Қазақстан мен Қырғызстанда 10 қаңтарда өткен сайлауда екі ел азаматтарының шынайы таңдау жасауына мүмкіндік қалмайды деген болжамдар сайлауға дейін-ақ айтылған. Сайлаудың алдын ала қорытындысы болжағаннан да нашар шықты.
Қазақстанда екі жылдай уақыт бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев президент қызметіне келгелі бері елде алғашқы парламент сайлауы өтті.
Сайлауалды үгіт науқаны елеусіз өтсе де, Орталық сайлау комиссиясы бұл жолғы саяси шарада сайлаушылардың 63 пайыздан астамы дауыс бергенін айтады.
ОППОЗИЦИЯСЫЗ ӨТКЕН САЯСИ НАУҚАН
Тоқаев бұған дейін нағыз оппозициялық партиялардың саясатқа араласуына мүмкіндік жасалады деп уәде берген. Бірақ бірнеше оппозициялық ұйым сайлауға қатысуға талпынғанымен, бір де біреуі тіркеле алмады, олар бұл жолғы сайлауға қатыстырылмады.
Сөйтіп, бұл сайлауға билікшіл бес партия ғана түсті.
Тоқаев бұған қоса бейбіт жиын өткізуге қойылған шектеулерді азайтуға уәде еткенімен, сайлауалды науқан кезінде я дауыс беру күні мұның бір де бір нышаны байқалмады.
Қазақстан азаматтары мәжіліс пен мәслихаттар сайлауына дауыс берген күні Алматыда "Oyan, Qazaqstan" қозғалысының және тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық партиясы" белсенділерін полиция жасағы қоршап алып, сегіз сағаттан астам суықта көшеде ұстап тұрды.
Полиция қоршауға алған белсенділердің ешқайсысын шығармай қойды, оларға сырттан ешкімнің ыстық шай, тамақ беруіне рұқсат етпеді. Кейбір белсенді қоршау ішінде әжетін өтеуге мәжбүр болды.
Жағдайы нашарлаған екі адамды жедел жәрдем алып кетті, оның біреуін үсік шалған.
Сайлау қарсаңында және дауыс беру күні билік ондаған белсендіні ұстады, қамауға алды немесе айыппұл салды.
Бір ғана Алматыда 100-ден астам азаматтың ұсталғаны хабарланды. Кей адамдар дауыс беру үшін сайлау учаскесіне бара жатқан жолда өздерін полиция ұстап, дауыс беру құқығынан айырғанын айтады.
2019 жылғы маусымдағы кезектен тыс президент сайлауынан кейін Қазақстанда сайлауға тәуелсіз бақылау жасаушылар саны көбейген. Бірақ 10 қаңтардағы сайлауда билік тәуелсіз бақылаушылардың көбіне кедергі келтіріп, құқығын шектеді.
Бақылаушылардың кейбірін сайлау учаскелерінен шығарып жіберді. Кейбірі өздерін коронавирус жұқтырмағанын растайтын құжат өткізбеді деген желеумен сайлауды бақылауға қатыстырмай қойғанын айтады.
Белсенді Роза Мұсаева сайлауды бақылаушы куәлігін алғанын, алайда учаскелік сайлау комиссиясының басшысы оған аккредитациясы қайтарып алынғанын хабарлағанын Twitter-де жазды.
НӘТИЖЕСІ КҮМӘН ТУДЫРМАҒАН САЙЛАУЛАР
Бірақ сайлаудың алдын ала қорытындысы Қазақстанда бұл жолғы парламент сайлауының бұрынғы сайлаулардан еш айырма болмайды дегендердің сөзін дәлелдей түскендей.
Ресми мәлімет бойынша, осы жолы да мәжіліске 2012 және 2016 жылдары болған екі сайлауда парламенттен орын алған сол баяғы билікшіл үш партия тағы өтті. Басқа екі партияға парламенттен тағы да орын тимеді.
2012 жылы мемлекеттік бюджеттен мәжіліс пен мәслихаттар сайлауына 5,2 млрд теңге (немесе 34,5 млн доллар, 2012 жылы доллардың орташа бағамы 150 теңге болған) бөлінген.
