"Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" заңға өзгерістер енгізу жобасын таныстырған соң дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев журналистерге министрлік ұсынған өзгерістерде "деструктивті діни ағым атрибуттары мен сыртқы белгілерін жария түрде көрсетуге" тыйым салу қарастырылғанын айтты. "Деструктивті идеологиялық ағым" деген сөз тіркесінің айқын анықтамасы жоқ, бірақ жоба авторлары "деструктивтілік" белгісі санайтын сақалдың кескіні мен ұзындығын реттеуді ұсынады. Бұған қоса, министр "қажет болса, сақалдың ұзындығына қатысты талап та енгіземіз" дейді.
ЗАҢ ЖОБАСЫНДАҒЫ "ДЕСТРУКТИВТІЛІК"
- Әңгіме кез-келген сақал немесе дін қызметкері туралы болып жатқан жоқ. Әңгіме деструктивті діни ағымды ұстанады деп танылған адамдарға ғана қатысты, - деп мәлімдейді Нұрлан Ермекбаев.
Қазақстанда діни ағымдардың деструктивті белгілерін "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" заңға өзгерістер енгізілгеннен кейін қабылданады деп жоспарланған "ІІМ мен ҰҚК арасындағы заңға қосымша акті" бойынша анықтағылары келеді. Министрдің пікірінше, әлгі белгілер "идеологиялық, тұжырымдамалық, психологиялық және сыртқы сипатта" болуы мүмкін.
Заң жобасында деструктивті діни ағым деп "адамның заңмен қорғалатын құқығы мен еркіндігіне қатер төндіретін, адамгершілік қағидаларын, рухани және мәдени құндылықтарын әлсіретіп және (немесе) күйретуді көздейтін діни көзқарас, идеялар мен ілімдер жиынтығы" аталады деп көрсетілген.
Заң жобасын таныстыруға қатысқан санаулы діни қызметкерлер "Деструктивті ағымдарға қандай ағымдарды жатқызу керек?" деген сұраққа жауап бере алмады. Кейбірі журналистерді "Әңгіме Қазақстанда тыйым салынған діни ұйымдар туралы екенін түсінбейсіңдер ме?" деп жазғырды.
Көре отырыңыз: Ата-аналар хиджабты оқушылар үшін медресе ашуды сұрады
Министрдің сөзінше, қоғамдық орындарда адамды бет-әлпетінен тануға кедергі келтіретін киім киюге тыйым салынады. Бұл тармақты әкімшілік кодекске енгізуді жоспарлайды. Ал ниқаб (жоба авторлары киімнің бұл түріне атау бермеген) киген әйелдерге хаттаманы полицейлер толтыратын болады.
Заң талабын "бұзғандарға" салынатын айыппұл көлемі 50 айлық есептік көрсеткіштен(120 мың теңгеден асады) басталатын болады.
Жобада Қазақстан азаматтарының шетелде діни білім алуына шектеу қоюұсынылған. Бұл норманы ұсыну себебін "деструктивті элементтер мен көзқарастардың ықпалына түсіп қалуға жол бермеу үшін" деп түсіндіреді.
— Заң жобасында Қазақстанда базалық діни жоғары білім алмағандарды шетелге баруын шектеу ұсынылып отыр. Бірақ бұл шектеу халықаралық келісім-шарттар негізінде оқитындарға қолданылмайды... Адам базалық діни жоғары білімді елімізде алып, шетелге сосын шығуына болады, - дейді Нұрлан Ермекбаев.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі Серікбай Ораздың пікірінше, бұл "дұрыс, өйткені ол кезге қарай адамның дүниетанымы қалыптасып болады, ал ары қарай ол ой-өрісін кеңейтіп, қосымша білім алатын болады, өйткені негізі бар".
Бұған қоса, дін істері және азаматтық қоғам министрлігі "діни қызметке байланысты жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында» заң жобасы арқылы полицейлердің функцияларын да ұлғайтпақ.
— Полицейлер қылмыс жасауға немесе заң талабын бұзуға бейімділігін көрсеткен күдікті тұлғаларға жария түрде бақылау орната алады, оның ішінде егер әлгі адамдардың әрекеттері әкімшілік заң бұзушылыққа жағдай тудыратын болса, ресми түрде ескерту жасайды, ал әрекеттеріауыр зардаптарға ұласуы мүмкін болса, полиция оларды криминалистік есепке алып, тиісті тергеу амалдарын жүргізе алады, - дейді Нұрлан Ермекбаев.
КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ҚҰЛШЫЛЫҚҚА ҚАТЫСУЫ
Заң жобасын таныстыруға шақырылған діни бірлестік өкілдерінің кейбірі кәмелетке толмағандардың құлшылық жоралғыларына қатысу мәселесі парламенттің жұмыс тобында "пікірталас тақырыбына" айналады деп үміттенеді. Жобаға қарағанда, ата-анасының екеуі де қарсы болмаса, 16 жасқа толмаған балалар мешіт я шіркеуге әке-шешесінің бірі немесе жақын туысына еріп баруына болады. Баланы құлшылық ету жоралғысына қатыстыру жауапкершілігі діни бірлестік басшысына жүктеледі.
— Меніңше, маскүнем жанжалқой мен "ұрлама, өлтірме, әке-шешеңді қадірле" дегенге үйрететін адамның арасында айырмашылық барын олар да түсінеді. Бұл жағы ескерілетін шығар деп ойлаймын, өйткені қызу талқыланды ғой, - дейді Евангелие-Лютеран шіркеуі архиепископы Юрий Новгородов Азаттыққа.
Оның сөзінше, "балалардың шіркеуде бару мүмкіндігі болуы тиіс", бірақ оларды әрі қажетсіз нәрселерден қорғауға, әрі шіркеу немесе мешітке баруына тыйым салмауға болатындай ету - өзге мәселе және әлі талқыланатын шаруа. Архиепсикоп Новгородов 16 жастағы жасөспірім – оң-солын танып қалған тұлға деп санайды.
Оқи отырыңыз: Священник таудағы құлшылығы үшін сотты болды
Мәжілісте Астана және Қазақстан митрополиті Александр заң жобасының бірқатар түзетулерінде Қазақстан православ шіркеуінің ұстанымы ескерілгенін әрі ендіжұмыс тобында ары қарай да жұмыс істеу үміті барын айтты.
— Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі таныстырған заң жобасы қажет әрі маңызды жоба,- дейді митрополит Александр.
Астанадағы Әулие Мария архиепархиясы рим-католиктік архиепископы Томаш Бернард Азаттыққа "ата-аналар баласына бір рет рұқсат қағаз беріп, дін қызметкеріне өткізсе жеткілікті" дейді.
—Құдай туралы білуге балалардың да құқығы бар, бірақ бір жағынан, баласы үшін әке-шешесі жауапты, сондықтан бұл жерде баланс керек. Әке-шешесі жазбаша келісімін берсе жеткілікті болады, өйткені баласының жанында әрдайым бола алмайды ғой, - дейді Томаш Бернард Пэта.
Қазақстанда ата-анасының біреуі қарсы болғанына қарамастан, кәмелетке толмаған баланы құлшылық ету жоралғысына қатыстыруға жол бермеу шарасын қарастырмағаны үшін Жетінші күн адвентистері мен Иегова куәгерлері қауымы өкілдерін қылмыстық жауапқа тартқан оқиғалар болған. Кей сарапшылар бұл норма Қазақстандағы "дәстүрлі емес" ұйымдар деп жиі атайтын шағын қауымдарға қарсы пайдаланылуы мүмкін деп алаңдайды. Құқық қорғаушыларды «деструктивті діни ағым» түсінігінің бұлыңғырлығы да алаңдатады.
Былтыр тамызда АҚШ мемлекеттік департаменті жариялаған "Әлемдегі 2016 жылғы діни еркіндік" туралы есебінде Қазақстан билігі діни ұйымдарды "дәстүрлі" және "дәстүрлі емес" деп екіге бөліп, "дәстүрлі" ұйымдарға қолдау көрсетіп, ал "дәстүрлі емес" ұйымдарды қатаң қадағалап, қудалап отыр деп көрсетілген.
Ертеректе "Форум-18" құқық қорғау ұйымы сайтының редакторы әрі журналисі Феликс Корли үкімет әзірлеген діни бірлестіктер туралы заң жобасы Қазақстанның халықаралық міндеттемелерін орындаудағы кемшіліктерді жоймай, керісінше еселей түседі деген пікір білдірген. Ал Орталық Азиядағы діни ахуал, ұлттық бірегейлік және совет мұрасын зерттеуші, Назарбаев университетінің доценті Хелен Тибо Азаттыққа экстремизмнің алдын алу шаралары ретінде көрсетілетін тыйымдар мен шектеулерден тұшымды нәтиже шықпайды, олар жаңа проблемалар тудыруы мүмкін деген болатын.