Accessibility links

"Күн көзі түспейді". Абақтыдағы қос белсендімен сұхбат


Сотқа тергеу изоляторынан онлайн қатысып отырған белсенділер (оңнан солға қарай): Асхат Жексебаев, Ноян Рахымжанов, Қайрат Қылышев, Абай Бегімбетов және Диана Баймағамбетова. Алматы, 10 қыркүйек 2021 жыл.
Сотқа тергеу изоляторынан онлайн қатысып отырған белсенділер (оңнан солға қарай): Асхат Жексебаев, Ноян Рахымжанов, Қайрат Қылышев, Абай Бегімбетов және Диана Баймағамбетова. Алматы, 10 қыркүйек 2021 жыл.

Алматыда "тыйым салынған ұйым ісіне қатысты" деген айып тағылған 13 азаматтық белсендінің соты өтіп жатыр. Сот процесіне бес айыпталушы Алматыдағы тергеу изоляторынан қатысып отыр. Азаттық тілшісі абақтыда отырған екі белсенді – Диана Баймағамбетова және Асхат Жексебаевпен сөйлесіп, хал-жағдайын білді.

Қазақстанда "тыйым салынған ұйымның іс-әрекетіне қатысты" деген айыппен 13 азаматтың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасып жатқанына екі ай болды. Онлайн режимде өтіп жатқан сот процесін Алматының Алмалы аудандық соты судьясы Ернар Қасымбеков жүргізіп отыр. Бес айыпталушы – азаматтық белсенділер Диана Баймағамбетова, Абай Бегімбетов, Асхат Жексебаев, Қайрат Қылышев және Ноян Рақымжанов сотқа Алматыдағы тергеу изоляторы – ЛА-155/18 мекемесінен Zoom қосымшасы арқылы қатысып жүр.

Билік айып тағып отырған 13 белсендінің барлығы дерлік – қоғамдық-саяси мәселелерге байланысты пікір-көзқарасын ашық айтып, Қазақстанда өтетін наразылық акцияларға қатысып жүрген адамдар.

Белсенді Дулат Ағаділ тергеу абақтысында жұмбақ жағдайда көз жұмағаннан кейін наразылық акциясына шыққан азаматтарды полиция күштеп көлікке салып, әкетіп жатыр. Алматы, 1 наурыз 2020 ж.
Белсенді Дулат Ағаділ тергеу абақтысында жұмбақ жағдайда көз жұмағаннан кейін наразылық акциясына шыққан азаматтарды полиция күштеп көлікке салып, әкетіп жатыр. Алматы, 1 наурыз 2020 ж.

Оларға Қылмыстық кодекстің 405-бабының 1-тармағы ("экстремистік ұйымның ісін ұйымдастыру") және сол баптың 2-тармағы бойынша ("экстремистік ұйымның ісіне араласу") айып тағылған. Билік бұл адамдарды 2009 жылдан бері шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, қуғындағы экс-банкир Мұхтар Әблязов жетекшілік ететін "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы мен "Көше партиясына" қатысы бар, солар ұйымдастырған заңсыз митингілер мен акцияларға, пикеттерге қатысты деп айыптайды.

Қылмыстық кодекс 405-бабының 1-ші және 2-тармағы бойынша айып тағылған:

  • Бегімбетов Абай
  • Жексебаев Асхат
  • Қылышев Қайрат
  • Рақымжанов Ноян

405-баптың 2-тармағы бойынша айып тағылды:

  • Аспандиярова Дәметкен
  • Әлібеков Бақдәулет
  • Баймағамбетова Диана
  • Жаукерова Гүлзипа
  • Жұманиязова Нинагүл
  • Қозиев Ермек
  • Құрбанов Марат
  • Смағұлов Болат
  • Уәлиев Дархан

Қазақстан билігі елде парламенттік басқару жүйесін, әкімдер мен судьяларды сайлау жүйесін енгізуді мақсат еткен ҚДТ мен "Көше партиясын" "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Бірақ сот шешімі еш жерде жарияланған жоқ. Еуропарламент бұл екі ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атайды.

Тергеушілер сотқа белсенділердің әлеуметтік желіде таратқан видеоүндеулері мен филиология-психологиялық сараптама қорытындысы сияқты деректерді дәлел ретінде ұсынған. Прокурор бұл 13 азамат мемлекетке, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндірді, тыйым салынған ұйымға бірігіп, "мемлекеттік билікті құлатуға әрекет жасады" дейді.

