Грекиядағы парламент сайлауында солшылдардың СИРИЗА коалициясы жеңіске жеткеннен кейін, «бұл оқиға Еуропа Одағы (ЕО) экономикасына кері әсерін тигізе ме» деген қауіп күшейіп, Грекияның ЕО-дан шығуы туралы болжамдар қайтадан айтыла бастады.
«СИРИЗА-ның жеңісі ЕО сыртқы саясатына, әсіресе, осы одақтың Ресеймен және оның көршілерімен қарым-қатынасына елеулі өзгерістер әкеледі» дейтін сарапшылар да бар.
Еуропарламенттегі СИРИЗА өкілдерінің Ресейге және «Шығыстағы әріптестік» жобасына кіретін елдерге қатысты қарарларға қалай дауыс бергеніне қарап-ақ болашаққа болжам жасауға боларлықтай.
РЕСЕЙДІ ҚОЛДАУ
Еуропарламенттегі СИРИЗА депутаттары 2014 жылдың күзінде ЕО-Украина серіктестік келісіміне қарсы дауыс берген еді. Сол жолы Страсбургтегі депутаттардың барлығы дерлік Украинаның ЕО-мен жақындасуын қолдаған болатын.
Бұған қоса, олар ЕО-ның Грузия және Молдовамен жасаспақ болған еркін сауда келісімі мен Ресейдегі адам құқықтарын қорғаумен айналысатын «Мемориал» қоғамдық ұйымының жабылуына наразылық білдірген қарарын қолдамай, қалыс қалған.
СИРИЗА депутаттары Қырымды аннексиялаған, Украинаның шығысындағы сепаратистерді қолдап отырған Ресейге бұрынғыдан да қатаң санкциялар салу туралы екі қарарға да қарсы шыққан.
Тіпті аса маңызды деп саналмайтын ЕО мен Украина арасында ғылым және технология саласындағы ынтымақтастықтың мерзімін ұзарту туралы келісімге де грек депутаттары қарсы дауыс берген еді. ЕО-ның «Шығыстағы әріптестік» жобасына қатысы бар құжаттардың ішінен СИРИЗА депутаттары тек Молдоваға сауда жеңілдіктерін беру туралы қарарды ғана қолдады.
СИРИЗАНЫҢ САНКЦИЯЛАРҒА КӨЗҚАРАСЫ
Енді «солшыл коалиция басқаратын Грекия Ресейге салған ЕО санкцияларына қалай қарайды екен?» деген сауал туып тұр. Өйткені, Украинадағы сепаратистер мен Ресей саясаткерлеріне виза бермеу және олардың активтерін уақытша қамауға алудың мерзімі наурыз айында бітеді. Ал Ресейдің қаржы және мұнай секторына салынған әлдеқайда ауқымды экономикалық санкциялар мерзімі маусым-шілде айларында аяқталады.
Бұл санкцияларды ұзарту үшін ЕО-ға мүше 28 елдің барлығының келісімі керек. СИРИЗА жетекшісі Алексис Ципрастың қазіргі жасап жатқан мәлімдемелеріне қарағанда, осы мәселеге байланысты консенсусты Грекия бұзатын сияқты.
Ципрас «[Ресейге жарияланған] санкциялар Еуропаға кесірін тигізеді» дейді. Коалицияның сыртқы қарым-қатынас мәселелері бойынша өкілі Костас Исичос былтыр күзде тіпті «керемет қарымта шабуыл жасаған» Украинаның шығысындағы ресейшіл сепаратистерді мақтай сөйлеген. Ал Ципрастың өзі Украинадағы сепаратистер өткізген, халықаралық қауымдастық мойындамаған референдумдарды қолдайтынын білдірген болатын.
СИРИЗАНЫҢ РЕСЕЙШІЛ РАЙЫНАН ҚАЙТУЫ МҮМКІН БЕ?
СИРИЗА сайлауда жеңбей тұрып-ақ, Грекия үкіметі Ресейге салынған санкцияларды қолдай қоймаған. 2013 жылы Ресей мен Грекия арасындағы сауда айналымы 7 миллиард доллар болды. Ресей валютасы күрт арзандап кеткендіктен, енді ресейліктердің көбі еңбек демалыстарын Грекияда өткізе алмайды. Ал туризм – Грекия бюджетіне ең көп табыс түсіріп тұрған сала.
Билікке келген соң СИРИЗА бұрынғы аттаншыл, ұраншыл қарқындарын бәсеңдетеді деген үміт бар. «Коалиция билікке жақындаған сайын біртіндеп жұмсарып келеді» деген пікірлер де айтылып жүр. 2013 жылғы манифестінде СИРИЗА Грекияны НАТО құрамынан шығаруды және осы елдің Крит аралында орналасқан АҚШ-тың әскери базасын көшіруді талап еткен. Қазір коалицияның осы тақылеттес мәлімдемелері естілмей кетті.
Енді көпшілікті «СИРИЗА Ресейге салынатын санкциялар мәселесінде де дәл солай райынан қайта қояр ма екен?» деген сауал мазалайды.
(Рикард Йозвяктің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)