Ол жолы сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың "Нұр Отан" партиясы мәжілістегі 98 орынның 83-ін, "Ақ жол" партиясы сегізін, Қазақстан коммунистік халық партиясы жетеуін иеленген.
2016 жылы Қазақстан билігі мұнай бағасының құлдырауы әсер еткен экономикалық дағдарысты еңсеретін жаңа парламент керек деп, елде мерзімінен бұрын сайлау өткізген. Ол сайлауға 4,8 млрд теңге (2016 жылғы наурызда доллардың орташа бағамы 350 теңге болған, яғни шамамен 14 млн доллар) жұмсалған.
Сайлаудың ресми қорытындысына сай, "Нұр Отан" 84 орын, "Ақ жол" мен Қазақстан коммунистік халық партияларының әрқайсысы жеті орыннан иеленген.
Қазақстан Орталық сайлау комиссиясы былтыр қазанда 2021 жылғы 10 қаңтардағы сайлауға 15,3 млрд теңгеге жуық қаржы (биыл қаңтардағы доллардың орташа бағамы 420 теңге деп есептегенде 34 млн доллар) жұмсалатынын хабарлаған.
Соңғы сайлаудың ресми қорытындысы бойынша, "Нұр Отан" партиясына мәжілістен 76 орын тиді, "Ақ жол" партиясы – 12, Қазақстан халық партиясы (бұрынғы Қазақстан коммунистік халық партиясы) 10 орын иеленді.
Егер сайлаудың ресми қорытындысының көрсеткішін шынымен сайлаушылардың мандаты деп есептесек, бұл үш партия кейінгі он жылда айтарлықтай қолдауға ие болмаған, я қолдаудан айрыла қоймаған болып шығады. Бұған қоса, үкімет осы уақыт ішінде іс жүзінде бірдей дерлік нәтижемен аяқталған сайлауларға ондаған млн доллар (немесе ондаған млрд теңге) ақша шығындап отыр.
Мұндай жағдай 2019 жылы наурызда Назарбаев президент қызметінен кеткеннен кейін қоғам, әсіресе жастар жағы елде өзгерістер болуын талап етіп жүрген кезде қайталанып отыр.
ҚЫРҒЫЗСТАН САЙЛАУШЫЛАРЫ НЕГЕ ЕНЖАР?
Қырғызстанда 10 қаңтарда өткен кезектен тыс президент сайлауы мен референдумға дауыс бергендер саны ресми тіркелген сайлаушылардың 40 пайызына жетпеді.
Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, Қырғызстанда дауыс беру құқығы бар 3 млн 563 мыңнан астам азаматтың тек 1 млн 354 мыңы ғана дауыс берген.
Бұл жолғы сайлауға түскен президенттікке кандидат 17 адамның арасынан осыдан үш ай бұрын ғана түрмеден шыққан Садыр Жапаровқа дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 80 пайызға жуығы қолдау білдірген. Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, 1,1 млн сайлаушы президенттікке кандидаттардың арасынан Жапаровты таңдап дауыс берген.
Қырғызстанда бұған дейінгі президент сайлауларында мұндай жоғары көрсеткішке 2005 жылғы сайлауда Құрманбек Бакиев қана (89,5 пайыз) жеткен еді.
Президент сайлауымен қатар өткен референдумда тұрғындар мемлекетті басқару формасын анықтау мәселесі бойынша да өз еркін білдірді. Ресми мәлімет бойынша, сайлауға қатысқандардың 81 пайызы немесе 1 млн 147 мыңнан астам азамат президенттік басқару формасын қолдап дауыс берген.
Бір қарағанда, сайлау мен референдумның нәтижесінде Жапаров та, басқару формасын өзгертуді қолдайтындар да айқын жеңіске жеткендей көрінеді.
Бірақ сайлау қорытындысына басқа қырынан қарасақ, одан бүкіл халықтың қалауын байқай алмаймыз. Мұның бір себебі – сайлаушылардың жартысынан астамы дауыс беруге бармады және оған бірнеше орынды себеп бар делінеді.