Қамаудағы белсенділер Диана Баймағамбетова, Асхат Жексебаев, Абай Бегімбетов, Ноян Рахымжанов және Қайрат Қылышев онлайн режимдегі сотқа тергеу абақтысынан қатысып жүр. Алматы, 27 шілде 2021 жыл. Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның парақшасындағы сурет.
Қамаудағы белсенділер Диана Баймағамбетова, Асхат Жексебаев, Абай Бегімбетов, Ноян Рахымжанов және Қайрат Қылышев онлайн режимдегі сотқа тергеу абақтысынан қатысып жүр. Алматы, 27 шілде 2021 жыл. Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның парақшасындағы сурет.

Тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеген белсенділер сот барысында істі жүргізіп отырған судья мен прокурорға бірнеше рет сенімсіздік білдіріп, ауыстыруды сұраған. Сонымен бірге қайтадан тәуелсіз сараптама жасатуды, айыптаудың басты құралына айналған Нұр-Сұлтанның Есіл аудандық сотының елде ресми тіркелмеген ҚДТ мен "Көше партиясына" тыйым салу жайлы шешімін іске тіркеуді талап еткен. Бірақ сот олардың талабын қанағаттандырмады.

Адвокаттар соттан тергеу абақтысында отырған бес азаматты денсаулығына байланысты үйқамаққа ауыстыруды сұраған. Сот бұл өтінішті де қанағаттандырған жоқ. Судья қамауда отырғандар абақты әкімшілігіне денсаулығына байланысты өтініш айтып, дәрігер көмегін алуына хақылы деп айтты. Бірақ айыпталушылар абақтыда медициналық көмек алуға жағдай жасалмағанына шағынды.

Азаттық тілшісі тергеу абақтысында отырған Асхат Жексебаев және Диана Баймағаметовамен сөйлесіп, хал-жағдайын білді.

"ТАМАҒЫ ЖЕУГЕ ЖАРАМАЙДЫ"

Азаттық: Тергеу абақтысындағы жағдай, денсаулықтарыңыз қалай? Түрме тамағының сапасы қандай, тұтқынға жасалған жағдай жайлы не айтасыз?

Белсенді Асхат Жексебаев сотқа тергеу изоляторынан қатысып отыр. Алматы, 2021 жылғы қыркүйек.
Белсенді Асхат Жексебаев сотқа тергеу изоляторынан қатысып отыр. Алматы, 2021 жылғы қыркүйек.

Асхат Жексебаев: Түрмедегі [онда отырған азаматтарды] қамтамасыз етуге байланысты шағымымыз бар. Бірақ әуелі Диананың [Баймағамбетова] жағдайын айтқымыз келеді. Бүгінгі (сұхбат 24 қыркүйекте алынды – автор) кездесуде ол бізге түрмедегі ер қызметкерлер өзіне психологиялық қысым көрсететінін айтты. Бұл қамау мекемесінде отырған әйел адам жайлы нормаға қайшы. Әйелдер камерасына ер адам кіруге болмайды. Ал олар [түрме қызметкерлері] тек кіріп қана қоймайды, оған қыр көрсетеді екен. Біз, ерлер отыратын жақта жағдай қалыпты. Тек тамақ сапасына байланысты шағымымыз бар. Мысалы, әр адамға ресми түрде күніне 2000 теңге тамаққа бөлінгенін білемін. Яғни ай сайын 62 мың теңге. Қазір мұнда 1500 адам отырса, соның ары кеткенде 500-дейі ғана түрме тамағын ішеді. Ал қалған тамақ әжетханаға төгіледі. Мен бұл туралы әкімшілікке де, прокуратураға да жаздым. Тамақ әкеле жатқанда камера есігін ашпаймыз. Аптасына бір рет піскен жұмыртқа әкеледі, картоп, кейде қуырылған, кейде тұздалған балық береді, соны аламыз. Ал таңғы асқа беретін ботқасы біраз тұрған соң, неге екенін қайдам, сағыздай созылған қоймалжыңға айналады. Бізге кейде екі аптаға, кейде одан да көп уақытқа жаңа адамдар әкеліп отырғызады. Олар алғашқы кезде түрме тамағын алады да, кейін әжетханаға төгеді.

Азаттық: Сіздер камерада бірге отырсыздар ма, әлде бөлек пе? Қазір күз түсіп, күн суытты, камераның іші суық емес пе?

Асхат Жексебаев: Біз былтыр қыста осында жаттық. Үйреніп те алдық. Бәріміз 15-коридордамыз, бірақ бөлек камерада жатырмыз. Ондағы жағдай қанағаттанаралық деуге болады. Ал абақтының әйелдер отырған бөлігі қысы-жазы суық.

