Беларусьте соңғы алты апта бойы тұрғындар үкіметтің тұрақты жұмысы жоқ адамдарға салған салығына қарсылық шеруіне шығып жатыр. Қарапайым тілде "әлеуметтік арамтамақтарға" қарсы заң деп аталған 2015 жылғы декрет биыл күшіне енген. Оған қарсылық акцияларына шыққан халық ел президенті Александр Лукашенконың 23 жылдық билігіне де наразы екендерін білдірді.
Арасында кәрі-жасына, наразылыққа қатысушы белсенді я көшеде кетіп бара жатқан кездейсоқ жүргінші екеніне қарамай шетінен ұстап, қамаған милиция қызметкерлері мен жазаға тартқан соттарға қарап, постсоветтік елді билеп отырған Александр Лукашенконың қоғам наразылығын басып-жаншуда жаңа - бұрынғыдан да қатаң әрі жүйесіз жол таңдағанын дәлелдегендей болды.
"ОМОН (милицияның арнайы жасағы) сотта өтірік айтты" деді жұбайы 15 тәулікке қамалған Белавустың жары Екатерина Азаттықтың Беларусь қызметіне. Әйелдің өзін 10 минут ұстап қоя берген. Белавус сауда жасаймын деп барып, ОМОН жасағының қолына түскен жерге жақын Октябрьский алаңында бір апта ішінде шерулер барысында милиция 300-ге жуық адамды ұстаған.
Билікте отырған жиырма жылдан астам уақытта Лукашенко оппозициялық партиялар, тәуелсіз БАҚ пен азаматтық қоғамның наразылығын жүйелі түрде басып-жаншып келеді. Үкіметтің шешіміне қарсылық танытқандарға қарсы күш қолданылады, шерушілердің көбі бұндай жағдай сан рет қайталанды десе, билік оны мойындамайды.
"ӨЗІН ӨЗІ ЖАРАҚАТТАҒАН"
«Вясна» құқық қорғау орталығының заңгері Алексей Лойко миы шайқалып ауруханаға түскен. Заңгер Минскідегі кеңседе адамдарға құқық бұзушылықты бақылау туралы тренинг өткізіп жатқанда милиция қызметкерлерінің баса-көктеп кіріп келгенін айтады.
- Екі-үшеуі бірігіп мені жерге құлатты да, ұра бастады, - деді заңгер Азаттықтың "Осы шақ" бағдарламасына сұхбатында.
Оның сөзінше, милиция кеңседе дәріске қатысып отырған оншақты адамды ұстаған, олардың арасында халықаралық бақылаушылар, шетелдік БАҚ өкілдері мен адам құқығын қорғаушылар да болған.
Беларусь ішкі істер министрлігі қызметкерлері "Азат Еуропа радиосы / Азаттық радиосы" мен "Америка дауысы" ақпараттық интернет ресурсының бірлескен жобасы – орыс тілінде хабар тарататын "Осы шақ" телеарнасы бірнеше мәрте жолдаған сұрақтарға жауап бермеді.
Алесь Логвинец пен оның 22 жастағы ұлы Антон наурыздың 23-і күні Минскідегі пәтерлерінен шыққан кезде өздерін милиция ұстап, күштеп қамағанын айтады. Варшава университетінің студенті Антонды көп ұзамай босатқан, ал "милицияға қарсылық танытты және көпшілік алдында балағат сөз айтты" деген айыппен ұсталған оның әкесі өзін милицияның ұрып-соққанын айтады.
Мұрны сынып, басы жарылып, миы шайқалған Алесь Логвинец ауруханаға түскен. Сотта сөйлеген офицер Александр Ковальчук Логвинец милиция машинасының орындығына басын ұрып, "өзін өзі әдейі жарақаттады" деп куәлік берді.
- Бұлардан басқа не күтуге болады? Беларусь сотында куәлік еткен арнайы жасақ қызметкерлерінің өтірік сөйлеуі бір бұл емес... Ал оқиға олар айтқандай болған жоқ, - деді Антон сот туралы.
МИЛИЦИЯ КӨЛІГІНЕ "ДОПША ЛАҚТЫРЫП" КІРГІЗДІ
Бұған дейін наразылық шерулеріне қатысқаны үшін бірнеше рет қамалған белсенді Микола Дедок "Ерік күні" өткен акцияда ұсталғаннан кейін жоғалып кеткен. Әкесі Александр ұлын таппай, біршама уақыт іздегенін айтады.
- Оны уақытша ұстау орнынан алып кеткендерін естідім, бірақ қайда әкеткенін білмедім. Артынан ауруханадан хабарласып, бас сүйегі жараланған ұлымның хирургия бөлімінде екенін айтты, қасында милиция қызметкерлері жүр екен, - деді Александр Дедок.
Президент Лукашенко өз саясатына келіспейтіндерді қауіпсіздік және барлау құрылымдарының көмегімен қатаң бақылауда ұстап, тіпті болмашы қарсылық танытқаны үшін жазалау шараларын қолданады. Ол БАҚ-ты қатаң қадағалап, наразылықтың кез келген түріне тыйым салған. Әйткенмен кейбір саяси шолушылар Лукашенко экономикалық проблемаларға қатысты жұрттың көңілінде жүрген шерін шығарып алуы үшін бұл жолғы шерулерге әдейі рұқсат етті деген болжам айтады.
Шерулерге қатысқан қарттардың көбі экономикалық жағдай нашарлап, зейнетақыларының түкке жетпейтінін айтып, наразылық білдірген. Осы уақытқа дейін тұрғындардың көбі елде тұрақтылық болғаны маңызды деп санап, Лукашенконың билігіне төзімділік танытып, қарсы шықпаған еді. Бірақ Беларусь экономикасының қысқаруына әкелген құлдырау және жұмыссыздықтың өсуі наразылардың көшеге шығуына түрткі болды.
Беларусь Еркін театрының мүшесі Яна Русакевич шеруден суреттер түсіріп жүргенде милиция қызметкерлері өзін тоқтатып, ұрып-соққан соң миы шайқалып ауруханаға түскенін айтады.
Азаттықтың Украин қызметіне бірнеше материал жазған британдық штаттан тыс журналист Филип Варвик наурыздың 25-і күні Минскідегі Жеңіс алаңындағы жатақханасына келе жатқанда аяқ астынан пайда болған ОМОН жасағы ешқандай наразылық танытпай, жай жүрген адамдарды ұстап, көлікке күштеп тиеп жатқанын көрген. Ол өзін де әй-шайға қаратпай, көлікке "допша лақтырғанын" айтады.
Еуропа Одағы беларусь билігінің наразыларға қатысты іс-әрекетін айыптап, "жақында қамалған бейбіт азаматтардың барлығын" дереу босатуды талап етті.
(Алан Кросбидің мақаласы ағылшыннан аударылды.)