Кинотеатр ішінен фильмнің афишасы көрінбейді. Кинотуындының прокатта да жолы болмағанға ұқсайды. Өйткені фильм жарық көрген күні Қазақстан билігінің шешімімен ойын-сауық орталықтарындағы кинотеатрлардың жұмысы коронавирус пандемиясына байланысты уақытша тоқтатылатыны хабарланды.
Көрсетілім кезінде фильмнің тағы бір ерекшелігі байқалды. Фильм тек қазақ тілінде субтитрсіз көрсетілді. Залда отырған екінші көрермен кино басталғаннан кейін бірнеше минуттан соң кассадағылар фильмнің тілі туралы ескертпегенін айтып, шығып кетті. Нәтижесінде Азаттық тілшісі фильмді залда жалғыз отырып көрді.
Қазақстандық азаматтарға Қарасай батыр бірінші кезекте бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бабасы ретінде таныс. Ол өмір сүрген 16-ғасырдың соңы –17-ғасырдың 70-жылдары жоңғарларға, Бұхар хандығына қарсы соғыс, қарақалпақтар көтерілісі, Қазақ хандығындағы билік үшін күрес (Есім ханның орнына Тұрсын ханды қою) сияқты тарихи оқиғалар болған. «Батырлар» драмасында осы оқиғалар тегіс қамтылған.
Фильм драмалық және дәстүрлі сипатта Қарасайдың ата-анасы тұратын ауылға жасалған шабуыл сахнасынан басталады. Шабуыл жасағандар (Жоңғар хандығы құрылардан 40 жыл бұрын болған) ойраттарға ұқсайды. Олар ауыл тұрғындарының көбін қырып салады. Тірі қалғандардың арасында Қарасайдың әкесі Алтынай мен оның аяғы ауыр әйелі Күміс аман қалады. Күмістің рөлін Канн фестивалінде «Айка» фильміндегі үздік рөлі үшін «Алтын пальма бұтағы» сыйлығын жеңіп алған Самал Еслямова сомдайды.
Күмістің толғағы жетіп, болашақта Қарасай батыр атанатын ұл дүниеге келеді. Қарасайдың анасы фильмнің қалған бөлігінде басқа кейіпкерлердің естелігінде ғана жүреді. Оның босанғаннан кейінгі тағдыры айқын көрсетілмеген, сондықтан көрермен Күміс толғақ үстінде көз жұмды деп топшылай алады.
Фильмде Қарасайдың бесікте жатқан сәби кезінен 1643 жылы қазақтардың жоңғарларды ойсырата жеңген Орбұлақ шайқасына дейінгі өмірі қамтылған. Бас кейіпкердің рөлін төрт актер сомдайды. Оның ішінде ең ұзақ ойнаған актер – Назар Сұлтанбаев. Аңыз бойынша Қарасай батыр етігіне бір өгіздің терісі жетпейтін «алып» болған. Сұлтанбаев – орта бойлы, шағын денелі адам. Фильм барысында туынды авторларының аты аңызға айналған батырды шынайы тарихи тұлға етіп көрсеткісі келгені, осы мақсатта орташа денелі актерлерді таңдағаны байқалады.
Осы шынайылықты сақтау үшін аңызда Қарасай батырдың сенімді серігі деп көрсетілген соғыс барысы фильмнен төбе көрсетпейді. «Батырлар» фильмінде бас кейіпкер қатысқан бірнеше соғыс сахнасы бар. Оны өмірдегі қарапайым адам көрсету мақсатынан болса керек, бұл шайқастардың бәрінде бірдей батыр жеңіске жете бермейді.
Фильмде әдемі шайқастар, оның ішінде Орбұлақ шайқасындағы соғыс сахналары жоқтың-қасы.
Сценарий авторларының бірі Мұхамед Момырбековтың айтуынша, шайқас сахналарын түсіруге «қаржы жетпеген».
— Мұндай сахналарды түсіруге бүкіл фильмге жұмсалған қаржы немесе осы бюджеттің жартысы кетер еді. Телевизия басшылығы фильмдерді «Қазақфильмдегідей» қаржыландырумен түсіру керегін түсінбейді.
