"ИНТЕРНЕТТЕ МҰНДАЙ ЖАЗБА КӨП"
Теміртаудағы аулалардың бірінде синтетикалық есірткі сататын интернет дүкеннің пульверизатормен (бояу бүріккіш) жазылған жарнамасын суретке түсіріп тұрғанымда жаныма балаларын ерткен ерлі-зайыпты келді. Қалада мұндай жарнаманы жиі кездестіретін ата-ана бұл жазбаның қандай мағына беретінін сұрады. Сұраққа мен емес, оларға ерген 12 жасар бала жауап берді. Ол "Мұның не екенін білемін, интернетте мұндай жазбалар көп" деді. Мұны естіген әкесі ұлына есірткіге әуестенсе оңдырмайтынын ескертті.
Қазақстанда кең тарай бастаған синтетикалық есірткіге қатаң тәрбие арқылы қарсы тұрудан қайран жоқ сияқты. Көбіне мұндай есірткі тұзағына жастар түседі. Қазақстан билігі синтетикалық есірткінің еркін саудасына әлі тосқауыл қоя алмай келеді: әлеуметтік желі, мессенджер мен интернет сайттарда есірткі сатудың жүздеген амалы бар.
Сәуір айында ірі көлемде синтетикалық есірткі сатқаны үшін 11 жылға бостандығынан айырылған 27 жастағы қарағандылық азаматтың мессенджерден ашқан дүкені әлі бұғатталмаған. Онымен бірге 22 жастағы екі баласы бар әйел де 10 жылға түрмеге қамалды. Екеуі де есірткі қолданып, психотропты заттар сатумен айналысқан. Сотта айыпталушы есірткі сатуға "тұрақты жұмысы мен жалақысы болмағаннан" барғанын айтты.
Қарағанды облысында биыл қатаң үкім шыққан жалғыз іс - осы. Мамыр айында қалалық сотта ірі көлемдегі есірткі сату бабы бойынша тағы бір іс қаралды. Онда да айыпталушылар қатарында есірткі сатып, ақша тапқысы келген жас азаматтар болған. Екі істің де тергеуін Қарағанды облыстық ұлттық қауіпсіздік департаменті жүргізген. Жергілікті тұрғындардың бірқатары ерікті боп көмектескен.
ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК
Сәуірдің соңында Алматы аумағында жасырын жұмыс істеп, синтетикалық есірткі дайындаумен айналысып келген үш зертхана жабылғаны белгілі болды. Қарағанды облысындағы бұрын есірткі пайдаланған азаматтар өңірде де осындай зертхана барын айтады. Полиция Азаттықтың Қарағанды облысында болуы ықтимал зертхана жұмысы туралы ақпаратын растаған да жоқ, жоққа да шығармады.
Қарағанды облыстық полиция департаментінің мәліметінше, былтыр үкімет бақылауды қажет ететін есірткі, психотропты заттар мен прекурсорлар тізімін бекіткен. Бұл синтетикалық есірткіге қарсы күреске едәуір көмек болған. Тізімге есірткінің 89 жаңа түрі еніп, олардың айналымы үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылған. Қазір бұл тізімде есірткінің 368 түрі бар.
Полиция осы тізім бекітілгелі, сотқа жететін істер саны біршама артқанын айтады.
Азаттық сұрақтарына жауап берген Қарағанды облыстық полиция департаментінің хатында:
"Қолға алынған шаралардың нәтижесінде 2019 жылдың 5 шілдесінен бері (тізімді бекіту туралы қаулы күшіне енген күн - ред.) синтетикалық есірткі заттарының заңсыз айналымы бойынша 21 қылмыстық іс қозғалды. Жеті азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Жыл басынан бері 15 іс қозғалды, қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр", - делінген.
Полицияның дерегінше, биыл Қарағанды облысында - 350 грамм, 2019 жылы 170 грамм синтетикалық синтетикалық есірткі тәркіленген.
