Еуропа Кеңесі парламенттік ассамблеясының (ПАСЕ) құқық қорғау саласы бойынша тағайындаған Вацлав Гавел атындағы сыйлығы биыл Қытай түрмесінде отырған ұйғыр белсендісі Илхам Тухти мен "Адам құқықтары үшін жастар бастамасы" (Youth Initiative for Human Rights) үкіметтік емес ұйымына берілді.
Қытай билігі 2014 жылы сепаратизм айыбы бойынша өмір бойына бас бостандығынан айырған ғалым әрі құқық қорғаушы Илхам Тухтиге бұл сыйлық Қытайдағы ұйғырлар құқығын қорғауға қосқан үлесі үшін тапсырылды. "Адам құқықтары үшін жастар бастамасы" құқық қорғау ұйымы Балқан жастарының басын қосып, әртүрлі ұлт пен діни сенім өкілдерін біріктіргені үшін марапатталды.
Биылғы сыйлыққа ұсынылған номинанттардың бірі - тәжік адвокаты Бузургмехр Ёровқа Вацлав Гавел атындағы диплом берілді. Тәжікстанда "террористік ұйым" ретінде танылып, сот шешімімен тыйым салынған оппозициялық "Тәжікстанның ислам жаңғыру партиясының" (ТИЖП) мүшелерін сотта қорғаған адвокат Бузургмехр Ёров 2015 жылғы қыркүйектің 28-інде қамауға алынған. Келесі жылы қазанда сот Ёровты "алаяқтық жасады", "жалған құжаттар әзірлеумен айналысты", "конституциялық құрылымды күшпен құлатпақ болды" және "әлеуметтік алауыздық туғызды" деген айыппен 23 жылға бас бостандығынан айырды. Кейін оның жазасына "билік өкілін қорлады" және "сотқа құрмет көрсетпеді" деген айыптармен тағы екі жыл қосты. Тағы біраз уақыт өткенде билік түрмедегі адвокатқа "Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонға тіл тигізді" деген айып бойынша жазасына тағы үш жыл қосты. Бәрін қосқанда Бузургмехр Ёровқа 28 жыл түрме жазасы кесілген.
Халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар мен Батыс елдері Бузургмехр Ёров кәсіби қызметіне бола сотталған деп тауып, Душанбеден оны түрмеден босатуды талап еткен. Тәжістан билігі Ёровтың "қылмыс жасағаны дәлелденді" деп мәлімдеген.
Қыркүйктің 30-ы күні Страсбургте өткен марапаттау рәсіміне Бузургмехр Ёровтың ағасы – адвокат Жәмшед Ёров қатыстып. Азаттықтың Тәжік қызметінің тілшісі Хиромон Бакозода одан сұқбат алды.
Азаттық: Бузургмехр Ёров Вацлав Гавел атындағы дипломға ие болды. Ініңіз лауреат болмағанына қапа болған жоқсыз ба?
Жамшед Ёров: Бузургмехр Ёровтың адам құқықтары саласындағы белгілі сыйлықтың қысқа тізіміне ілінуінің өзі зор ғанибет. Бұл әлемдік қауымдастыққа Бузургмехр ісі туралы көбірек айтуға мүмкіндік берді. Бізде "Бузургмехрді мерзімінен бұрын босатады" деген үміт, ал Тәжікстандағы азаматтық қоғам өкілдерінде "елдегі адам құқықтарының жағдайы жақсарады" деген сенім пайда болды.
Азаттық: Бузургмехр өзінің Гавел атындағы сыйлықтың қысқа тізіміне кіргенін білді ме?
Жамшед Ёров: Әрине, білді. Бузургмехр түрмеде үнемі Азаттық радиосын тыңдап, соңғы жаңалықтардан хабардар болып отырады. Ол Гавел атындағы сыйлықтың ұйымдастырушылары мен қатысушыларына біз арқылы сәлем айтты.
Азаттық: Бузургмехр Гавел атындағы сыйлықтың дипломаты атанғаннан кейін оның өмірінде қандай да бір өзгеріс болады деп ойлайсыз ба?
Жамшед Ёров: Үлкен үмітіміз жоқ. Тәжікстан билігі БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі кеңесінің ұсынысына құлақ асып, оны колониядан босатуы екіталай. Бірақ "Бузургмехрге түрмеде БҰҰ өкілдері және журналистермен кездесуге рұқсат береді, оның үстінен қозғалған қылмыстық іс әділ сот, БҰҰ кеңсесінің қызметкерлері және БАҚ өкілдерінің қатысуымен қайта қаралады" деп үміттенеміз.