Белсенді Асхат Жексебаев биліктен саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, Республика алаңына жалғыз өзі пикетке шығып тұр. Алматы, 4 қазан 2019 ж.
Белсенді Асхат Жексебаев биліктен саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, Республика алаңына жалғыз өзі пикетке шығып тұр. Алматы, 4 қазан 2019 ж.

Азаттық: Сырттан келген сәлемдеме, азық-түлікті кедергісіз алып тұрасыздар ма?

Асхат Жексебаев: Иә, оған байланысты кедергі жоқ. Себебі, ондай жағдай бола қалса, біздің тарапымыздан дереу реакция болады. Сондықтан әкімшілік те кедергіге жол бермейді. Бірақ бізде басқа проблема бар. Терезенің бәріне темір перде (жалюзи) қойылған, күн түспейді. Серуенге шығатын ауланың да төбесі жабық болғандықтан күн көзі көрінбейді. Бір сөзбен айтқанда, күн сәулесіне зәруміз.

Азаттық: Серуенге шыққанда қамауда отырған басқа адамдармен тіл қатысуға мүмкіндік болатын шығар. Олардың қарым-қатынасы, көзқарасы қалай? Сіздердің неліктен қамауда отырғандарыңызды біле ме?

Асхат Жексебаев: Мұнда отырғандарға "құқық бұзған" деп әртүрлі баппен айып тағылған. Олар бізді сырттай біледі. Кейбірі қолдау білдіреді.

"СОТ ӘДІЛЕТТІ ШЕШІМ ШЫҒАРУҒА МҮДДЕЛІ ЕМЕС"

Азаттық: Диана, бұған дейін денсаулығыңыз нашарлағаны айтылған еді. Қазір хал-жағдайыңыз қалай, камерада өзіңіз жалғыз отырсыз ба?

Сотқа тергеу изоляторынан қатысып отырған белсенді Диана Баймағамбетова. Алматы, 2021 жылғы қыркүйек.
Сотқа тергеу изоляторынан қатысып отырған белсенді Диана Баймағамбетова. Алматы, 2021 жылғы қыркүйек.

Диана Баймағамбетова: Біздегі, тергеу абақтысының әйелдер жақ бөлігіндегі проблема – орын жетіспейді. 15 минутта бүкіл камера жуынып үлгеруіміз керек. Жуынатын жер өте кір, лас. Қазір күн суытты, ал мұнда жел гулеп тұрады. Осы мәселе көтерілсе, біз, әйелдер қиналып жүрміз.

Мені қамауға алғанда көктем-күзде киетін киіммен келген едім. Мұнда желтоқсанда, қаңтар мен ақпанда қатты суық болды. Төсеніш тозған, терезе жабылмайды. Камера ішіндегі температура даламен бірдей – 15-20 градус. Сол кезде қатты суық тигізіп алдым. Жақында емделіп шықтым. Қазір бұрынғыдан тәуірмін. Бірақ алда келе жатқан қысты ойласам, қорқамын.

Бір камерада кейде 6, кейде 8-10 адам жатамыз. Оларға тағылған айып та әртүрлі: кісі өлтіру, алаяқтық, есірткі, т.б. Әрқилы тағдыр, бірақ ешқайсы қылмыскер болуды мақсат еткен емес. Бір жылда түрмеде неше түрлі адам көрдім. Не үшін отырғанымды сұрап, "қойшы, Дулат Ағаділді жерлеуге барғаның үшін отырғызды ма? Интернетте пікір айтқаның үшін бе?" деп таңқалады.

Мен митингіге де барып үлгерген жоқпын, себебі оған жеткізбей ұстап әкетеді. Ендеше бізді Дулат Ағаділдің зиратына, үйіне барғанымыз үшін, пікірімізді айтқанымыз үшін жазалады. Әкімшілік жауапқа тартып, айыппұл салды. Осындай әңгімелерді естігенде оларда үміт пайда болады. "Көбірек білгісі келетінін, қосылғымыз келеді" дегенді айтады. Олар да Қазақстанның болашағына алаңдайды, өз үлесін қосқысы келеді.

Азаттық: Абақтыда жатқан кезде өткенді саралап, іс-әрекетіңіз, ұстанымыңыз туралы ойлануға уақыт болды. Өткеніңізге өкінесіз бе? Ұстанымыңызда өзгеріс болуы мүмкін бе?

