Украинадағы соғыста көп шығынға ұшыраған Ресей Тәжікстанда орналасқан әскери базаларда болған 1500 жауынгерін Украинадағы соғысқа жіберген. Мұны Азаттықтың Тәжік қызметіне (Озоди) бірнеше дереккөз хабарлады.
Тәжікстанның Душанбе мен Бохтар қалаларында Ресейдің әскери базалары бар. Озоди тілшілері сөйлескен дереккөздер сол жерлерден тағы 600 сарбаздың Украинадағы соғысқа аттанатынын айтады.
Қырғызстанның Қант қаласында тұратын адамдар мен белсенділер Ресей сондағы әскери базасындағы жауынгерлерін – Ресей құрамындағы Тыва республикасынан алынғандарды Украинадағы соғысқа жібергенін Азаттыққа хабарлаған.
Орталық Азиядағы екі ел де – Мәскеудің одақтасы. Онда Ресейдің бірнеше әскери базасы бар.
Тәжікстандағы базада Ресейдің жеті мыңнан астам, Қырғызстанда бес жүзге жуық жауынгері бары айтылады. Билік оның нақты санын жарияламаған.
Тәжікстандағы әскери база Азаттықтың хатына жауап берген жоқ. Орталық Азиядағы Ресей базалары арқылы Украинаға әскер жіберілгенін тексеру мүмкін болмады.
Тәжікстандағы Ресей қарулы күштері 201-дивизиясының ақпарат бөлімінің жетекшісі Василий Маховой мұны растаған да жоқ, жоққа да шығармады.
Бірақ бірнеше сарбаз бен база қызметкерлері кей жауынгерлердің Украина жіберілгенін растады. Ал жергілікті тұрғындар, база маңындағы дүкендер мен мейрамханада жұмыс істейтін азаматтар оларға келіп жүрген Ресей сарбаздарының азайғанын айтады.
Шамамен 1000-1500 адам Украинадағы соғысқа жіберілген, тағы жүздеген адам енді кетеді дейді олар.
27 тамызда аты-жөнін атамауды сұраған екі сарбаз Азаттыққа алдағы күндері Украинаға кететінін айтты.
Тағы бірнеше әскери қызметкер біршама адамның соғысқа жіберілгенін айтқанымен нақты қанша екенін атамады.
"УАҚЫТША ЖҰМЫС"
Әскери базадағы қойма қызметкері кейінгі айларда тапсырыспен алынатын азық-түлік те азайғанын айтады.
Аты-жөнін атамауды сұраған ол мұны әскери базадағы сарбаздардың азаюымен байланыстырады.
"Әскери нысаннан Украинаға 1500-ге жуық әскери қызметкер кетті. Бәлкім, бұл сан ендігі өзгерген де шығар" деді ол Азаттыққа.
Ресейлік жауынгерлер Украинаға уақытша барады деп айтылды дейді ол.
"Әскерилер Украинадағы арнайы операцияда төрт ай болып, содан кейін осында оралуы керек еді. Бірақ әлі оралған жоқ" деді ол. "Сарбаздардың төрт ай [қызметтен] кейін демалысқа кеткені айтылып жүр".
Ресей Украинаға жасаған басқыншылықты "арнайы әскери операция" деп атайды.
Тамыздың басындағы АҚШ дерегі бойынша, Ресей Украинадағы соғыста қаза тапқан және жараланғандарды қоса алғанда 80 мыңнан астам адамынан айырылған. Ал Ресей қаза тапқандар санын жарияламай келеді.
Ресейдің адам жетіспегендіктен келісімшартпен әскери қызмет атқаратын адамдарды көбейтуге, тіпті, түрмеде жазасын өтеп жатқан азаматтарды да соғысқа жіберуге тырысып жатқаны хабарланды.
Ресей сарбаздарының көбі Украинаға өз еркімен кетпегенін айтқан.
Азаттықтың Қырғыз қызметінің зерттеуіне сүйенсек, Мәскеу Тыва республикасынан кемінде тоқсан адамды әуелі Қырғызстанның Қант қаласындағы әскери базаға, ал биыл жазда Украинадағы соғысқа "еркінен тыс" жіберген.
Олардың кемінде оны қаза тауып, жиырмаға жуығы жарақат алған дейді соғысудан бас тартқан тываларды қорғаумен айналысатын ұйым өкілдері.
"ОРЫС КЛИЕНТТЕР АЗАЙДЫ"
Совет одағы тұсында 201-атқыштар дивизиясы ретінде құрылған Тәжікстандағы әскери база – Мәскеудің Ресейден тыс жердегі ең үлкен базаларының бірі.
Жергілікті саудагерлер базада мыңдаған әскери қызметкердің болуы, кейбірінің отбасымен тұруы шағын бизнеске жақсы әсер ететін дейді.
Такси жүргізушілері, дүкен иелері мен мейрамхана қызметкерлері кейінгі кезде ресейлік клиенттер азайып кеткенін айтады.
Душанбе тұрғыны Абдурахим Солехов Ресей базасына жақын жердегі пәтерін жалға береді. Оның клиенттерінің көбі ресейлік әскери қызметкерлер болған.
"Кейінгі екі айда клиент болған жоқ" деді Солехов Азаттыққа. "Офицерлер ғана емес, келісімшарт бойынша әскери қызмет атақаратындар да пәтер іздеп келетін. Кейінгі кезде ешкім келген жоқ".
Душанбедегі әскери база маңында онда-мұнда баратын клиент күтіп тұрған таксилер үнемі кезігеді.
Тілшіміз сөйлескен такси жүргізуші де кейінгі кезде ресейлік жолаушы азайғанын айтады. Ресей әскери базадан сарбаздарды Украинаға 500-600 адамнан үш топпен жіберді деді ол клиенттерінің сөзіне сүйеніп.
"[Орыстардың] арасында танысым көп болды. Тұрақты клиентім болғандардың кейбірі көрінбей кетті. Әріптестерінен сұрағанымда, олардың Украинаға кеткенін айтты".
Бохтар қаласындағы такси жүргізушілері мен жергілікті тұрғындар да солай дейді.
Бохтарда такси жүргізетін Аввазали есімді адам ресейлік клиенттердің азайғанын айтады.
"Сарбаздар демалыс күндері такси жалдап, сауда жасауға, жүзуге немесе ас ішуге жиі баратын" деді ол. "Бірақ қазір [әскери адамдардың] әйелдері мен балалары ғана көрінеді".
"Эхсон" мейрамханасында жұмыс істейтін Намозалидің сөзінше, жауынгерлер екі жүз адамның Украинаға кеткенін айтқан.
Бохтардағы тағы бір мейрамханада жұмыс істейтін Саша клиент болып жүрген әскери қызметкерлердің 26 шілдеде онымен қоштасып, Украинаға кеткенін айтады.
Бохтардағы Айни көшесінде орналасқан дүкен иесі Рухсора Ганджиева қалада ресейлік жауынгерлер бұрынғыдай көп болмаған соң сауда-саттық азайды дейді.
Ресей Орталық Азиядағы базаларын Украинаға басқыншылықтан бірнеше ай бұрын, 2021 жылдың аяғында күшейте түскен.
Ресейдің әскери базасы орналасқан Қырғызстандағы Қант қаласының тұрғындары ондаған тываның саны сол кездері жүзден асып, ақыр соңында олардың Украинаға аттанғанын айтады.
Желтоқсанның басында Ресейдің Тәжікстандағы әскери базасы отыз Т-72Б3М танкін алған. Базадағы ресейлік сарбаздар зымыранға қарсы жүйелермен жаттығу жасаған.
Ресейдің баспасөз құралдары мен шенеуніктері мұны Ауғанстандағы жағдаймен байланыстырады.
Азаттықтың Тәжік қызметінің материалы бойынша жазылды.
ПІКІРЛЕР