Accessibility links

Қырғыз премьерінің сөзі хиджаб жайлы дауды қыздырды


Бішкек көшесіндегі әйелдер. Қырғызстан, 5 қараша 2013 жыл.
Бішкек көшесіндегі әйелдер. Қырғызстан, 5 қараша 2013 жыл.

Үкімет басшысы Темір Сариевтің хиджаб және өзге де мұсылман киімдеріне қатысты мәлімдемесі қырғыз қоғамында қызу пікірталасқа ұласты.

Өткен аптада үкімет басшысы «исламды желеу еткен кейбір азаматтар қырғыз халқының болмысына жат салт-дәстүр мен киім үлгілерін таңуға тырысып отыр» деп мәлімдеді. Премьердің бұл мәлімдемесіне діни қоғам өкілдері жаппай үн қатты.

Парламент депутаты Тұрсынбай Бакируулу, «Дил мурогу» орталығы басшысы Өзбек қажы Чотонов және «Ақыл, ес, рух, иман» қоғамдық бірлестігі төрағасы Дуйшон қажы Әбділдаев қырғыз әйелдерінің бас киімі – элечектің хиджабқа ұқсастығы көп екенін айтты. Оның үстіне, олар демократиялық елде әлдебір киім үлгісін киюге тыйым салу – адам құқығын бұзу болып саналады деп мәлімдеді.

Парламент депутаты Тұрсынбай Бакируулу премьер Темір Сариевті «мемлекеттің идеологиялық саясатына араласып отыр» деп айыптады.

Хиджаб тартқан әйелдер. Бішкек, 5 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Хиджаб тартқан әйелдер. Бішкек, 5 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

– Меніңше, Темір Сариев ескі заманда өмір сүріп отырған сияқты. Ол – комсомол жетекшілерінің бірі болған адам. Ол кезде жігіттер шолақ шалбар, қыздар балтыры мен көкірегін жалаңаштайтын киім киетін. Салыстырар болсақ, мұсылман киімі мен қырғыздың ұлттық киімі арасында дәстүрлі оюлардан өзге көп айырма жоқ екенін байқауға болады. Әйелдің беті мен қолы ғана ашық қалады. Мүмкін, үкімет басшысы хиджаб пен пәренжіні шатастырып алған болар, өйткені қырғыз әйелдері ешқашан пәренжі кимеген әрі бет-жүзін бүркемеген, - деді депутат.

Мемлекеттегі жоғарғы басшылық өкілдерінің діни тақырыпқа қатысты мәлімдемелері әдетте қызу пікірталасқа ұласып жатады.

Өткен аптада ішкі істер министрлігі алқасы отырысында премьер-министр Темір Сариев «елде діни радикализм әрекеттері күшейіп, азаматтарға жат жұрттың салт-дәстүрі, мәдени ерекшеліктерін таңуға тырысушылық байқалып отыр» деп мәлімдеген. Ол қырғыз әйелдері ешқашан хиджаб пен пәренжі кимегенін айтқан еді.

Қырғызстан премьер-министрі Темір Сариев.
Қырғызстан премьер-министрі Темір Сариев.

– Елде діни радикализм күшейіп келеді. Ислам дінін жамылып, болмысымызға жат салт-дәстүрлерді, мәдениетті таңуға тырысатындар бар. Халқымыздың өз салт-дәстүрлері бар. Ал хиджаб, пәренжі – біздің дәстүрімізге жат. Мұны ашық айтып, салт-дәстүрлерімізді өзгертуге тырысқан әрекеттерге тойтарыс беруге тиіспіз, - деген премьер.

Оның бұл мәлімдемесі әлеуметтік желілерде де қызу талқыға ұласты. Желі қолданушыларының пікірі екіге жарылды. Олардың бір бөлігі премьердің сөзін қолдаса, екіншілері қарсы пікір білдірген.

Шілденің 28-і күні Қырғызстандағы діни ахуал мен қауіпсіздікке арналған отырыста үкімет басшысы Темір Сариев дәстүрлі ислам нормаларын ұстану қажеттігін мәлімдеген.