Садыр Жапаров пен оның уақытша үкіметіндегілер бұл жолғы сайлаууда "дауыс сатып алу" әрекеті және әкімшілік ресурстарды қолдану аз болғанын айтады. Егер дауыс сатып алу әрекеті расымен аз болса, онда ол дауыс беруге жұрттың аз келуінің бір себебі болар еді.
2020 жылғы 4 қазанда өткен парламент сайлауында "дауыс сатып алу" әрекеті халықтың сайлау қорытындысымен келіспей, наразылық танытуына түрткі болған. Көшеге шыққан жұрт ақырында үкіметті қызметтен кетірді.
Билік бұл жолы сайлауда азаматтардың тіркелген сайлау учаскесінен басқа учаскеде (егер ол жерде дауыс беру өтетін күнге дейін тіркелген болса) дауыс беруіне тыйым салған.
Бұған қоса, дауыс бермеген 2 млн-нан астам сайлаушының сайлаудан көңілі қалған болуы да мүмкін. Өйткені, Қырғызстанда 2016 жылы Конституцияны өзгерту жөнінде референдум, 2017 жылы президент сайлауы, ал былтыр күзде парламент сайлауы өтті.
Қырғызстанда шамамен 6,5 млн халық тұратынын ескерсек, Садыр Жапаров 1 млн 116 мың адамның қолдауына ие болған, ал референдумды 1 млн 147 мың адам қолдаған. Бұл екі көрсеткіш те халықтың шамамен 17 пайызына тең, яғни, сайлаушылардың басым бөлігі деуге келмейді.
ЖАПАРОВ КЕЗІГЕТІН ПРОБЛЕМАЛАР
Кейбіреулер кеше ғана түрмеде отырған Садыр Жапаровтың аз ғана уақытта ел президентіне айналып шыға келуіне ұйымдасқан қылмыстық топтардың қолдауы ықпал етті деп санайды.
Мұндай күдік сірә, алдағы айларда, тіпті таяу жылдары Қырғызстанға шетелден келетін инвестицияны азайтып, елдегі экономикалық проблемаларды одан ары ушықтыруы әбден мүмкін.
Демократиялық елдер Орталық Азия аймағына деп қарастыратын көмегінің қомақты бөлігін Қырғызстанға береді. Себебі, олар Қырғызстанды аймақтағы "демократия аралы" деп біледі және көршілес елдерде демократияның ілгерілеуіне үлгі болады деп санайды.
Бірақ мемлекетті басқарудың президенттік формасын таңдау келешекте ондай көмекті азайтуы мүмкін.
Ресей президенті [Владимир Путин] 11 қаңтарда Садыр Жапаровты жеңісімен құттықтаса да, Мәскеу қазан айынан бері Қырғызстанда билік ауысуына сақтана қарап, осыған дейін беремін деп уәде еткен қаржылай көмегін тоқтатып тастаған.
Қырғызстан билігі былтырғы 4 қазанға дейін және одан кейін Қытайдан кезінде алған несиесін өтеу мерзімін созуды бірнеше рет сұраған. Осыған байланысты Қырғызстан болашақта Пекиннің инвестиция салу қауіпті деп танылған елдер тізіміне еніп кетуі де мүмкін.
Оның үстіне, коронавирус Қырғызстан экономикасына әлі әсер етіп отыр. Қырғызстанның [коронавирусқа қарсы] вакцинаға қашан қол жеткізетіні, денсаулық сақтау саласындағы дағдарысты қашан еңсеретіні де әзірге белгісіз.
11 қаңтарда Бішкектегі Ала-Тоо алаңында жақтастарының алдында сөйлеген Садыр Жапаров елді дұрыс жолға түсіруге уақыт керегін айтты.
Бірақ кейбіреулер Жапаров жылдамырақ қимылдау керек дейді. Себебі, ол көп шаруа атқаруға уәде еткен және халық негізінен елдегі жағдайдың тезірек жақсаруын қалағандықтан Жапаровқа сенім артып, дауыс берген.
Ал 2005 жылдан бері халық наразылығы үш президентті биліктен тайдырған Қырғызстанда Садыр Жапаровтың президенттікке сайлануы мен референдумға күмән келтіруге негіз аз емес.
Блог авторының пікірі Азаттық радиосы редакциясының көзқарасымен сай келмеуі мүмкін.
ПІКІРЛЕР