Департамент өкілдерінің дерегінше, былтыр есірткі тарату туралы ақпарат жариялаған 139 сайт анықталған. Аталған сайттарды бұғаттау үшін бұл тізім ішкі істер министрлігіне берілген. 2019 жылы Қарағанды облысында есірткі заттарын интернет арқылы сату фактісі бойынша 56 қылмыстық іс қозғалған.
2020 жылы Қылмыстық кодекске жаңа бап енгізілді. Онда есірткіні насихаттап, жарнамалағаны үшін үш жылға дейін, топтасып қылмыс жасағаны үш жылдан алты жылға дейінгі мерзімге жазаға тарту қарастырылған. Қарағанды облыстық полиция департаменті берген ресми дерекке сәйкес, жыл басынан бері аталған бап бойынша 10 қылмыстық іс қозғалған. Одан бөлек, кодекстегі басқа баптарға "электронды ақпараттық ресурстардың көмегімен" деген қылмыс сипаттамасы қосылған.
Полицияның дерегінше, енді электронды ресурстардың көмегімен есірткі сатқаны үшін 15 жылға дейін, электронды ресурстардың көмегімен есірткі пайдалануға тартқаны үшін сегіз жылға дейін, есірткі дайындауға қолданылатын заттардың айналымы үшін 10 жылға дейінгі мерзімге түрме жазасы қарастырылған.
"Бұл шаралар есірткіні жаңа әдістердің көмегімен таратқандар жазасыз қалмауы үшін керек. Жаңа әдістерге интернет-технологиялар, сайттар мен әлеуметтік желілер, электронды төлем жүйелері жатады", - деді облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Құрманғали Исмағұлов.
ЕСІРТКІ МЕН ЖҰМЫССЫЗДЫҚ ҚАТАР ЖҮРЕДІ
Сарапшы Татьяна Савицкая – 20 жылдан бері есірткіге тәуелділікті алдын-алумен және необилитациямен (жаңа қабілеттерді дамыту - ред.) айналысатын психолог. Ол синтетикалық есірткі пайдаланатын адамдардың жақындары жиі көмек сұрап келетінін айтады. Бір адаммен жұмыс істеуге бір ай жетсе, екінші науқасты оңалтуға жарты не бір жыл уақыт кетуі мүмкін. Савицкаяның айтуынша, ондай науқастарға психолог мен психотерапевтің көмегі керек. Өйткені есірткіге тәуелділіктен ағзаны улы заттардан тазалау сияқты медициналық әдістердің көмегімен ғана арыла қою екіталай. Психотропты заттардың салдарымен жақсы таныс сарапшы синтетикалық есірткіні оңай табуға болатынын, оның небір түрі барын және оған ересек те, жастар да тез елітіп, тәуелді болып қалатынын айтады. Ол биліктің қолға алған шаралары жеткіліксіз деп санайды.
- Өкінішке қарай, есірткі кең тарап жатыр. Жұмыссыздық жайлаған ортада есірткіге әуес адамдар тез табылады. Науқастарымның бәрі синтетикалық есірткімен табыс табу мақсатында байланысып, кейін өздері де пайдалана бастаған. Біреуге - қайғы, біреуге - пайданың көзі. Қазір есірткі тарату жүйесін бақылауға алу қиын. Бірақ мүмкіндік бар. Мемлекеттің қолында қаншама ресурс бола тұра, есірткінің таралуын тоқтатуға қауқарсыз дегенге сене алмаймын. Билік инновациялық технологиялар енгізіліп жатқанын айтады. Неге осы технологияларды есірткі тарату жүйесіне қарсы қолданып көрмейді? Әлеуметтік желіге ғана емес, азаматтардың шынайылықтан қашуға тырысу ниетіне де назар аудару керек. Бұл бағытта жөні түзу шара жоқ, - дейді сарапшы Татьяна Савицкая.
