Израильде 24 мамырда премьер-министр Биньямин Нетаньяхуға қарсы "жемқорлық" және "қызметін асыра пайдаланды" деген айыппен сот басталды.
Сотта Нетаньяху бұл айып "қолдан жасалған" деп мәлімдеп, сот залынан тікелей трансляция жүруін талап етті.
Иерусалим округтық сотының үш судьясы қарап жатқан іске судья Ривка Фельдман-Фридман төрағалық етіп отыр. Ол бұған дейін Израильдің бұрынғы премьер-министрі Эхуд Ольмертті "пара алу" ісі бойынша айыпты деп тапқан үш судьяның бірі болған.
Нетаньяху ісінде 300-ге жуық куәгерден жауап алу жоспарланып отыр.
Израильдің премьер-министрі Нетаньяхуға айып 2019 жылғы қарашада тағылған. Бас прокуратура Нетаньяхуға мен оның отбасы 2007-2016 жылдар аралығында америкалық продюсер Арнон Милчен мен австралиялық бизнесмен Джеймс Пакерден жалпы сомасы 250 мың доллар көлемінде сыйлық қабылдаған деп айыптайды. Нетаньяху тағылған айыпты жоққа шығарады.
Нетаньяху Израиль үкіметін 2009 жылдан басқарып келеді. 2020 жылғы 17 мамырда елдің заң шығарушы органы – кнессет оған сенім білдіріп, өкілетін ұзартқан.
ПІКІРЛЕР