Бузургмехрге түрмеде қысым көрсету тоқтады деп естідік. Ол колониядағы мешітке барып, ағаш цехында жұмыс істейді. Шағын кітапханасы бар. Бірақ өміріне әлі де қауіп төніп тұр. Бузургмехр – Тәжікстан ішкі істер министрлігінің бұрынғы қызметкері, біраз уақыт Душанбе қаласының Октябрьск (қазір Исмоили Сомони) аудандық ішкі істер бөлімінде тергеуші боп істеген. Әдетте бұрын құқық қорғау органдарында қызмет атқарған тұтқындарды "кектескендер қастық қылмасын" деп өзгелерден бөлек, жеке түрмеге отырғызады. Ал Бузургмехр қазір қатаң режимдегі колонияда басқа тұтқындармен бірге отыр. Бұл оның өмірі үшін қауіпті деп ойлаймыз.
Азаттық: Бузургмехр колониядағы жағдайына шағым айтқан жоқ па?
Жамшед Ёров: Шамамен бір жыл бұрын ол анасына түрмеде азаптауға ұшырағанын айтқан. Осыдан кейін одан басқа шағым түскен жоқ.
Азаттық: Бузургмехр Ёров ұзақ мерзімге сотталған. Мүмкін ол ұзақ күрестен қажып, үмітін үзген шығар?
Жамшед Ёров: Жоқ, үмітін үзген жоқ. Онымен кездесуге барып тұратын анасының айтуынша, Бузургмехрдің сағы сынбаған – ол рухы мықты адам. Білуімізше, оған бірнеше рет "өткен ісіне өкінетіні" туралы ашық мәлімдеме жасауды ұсынған. Тіпті президент Эмомали Рахмоннан кешірім сұрау мәтінін де дайындап әкелген. Бірақ ол президенттен рақымшылық сұрау туралы хатқа қол қоюдан бас тартқан. Бузургмехр кінәсіз екенін айтып, өзін босатуды талап етіп отыр.
Азаттық: Бірнеше ай бұрын болған оқиғаға оралсақ. Маусым айында БҰҰ-ның негізсіз ұстаулар жөніндегі жұмыс тобы адвокат Бузургмехр Ёровтың тұтқындалуы - халықаралық құқықты бұзу деп танып, Тәжікстан билігін оны босатуға шақырды. Осыдан кейін ондаған адам Душанбедегі Еуропа кеңесі мен БҰҰ өкілдігі ғимаратының алдына жиналып, адвокатты колониядан шығармауды талап етті. Олардың көбі өздерін "Ёровтың қызметінен зардап шегіп, өтемақы талап етіп жүрген жәбірленушіміз" деп атады.
Жамшед Ёров: Айыптау қорытындысында Бузургмехр өз клиенттерін қылмыстық жауапкершіліктен босатуға уәде беріп, олардан бірнеше мың доллар алғаны жазылған. Тергеушілер "адвокат уәдесін орындамай, клиенттерін алдап кеткен" деді. Шын мәнінде ол өзіне қарсы арыз жазған 18 адамның үшеуінен ғана ақша алған. Сот процесі кезінде Бузургмехр оларға: "Иә, сіздердің ақшаларыңыз менде, бірақ қазір тұтқында отырғандықтан сотта сіздердің құқықтарыңызды қорғай алмаймын" деді. Бузургмехрдің сөзінше, ол басқа арыз жазған адамдарды бұрын көрмеген…
Азаттық: Бұл қандай ақша – адвокатқа еңбегі үшін төленген ақы ма, әлде пара ма?
Жамшед Ёров: Әрине, еңбегі үшін берілген ақы. Заң адвокаттың еңбегі үшін алатын ақшасына шектеу қоймайды. Адвокат пен клиент арасындағы қарым-қатынасты Азаматтық кодекс реттейді. Бузургмехр тұтқындалғаннан кейін бірнеше клиент оның үстінен адвокаттар алқасына, кейін сотқа шағым түсірген. Билік Бузургмехр клиенттерінің наразылығын оған қарсы жақсы пайдаланды.
Азаттық: Бузургмехрге байланысты жағдайдан кейін сіз және екі әпкеңіз Тәжікстаннан кетуге мәжбүр болдыңыздар. Сізді босқындарға құқықтық көмек көрсететін қоғамдық ұйым ашты деп естідік?
Жамшед Ёров: Иә, біз ашқан халықаралық Human Rights Vision Foundation ұйымы Нидерланд елінде тіркелген. Тәжікстан азаматтары мен Ресейде жүрген тәжік мигранттарына құқықтық көмек көрсетеміз. Бұдан бөлек, Тәжікстандағы адам құқықтарын бақылаумен айналысамыз.
(Азаттықтың Тәжік қызметі - Озоди радиосының материалынан аударылды.)
ПІКІРЛЕР