Ол есірткі таратушыларға психологтар мен арнаулы мамандар тренингтер өткізіп, оңай қолға түспеудің жолдарын үйрететінін айтты. Бұл – тұтас бір бизнес.
Бірде психологқа Қарағандыда тұратын жас азамат келген. Ол интернеттен жұмыс іздеп отырып, синтетикалық есірткі тарату желісіне қосыла жаздаған. Жас, жұмыссыз азаматтарға курстан өту ұсынылған. Жұмыс беруші жол шығыны мен жатақханада тұру ақысын төлеуге уәде берген.
- Ол есірткі таратушыларға психологтар мен арнаулы мамандар тренингтер өткізіп, оңай қолға түспеудің жолдарын үйрететінін айтты. Бұл – тұтас бір бизнес. Барлық жиында осыны айтып жүрмін! Қазір жастар есірткі жарнамасының үстін бояп кетеді. Күрестің бары – осы. Бұл – қолға алынуы керек шаралардың жүзден бір бөлігі ғана. Бүкіл ел аумағында мәселенің кешенді шешімін табу керек. Сонда есірткіге тәуелді адамдардың ағзасын өте көп көлемдегі тұзды сумен шайып, олардың еміне бюджет қаржысын жұмсаудың қажеті болмас еді. Мысалы, [есірткі саудасының] транзиттік аймағы болып келген Қарағанды облысында пилоттық жоба бастауға болады, - дейді Татьяна Савицкая.
ЕСІРТКІ САЛДАРЫМЕН КҮРЕС
Психикаға әсер ететін заттарға тәуелді науқастармен жұмыс істейтін дәрігерлер Қазақстанда 2009 жылдан бері пайда бола бастаған жаңа психотропты заттардың медициналық және психикалық салдары ауыр екенін, оңалту жұмыстарына жылдап уақыт кетуі мүмкін екенін айтады.
- Соңғы зерттеулер есірткіге тәуелді адамдардың ағзасындағы зат алмасу процесі мен нейромедиаторлардың (өмір сапасына, ішкі сезімдер мен көңіл-күйге әсер ететін гормондар) жұмысы қайта қалпына келместей өзгеретінін көрсетті. Өкінішке қарай, медицина науқас адамның ағзасында болған нейробиологиялық процестерді өзгертуге немесе түзетуге қауқарсыз. Бірақ нашақорлықты емдеу қажет. Бұл - ұзақ процесс. Бірінші кезекте, науқаста өмірін өзгертуге деген ниет болуы керек. Оңалту жұмыстары мен адамды қоғаммен араласуға қайта бейімдеуге жылдар кетуі мүмкін, - дейді психикалық денсаулық жөніндегі республикалық ғылыми-тәжірибелік орталықтың Павлодар қалалық бөлімшесінің аға дәрігері Гүлмира Сәдуақасова.
Дәрігер науқастардың көмекке жүгіну жолындағы кедергілерді азайтып, жазалау әдістері мен наркологиялық есепті алып тастау керек деп есептейді. Оның пікірінше, есірткінің залалын азайтудың қарапайым бағдарламасынан толық оңалту процесіне дейінгі қолдау шараларын ұсыну және Қазақстанның барлық өңірінде оңалту орталықтарын ашу өте маңызды.
Психикалық денсаулық жөніндегі республикалық ғылыми-тәжірибелік орталық ұсынған дерекке сәйкес, Қазақстанда есірткіге тәуелді 26 мыңнан астам адам есепте тұр. СПИД орталықтың есебінше, инъекциялық есірткі пайдаланатындар саны бұл көрсеткіштен кемі төрт есе көп болуы мүмкін. Статистикалық деректерге сай, 2019 жылы республика бойынша стимуляторлар мен синтетикалық есірткі қолданушылар 100 мың адамға шаққанда 0,8-ден 1,7-ге өскен.
ПІКІРЛЕР