Президенттің шешімінен кейін сарапшылар пікірі екіге жарылды. Оқиғаға әділ баға берілмегенін, тергеудің біржақты жүргізілгенін айтушылар Жапаровтың шешімін қолдады. Ал екінші тарап халықаралық және мемлекеттік комиссиялар жан-жақты тергеген оқиғаны қайта қарау орынсыз деп санайды.
"Маусым оқиғасы жан-жақты тергелген. Оны қайта қараудың қандай қажеті бар? Бұл шешім қандай мақсатпен, кімнің талабымен қабылданды? Мұны білмейміз. Жаңа комиссия құрғысы келсе, демек, олардың өз жоспары бар болғаны" дейді Қырғызстан парламенті - жогорку кеңеш депутаты Карамат Орозова.
"ТАРИХТЫҢ ЕМЕС, МИНСКІНІҢ ТАЛАБЫ"
Садыр Жапаров президент сайлауы кезінде ұлтаралық қақтығысқа лайықты баға беруді талап еткен еді. Ал оның оқиғаны қайта тергеуді тапсыруы қазіргі биліктің 2010 жылғы төңкерістен соң билікке келген Роза Отунбаева бастаған уақытша үкімет мүшелеріне күйе жағып, оларды жауапқа тартқысы келетінін көрсетеді деген де пікір бар.
2010 жылғы сәуірде Қырғызстанда билікке наразылардың көтерілісі төңкеріске ұласып, президент Құрманбек Бакиев билікті тастап, шетелге қашқан. Кей ақпаратқа қарағанда ол Беларусь астанасы – Минскіде тұрып жатыр.
"Маусым оқиғасын 11 жылдан кейін қайта қарау тарихтың емес, Минскінің (сонда тұрып жатыр деген бұрынғы президенттің – Ред.) талабы деген пікірге қосыламын. Бұл шешім саяси бағытты өзгерту ниеті бар екенін көрсетеді. Тапсырманың 7 сәуір қарсаңында дейін берілгенін де атап өту керек" дейді жогорку кеңеш депутаты Рыскелді Момбеков.
ОҚИҒА ҚАЛАЙ БОЛДЫ?
Ресми дерек бойынша, Ош пен Жалал-Абад қалаларында болған қақтығыстан 446 адам қаза тауып, екі мыңға жуығы жарақаттанды. 57 адам із-түзсіз жоғалып, олардың 19-ы әлі күнге дейін табылмады. Мыңдаған адам үйін тастап, босып кетті.
"Маусым оқиғасы" бұрқ еткенде уақытша үкіметтің билікке келгеніне екі-ақ ай болған. Уақытша президент Роза Отунбаева "Қақтығысқа Қырғызстанның өз ішіндегі этносаралық қарым-қатынастың нашарлығы себеп болды" дейді.
Елдег өзбек пен қырғыз арасы бұрыннан мәз емес. 1990 жылғы маусымда да Ош және Үзген қалаларында екі ұлт арасында қақтығыс болған еді. Содан бері Қырғызстандағы ұлтаралық шиеленіс мәселесі түбегейлі шешілмеген.
Кей сарапшылар Ош оқиғасын биліктен айырылып, Беларуське қашқан Құрманбек Бакиевтің жақтастары ұйымдастырды деп санайды. Сонымен қатар қақтығысқа сепаратистер мен қылмыстық топтардың қатысы бар деген де пікір бар.
КОМИССИЯ ШЕШІМІ
Оқиғаның түпкі себебін анықтау үшін Отунбаева жеті адамнан тұратын халықаралық комиссия құрды. Оған Ресей, Франция, Ұлыбритания, Эстония, Австралия және Түркия өкілдері кірді. Комиссияны финляндиялық саясаткер, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы парламент ассемблеясының Орталық Азиядағы арнайы өкілі Киммо Кильюнен басқарды.
Комиссия тергеу қорытындысын бір жылдан кейін жариялады. Онда оқиғаның "әскери қылмыс немесе геноцид" емес екені айтылған. Бірақ кей фактілер "адамзатқа қарсы жасалған қылмыс" деп танылған. Сонымен қатар комиссия ұлтаралық қақтығыста өзбектер көбірек жапа шеккенін айтты.
"Қаза болғандардың 74 пайызы – өзбектер. Қырғызстандағы сот және тергеу істерінің 80 пайызы өзбектерге қатысты қозғалған" деді Кильюнен.
БҰҰ, Еуроодақ, АҚШ, Ресей комиссия қорытындысын қолдады. Соған қарамастан, Қырғызстанның жаңа үкіметі мен парламенті оны жоққа шығарып, "біржақты құжатты" қабылдамайтынын мәлімдеді. Ал қақтығыстардан кейін өткен парламент сайлауында Садыр Жапаров пен Қамшыбек Ташиев басқаратын "Ата-Жұрт партиясы жеңіске жеткен еді.
"ПЕРСОНА НОН ГРАТА"
Комиссия болашақта мұндай қақтығысқа жол бермеу мақсатында ұсыныстар да жасаған. Оны іске асырудың орнына Қырғызстан депутаттары 2011 жылы 26 мамырда Кильюненді "персона нон грата" деп жариялады. Оған Қырғызстанға кіруге тыйым салынды.
Кей депутаттар оны қырғыздарға жасалған шабуылды жұмсартып көрсету үшін өзбек "сепаратистерінен" пара алды деп айыптады. Кильюнен мұны "ақылға қонымсыз үлкен өтірік" деп атап, тағылған айыпты жоққа шығарды.
"Бітім процесін бастауға әрекет ету – жалпы қырғыз қоғамының қолындағы шаруа. Біз мәселені "бітім процесі" жолымен шешуге көмектесеміз деп үміттенген едік. Комиссия тек фактілерді беріп, кімнің жапа шеккенін, қанша адамның қаза тапқанын көрсетуге, негізгі проблемаларды анықтауға тырысты. Бірақ Бішкек комиссия есебін қабылдамады. Себебі қырғыз халқы оны оқығысы келмеді, ондағы мәселелерді мойындауға құлықсыз болды" дейді Кильюнен.
ПІКІРЛЕР