Сценарист «телевизия басшылығы» деп 2017 жылы әуелі Қарасай батыр туралы телесериалға, ал енді «Батырлар» фильміне тапсырыс берген «Хабар» мемлекеттік телеарнасының басшыларын меңзеп отыр.
«ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҰЖЫМДЫҚ САНАСЫ»
Азаттық тілшісі фильм режиссері, (сценаристер мен продюсерлердің бірі) Асқар Ұзабаевтан сұхбат алуға тырысып көрді. Ол бұрын кинокомедия, әлеуметтік және әскери драма түсіріп келген. Енді өзі үшін жаңа тарихи драма жанрына қадам жасап отыр. Бірақ режиссер Азаттық тілшісінің жазбаша нұсқада жіберген сұрақтарына жедел жауап беруге уақыт таба алмаған сияқты. Фильмнің тағы бір продюсері (Ринат Сафаров) телефон қоңырауына жауап берген жоқ.
Азаттық тілшісі сценарист Мұхамед Мамырбековпен сөйлесті. Ол «Хабар» арнасына шығатын сериалдың синопсисін және соңғы екі серияның сценариін жазған.
Ол фильмді «философиялық», «поэтикалық» және «авторлық» деп атады.
— Режиссер Қарасай батырдың өмірбаянын түсірмей, оның өмір жолын поэтикалық тұрғыдан қайта қарап шығуға тырысты. Бұл фильмді толық мағыналы тарихи туынды деуге болмайды. Бұл – тәмсіл әңгіме. Кейіпкердің және бүкіл қазақ халқының санасына саяхат деуге болады. (…) Бұл – белгілі бір деңгейде философиялық, авторлық фильм, - деді ол.
Фильмге тарих ғылымдарының докторы, профессор, Еуразия, Қазақстан мен Орталық Азиядағы көшпелі халықтардың әскери ісі, мемлекеттілігі және этникалық тарихы бойынша маман Айболат Кушкумбаев кеңесші болған. Авторлардың айтуынша, сценарий жазу кезінде барлық қолжетімді дереккөздер, зерттеулер, кітаптар мен мақалалар пайдаланылған. Қарасай батырдың «ұлы істері туралы» баяндайтын, (1993 жылы басылған) алғашқы кітаптардың бірін қазақ ағартушыларының бір бөлігі «жалған» деп атаған.
Мамырбековтың айтуынша, режиссер бұрынғы президенттің «атақты арғы тегі» туралы емес, өз бабасы туралы фильм түсірген, өйткені өзі де шапырашты руынан шыққан.
— Бұл – бабаларға құрмет. Режиссер шапырашты руынан болмаса, оны «ырқына жығылды» деп айыптаса болар еді. Қарасай батыр ұрпағының Қазақстан президенті болғаны, ал режиссер Шапырашты руынан шыққаны үшін жазықты емес…
Кейбір сыншылар Қазақстан тарихында Қарасай батырды алдыңғы қатарға шығаруға талпынысты 2019 жылы президент қызметінен бас тартқанымен, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде билігін сақтап қалған, «елбасы» («ұлт көшбасшысы») титулы мен жеке басына және отбасына тиіспеушілік құқығына ие Назарбаевтың «жеке басына табынушылықтың» бір бөлігі деп бағалайды.
Тәуелсіз Қазақстанда елді отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында 1990-жылдардың басынан бастап Қарасай батырға деген құрмет күшейген. Осы кезде Солтүстік Қазақстан облысынан Қарасай батыр мен досы Ағынтайдың зираты табылған. Бірнеше жылдан кейін ол жерге кейін республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне енген мемориалды кешен тұрғызылған.
Қазақстанда ондаған көше, мекеме мен басқа нысандарға және Алматы облысындағы ауданға Қарасай батырдың аты берілген. 2019 жылы Қаскелеңде «меценаттардың қаржысына» батырға 11-метрлік ескерткіш қойылған.
Назарбаевтың аты берілген көшелерден бөлек, ел астанасы да бұрынғы президенттің құрметіне Нұр-Сұлтан деп аталады. Елде Назарбаев мектептері, Назарбаев Университеті, кітапхана мен бірінші президент мұражайы бар. Қазақстанда Назарбаевтың өмір жолын оқытатын «Елбасытану» оқу курсы дайындалған. Ол туралы бірнеше фильм мен көркем туынды түсірілген.
ПІКІРЛЕР