Диана Баймағамбетова: Әрине, жоқ. Өкіну деген ешқашан болған емес. Бірақ біз де ет пен сүйектен жаралған адамбыз, кейде шаршаймыз. Алайда ол тез өтіп кетеді. Білесіз бе, керісінше, жүректе Қазақстанды жақсарту, елдің тұрмыс деңгейін арттыруды мақсат етіп бірдеме жасап жүргенімізге қанағаттану сезімі бар. Бұл бақыт, қуаныш сыйлайды. Біз Қазақстанды ары қарай дамытуға тырысатын боламыз.

Азаматтық белсенді Диана Баймағамбетова.
Азаматтық белсенді Диана Баймағамбетова.

Асхат Жексебаев: "Өкінемісіз" деген сұраққа қатысты айтарым, жоқ, өкінбеймін. Мен одан да қазақстандық белсенділердң барлығына айтарым: халық арасында ағартушылық, қоғамды ақпараттандыру жұмысын көп жүргізу керек. Әсіресе азаматтық жауапкершілікке байланысты ақпаратты көптеп тарату керек.

Адамдар заңды, Конституцияны білуі керек. Мұнда отырған көп адам заңды білмейді. Адамдарға әділетті заң үстемдігі орнаған, адам құқығы сақталатын, өркениетті Еуропа елдеріндегі жағдайды диктаторлық жүйедегі елдермен салыстыра отырып түсіндіру керек.

Елімізде отыз жыл бойы тамыр жайып, сіресіп бекіген жүйенің егер демократиялық бағытта өзгермесе, аяғы неге апаратынын айту керек. Оған мысалды осы соттан да көруге болады. Процесс біржақты өтіп жатыр. Сот әділетті шешім шығаруға мүдделі емес.

"БӘРІ НОРМАҒА САЙ"

Азаттық тілшісі Алматыдағы ЛА-155/18 мекемесі басшысының режим жөніндегі орынбасары Ринат Ахметжановпен де сөйлесті. Ол абақтыда қамауда отырған белсенділердің сөзін жоққа шығарды. Ахметжанов түрмедегі ер қызметкерлер әйелдер камерасына сол жерді қадағалайтын әйел күзетшінің хабарламасынан кейін ғана кіреді деп сендіруге тырысты.

Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің ЛА-155/18 мекемесі (тергеу изоляторы). Алматы, 20 тамыз 2020 ж.
Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің ЛА-155/18 мекемесі (тергеу изоляторы). Алматы, 20 тамыз 2020 ж.

– Ерлер, түрме басшылығы әйелдер камерасына постыда тұрған әйел күзетші камерада отырған әйелдерге барып, киініп, сапқа тұруды хабарлағаннан кейін ғана кіреді. Әйелдер моншасындағы терезеден суық соғатыны жайлы Диана Баймағамбетова шағымданғаны рас. Біз бірден терезенің жоғары жағын жауып бердік. Ал енді ботқа жайына келсек, оны үйде дайындасаңыз да аздан кейін қоюланып қалады ғой. Жалпы қамауда отырғандарға берілетін тамақтың бәрі нормаға сай. Әйелдер камерасының салқын болуының себебі – жылу әлі берілген жоқ, – деді Ринат Ахметжанов.

Бірақ ол тергеу абақтысында қамауда отырған әйелдер жуынатын жердің лас екені, қамаудағылар серуенге шығатын жерге күн сәулесі түспейтіні туралы шағымдарға жауап бермеді.

Бұған дейін қазақстандық құқық қорғаушылар азаматтық белсенділер Диана Баймағамбетова, Асхат Жексебаев, Ноян Рахымжанов және Қайрат Қылышевті "саяси тұтқындар" қатарына қосқан. Ресми Нұр-Сұлтан елде саяси ой-пікіріне бола жазаланған ешкім жоқ дейді.

Қазақстанның адам құқығы және заңдылықты сақтау бюросы 23 қыркүйекте таратқан елдегі саяси қуғын-сүргін туралы мәлімдемесінде Алматыда өтіп жатқан 13 белсендінің сотын "оппозиция жақтастарын саяси қудалау науқанының шарықтау шегі" деп атады.

Қазақстанда ҚДТ мен "Көше партиясы" іс-әрекетіне байланысты нақты қанша адамның қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгісіз. Кейбір құқық қорғаушылар кейінгі бірнеше жылда 300-ге тарта адамның жазаланғанын айтады.

Биыл шілде айында халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Нұр-Сұлтанды белсенділерді қудаламауға және саяси оппозициялық қозғалыстарға "экстремист" деген айдар тақпай, еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беруге үндеген.​

13 белсендінің соты. Алматы, 25 тамыз 2021 ж.

13-тің соты. "ҚДТ ісіне араласты" деп айыпталған белсенділердің ісі қалай қаралып жатыр?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:24 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG