынасын түсінуге қанша тырыссақ та ештеңе шықпады. Ешқандай түсіндірме мәтіндері де, кестелер де болған жоқ, онда қандай өнімдер өндіріледі, ауаға қандай қалдықтар тасталады, ол жағы беймәлім. Түкке тұрғысыз жиналыс, - деді ол.

Онлайн талқылаудың нәтижесіне қарамастан, Беларусь басшылығы индустриялық паркті салуға бел шеше кірісті. Елдің экономикасы күйреп жатқандықтан, президент Лукашенко бар үмітті Қытайға артып отырса керек.

Оның қатаң саясатының кесірінен ел экономикалық және саяси тұрғыдан оқшауланып барады, ал 2009 жылдан бері бұл елге 6 миллиард доллар жәрдем берген Халықаралық валюта қоры мен Ресей бұдан әрі көмектесе беруге құлықсыз.

«ҚЫТАЙДЫҢ ҒАЛАМДЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ СТРАТЕГИЯСЫ»

Қытай үшін де бұл бір өте тиімді жоба болғалы тұр. Индустриялық парк арқылы қытайлық өнім экспорттаушылар Еуропа Одағының дәл іргесінен бір-ақ шығуы мүмкін және білікті де, арзан жұмыс күшін пайдаланатын жол таппақ.
Беларусь халқы 100 пайыз сауатты, ал елдегі орташа айлық жалақы 600 АҚШ долларынан сәл төмен.
Индустриялық парк Қытайдың Ресей және Қазақстан нарығына да салық төлеместен еркін енуіне мүмкіндік береді.

Бұған қоса Беларусь болашақта бой көтерер өнеркәсіп паркінде салық жағынан көп жеңілдік жасамақ. Мәселен, электроника және биомедицина сияқты «алдыңғы қатарлы» салаларға инвестиция салған компаниялар 10 жылға табыс және мүлік салығынан босатылады.

Жобаны басқарушы компания акцияларының 60 пайызы Қытайдың үкімет бақылауындағы Ұлттық машина жасау корпорациясына тиесілі, ал 40 пайызы Беларусь үкіметінің үлесінде.
Беларусь-Қытай индустриялық паркінің салынуына наразы тұрғындар жиналыста сөйлеп жатыр. Смалявичи, 24 шілде 2013 жыл
Беларусь-Қытай индустриялық паркінің салынуына наразы тұрғындар жиналыста сөйлеп жатыр. Смалявичи, 24 шілде 2013 жыл

Вашингтонда орналасқан Brookings институтының Қытай жөніндегі экономист-сарапшысы Бэрри Босворттың айтуынша, бұл жоба Қытайдың ғаламдық экономикалық стратегиясымен қабысып жатыр.

- Қытай басқа елдерге экспорт кеңістігін ұлғайтуды көздейді. Қазіргі таңда Қытай басқа елдерде орналасқан компаниялардың брендтерін экспорттаумен айналысып келеді, ал мұндай жағдайда оның мүмкіндіктері шектеулі. Бұл – нарыққа араласу үшін Батыс компанияларын сатып алу шарасына балама болатын жоба. Ол екі жақ үшін де тартымды, - деді сарапшы.

Индустриялық парк Қытайдың Ресей және Қазақстан нарығына да салық төлеместен еркін енуіне мүмкіндік береді, себебі бұл үш ел ортақ Кеден Одағын құрған.

Осы апта Александр Лукашенко Қытайға ресми сапарынан орала салысымен Қытайдың Geely автомобиль компаниясы Беларусьта көлік зауытын салу туралы келісім-шартқа қол қойылғанын хабарлады.

Зауыт бұрынғы Совет Одағы елдерін, соның ішінде Ресейді Geely көліктерімен қамтамасыз етпек. Тез өсіп келе жатқан орта табының арқасында 2020 жылға қарай Ресей әлемдегі бесінші ірі автокөлік нарығына айналады деген болжам бар.

Клэр Бигг пен Инеса Студзинскаяның материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

Индустриялық парк салынатын Смалявичи ауылының тұрғындарымен өткен кездесу туралы видеоны көріңіздер.


Белорустардың наразылығы
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:28 0:00
XS
SM
MD
LG