САЙЛАУ КҮНІ 361 АДАМ ҰСТАЛДЫ
Құқық қорғаушы "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының президенті Бақытжан Төреғожинаның мәліметінше, сайлау күні Қазақстанның түрлі қаласында 361 адам ұсталған. Олардың барлығы – елдегі cаяси режимге қарсылығын білдірмек болғандар.
– Біз мейлінше объективті болуға тырыстық. Сол күні болған [ұсталған] барлық саяси топ өкілдерін қостық. Бұл тізімге Алматыда кеттлингте қалғандар (полицияның арнайы жасағы Алматыдағы Республика алаңы маңында Демократиялық партия құру туралы бастамашыл топ пен "Oyan, Qazaqstan!" қозғалысы өкілдерін сағаттар бойы қоршауда ұстап тұрды – ред.), Шымкент, Қызылорда, Семей, Ақтөбе сияқты бірқатар қалада ұсталған белсенділер кірді. Ақтөбеде ұсталғандар өте көп болды. Бұрын саяси қарсылық өтетін басты қалалар Алматы мен Нұр-Сұлтан болса, қазір белсенділігі жөнінен үшінші қала – Ақтөбе, – дейді құқық қорғаушы.
Құқық қорғаушылардың ақпаратына сай, бұдан өзге Талдықорған, Атырау, Орал, Ақтау және Арқалық қалаларында да белсенділер ұсталған.
10 қаңтарда Қазақстанда парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар сайлауы өтті. Билікшіл бес партия түскен сайлауға оппозиция қатысқан жоқ. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының сайлауды бақылау миссиясы Қазақстандағы сайлауда "шынайы бәсеке болмады, сайлау демократиялық талаптарға сай емес" деп мәлімдеді.
Сайлауға дауыс беру күні Қазақстанның әр түкпіріндегі наразылықтарды бақылаған Азаттық тілшілері полицияның ондаған адамды күштеп алып кеткенінің куәсі болды.
ХАТТАМА ТОЛТЫРМАЙ ҰСТАУ, АДВОКАТ ЖІБЕРМЕУ
Құқық қорғаушы Ерлан Қалиевтің айтуынша, сағаттап еркіндігі шектелген азаматтар туралы фактілерді жинастыру қиын, себебі полиция оларды сағаттап ұстағанымен, ешқандай құжат толтырмаған, айып тақпаған, тек дауыс беру уақыты біткенше қамап ұстаған.
Көп қалада азаматтарды "жауап алу керек", "үстіңізден арыз түсті" деген түрлі сылтаумен полиция бөлімшесіне жеткізіп, кешке дейін ұстап, босатқан. Бұған қоса полиция бөлімшесіне барғандарға хаттама толтырылмаған, адвокатты жолықтырмаған.
– Алматы қаласында 100-ге жуық адамды күштеп ұстап, полиция бөлімшесіне жеткізді. Аймақтарда мұндай оқиғалар Орал, Ақтөбе және Нұр-Сұлтанда болды. Бұған күннің аяз екеніне қарамастан, Алматыдағы Республика алаңында 10 сағат қоршауда күштеп ұсталған 50-дей кісіні қосыңыз, – дейді құқық қорғаушы.
Еркін Қалиевтің айтуынша, олар белсенділердің ұсталғаны туралы ақпарат түсе бастасымен адвокаттардың екі тобын жасақтап, бірнеше полиция бөлімшесіне жіберген. "Алайда, мәселен Бостандық аудандық полиция бөлімі оларды қорғауындағы адамдарға жолықтырмай, адвокаттар қолында тиісті құжаттары бола тұра сағаттап күтуге мәжбүр болды" дейді құқық қорғаушы.
Алматыда полиция сайлауға наразыларды қалай ұстады?
Алматыда полиция бөлімшесіне барып, қорғауындағы адаммен кездесе алмағандардың бірі – адвокат Жанар Балғабаева. Ол алдымен Бостандық, кейін Алмалы аудандық полиция бөліміне барған. Екеуінде де ұзақ күткен.
– Бізді ұзақ ұстады. Оларды (ұсталғандарды – ред.) босатып жібергенін, ол туралы бізге айтпағанын кейін білдік. Ертесіне қорғауымдағы адаммен сөйлестім, оларды таңға қарай босатқан екен. Бұл фактілер бойынша прокуратураға шағым түсірдік, – деді Жанар Балғабаева.
ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ ӨТІРІК АЙТТЫ МА?
Сайлау күні брифинг берген ішкі істер министрлігінің өкілі Азаттықтың осы мәселе туралы бірнеше рет қойған сұрағана жауап бермеді, тек "сол күні ұстағандардың барлығы босатылды" деп мәлімдеді.
– Бұл азаматтарға жергілікті атқарушы органдар мен прокуратура қызметкерлері акцияның заңсыз екенін бірнеше рет ескертіп, тоқтау қажетін түсіндірді. Кейбірі мемлекеттік билік өкілдерінің заңды талабын орындаудан бас тартты. Оларды қызметкерлеріміз полиция бөліміне жеткізуге мәжбүр болды. Олар профилактикалық әңгімелесуден кейін үйіне қайтарды. Ешқайсысы да әкімшілік немесе қылмыстық қудалауға ұшыраған жоқ, – деді Қазақстан ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғали Заппаров 10 қаңтар күнгі брифингте.
Алайда құқық қорғаушылар сол күні ұсталғандардың кемінде сегізі қамалды, кейбірі әлі бостандыққа шыққан жоқ дейді. Мәселен, сол күні Нұр-Сұлтан қаласында бес адам: Сәуле Сейдахметова – 10, Гүлмайра Мұқышева – 10, Марат Мұсабаев – 15, Асқар Сембай – 15, Мұратбек Төлеген – 15 тәулікке қамалған. Барлығына Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің "Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу" бабы (488-бап, 7-тармақ) бойынша айып тағылды.
Ақтөбеде үш адам абақтыға жабылды. Үш тәулікке қамалған Қуантай Дабышев пен бес тәулікке қамалған Жеңіс Жамановқа "Құқық қорғау органы немесе арнаулы мемлекеттік орган, әскери полиция органы қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбау" бабымен (667-бап) айып тағылды. Ал Асқар Қаласов "заңсыз митингіге қатысқаны үшін 15 тәулікке қамалды.
Бұдан бөлек, сот Әсия Бақаева мен Лиза Максимованы әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 488-бабының 11-тармағы бойынша айыпты деп танып, оларға 83 340 теңге көлемінде айыппұл салды.
"СТАЛИН ЗАМАНЫНДАҒЫДАЙ САЯСИ ІС"
Құқық қорғаушылар, билік сайлау күні азаматтардың бейбіт жиын өткізу және пікірін ашық айту құқығынан өзге азаматтардың сайлану құқығын бұзғанын айтады.
– Сайлау күнгі оқиғаларды былай қойғанда, жалпы мәжіліс пен мәслихат сайлауы науқаны барысында азаматтардың көп құқығы бұзылды, осыған наразылық білдіргісі келген адамдар қудаланды, – дейді Бақытжан Төреғожина.
Оның айтуынша, ең басты мәселе – азаматтардың билік органдарына сайлану құқығы бұзылған. Адамдардың саяси көзқарасына сай келетін ұйымдар тіркеуге алынбай, тіркелмеген ұйымдарды қолдаған адамдар қуғынға ұшырады дейді ол. Ондаған адам "экстремистік деп танылып, жұмысына тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деп айыпталған, 30 адам осы бап бойынша тергеу изоляторында не үйқамақта отыр. Осы істер аясында 13 қалада 250-дей белсенді куәгер, күдікті я қорғануға құқығы бар куәгер статусында тұр. Олардың дені шетелдегі оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов жетекшілік ететін "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясы" қозғалыстарына қатысы бар деп танылған.
"Көше партиясы" мен ҚДТ қозғалысы
2020 жылы мамырда Нұр-Сұлтан соты тіркелмеген "Көше партиясын" "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысымен бір ұйым деп, қызметіне тыйым салған. 2018 жылы Қазақстан соты "экстремистік" деп танып, тыйым салған тіркелмеген ҚДТ-ны Еуропарламент 2019 жылғы наурыздағы қарарында "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған. Қазақстан билігі ҚДТ қозғалысы мен "Көше партиясына" тыйым салу туралы шешімін жарияламаған. Билік өзі тыйым салған ұйымды қолдаушыларды қудалап, ондаған адамды жауапқа тартқан, кейбіріне қылмыстық іс қозғап, соттаған. ҚДТ туралы сот шешімінің "экстремистік ұйым" туралы жазылған тұсы бұлыңғыр әрі қайшылық бар деп санайтын құқық қорғаушылар жауапқа тартылғандар негізсіз қудаланды деп біледі.
Human Rights Watch халықаралық адам құқықтары ұйымы Нұр-Сұлтан "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) мен "Көше партиясы" қозғалысы жақтастарын қудалауды әлі жалғастырып жатыр деп алаңдайды. Қазақстан билігі ҚДТ қозғалысының жақтастары мен мүшелерін қудалауды "күшейтті" дейді ұйым.
– Бүгінде Қазақстанның 12-13 қаласында белсенділерді қамтыған өте үлкен саяси іс жүріп жатыр. 21 ғасырда сталиндік кезеңдегідей саяси [көзқарасы үшін қудалайтын] істің болуы – масқара жағдай, – деп қорытады құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина.
Азаттық сайлау қарсаңында немесе содан кейін ұсталған белсенділердің нақты саны мен оларға тағылған айып пен жаза туралы Ішкі істер министрлігіне хабарласқанымен, жауап болмады. Жіберген ресми сауалға да жауап келген жоқ.
ПІКІРЛЕР