Бірақ, «Дил мурогу» орталығы басшысы Өзбек қажы Чотонов елде медресе, мешіттер мен хиджаб киетін әйелдер санының көбеюін қоғамда радикалдық көңіл-күй күшейіп бара жатқанға балауға болмайтынын айтады.

– Жұрт өз талғамына қарай киінеді. Адам әлдебір киім арқылы жұрттан ерекшеленгісі, бай-бақуаттығын көрсеткісі келеді деп ойламаймын. Олардың киімі жарасымды, тартымды. Қыз-келіншектерімізге ислам киімі жарасады, мұны мақтаныш тұтуға болады. Хиджабтың әйелдерге кесірі тимейді, ел экономикасына ешбір зияны жоқ, - дейді ол.

Мұсылман киімдерінің сән үлгісі. Бішкек, 23 желтоқсан 2014 жыл.
Мұсылман киімдерінің сән үлгісі. Бішкек, 23 желтоқсан 2014 жыл.

Бұдан ертеректе Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев «діни радикализм қатері күшейіп келеді және Қырғызстанда дәстүрлі ислам қағидаларын ұстану қажет» деп бірнеше мәрте мәлімдеген.

Қорғаныс кеңесінің діни ахуалды талқылауға арналған отырысында Алмазбек Атамбаев діни сенім мәселелері киіммен өлшенбейтінін ескерткен. Ол елдегі мектептерде мұсылман емес, қырғыздың ұлттық киімін киюді жақтайтынын айтқан.

– Халық арасында исламданудың күшеюі қырғыздарды мәңгүрт жасауға өзіміздің ұлттық ерекшелігімізден айыруға тырысудың тағы бір көрінісі. Егер қырғыздар исламның радикалдық қағидаларын ұстанып немесе жат жұрттың салт-дәстүрін, тілі мен мәдениетін қабылдаса, өзіміздің түп-тамырымыздан айырыламыз, халқымызды жоғалтып аламыз, - деген президент.

Жергілікті сарапшылар мен түрлі деректерге сүйенген кейбір тарихшы ғалымдардың айтуынша, көрші Өзбекстан мен Тәжікстанмен салыстырғанда, Қырғызстанда қыздар хиджаб кимеген, орамал тартқан.

Мұсылман киімдерінің сән үлгісі көрсетілімінде сахнаға шыққан қыздар. Бішкек, 23 желтоқсан 2014 жыл.
Мұсылман киімдерінің сән үлгісі көрсетілімінде сахнаға шыққан қыздар. Бішкек, 23 желтоқсан 2014 жыл.

И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университеті ректоры Толобок Әбдірахмановтың пікірінше, уақыты келгенде мұсылман киіміне деген қызығушылық басылады. Ол бұл мәселені жасанды түрде қоздырудың қажеті жоқ деп санайды.

– Шындығында, қырғыздың қыз-келіншектері ешқашан хиджаб кимеген. Мұны қырғыз халқының тарихынан хабардар барлық ғалымдар растайды. Ирандар мен арабтар киім үлгісін өз менталитетіне, жергілікті ерекшеліктер мен климатына сәйкес таңдаған. Қырғызстанда хиджаб кию кейде жаңа сән ағымы ретінде қабылданады. Жас келіншектер хиджабты көбінесе діни астарына мән берместен киеді. Бұл мәселеде абай болғанымыз жөн. Хиджабқа қатысты мәселені сыпайы түрде түсіндіру қажет, өзі де біртіндеп сән болудан қалады. Жағдайды ушықтырмау керек, кезі келгенде сәннен өзі-ақ қалады, - дейді ол.

Ал Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасы басшысы Мақсатбек қажы Токтомушев халыққа үндеуінде діни сенім еркіндігі жайлы пікір білдіріп, діни құндылықтар мен халықтың дәстүрлі ерекшеліктерін сақтау қажеттігіне тоқталды. Сондай-ақ мүфти өз жолдауында мемлекеттің дамуы үшін халықты ұлттық бірлікті нығайтуға, тұрақтылықты сақтауға шақырған.

Қанымгүл Елкееваның мақаласын орысшадан аударған - Айжан Оралғазина.

XS
SM
MD
LG