"АНАМНЫҢ АРҚАСЫНДА ҚҰТЫЛДЫМ"
25 жастағы қарағандылық Екатерина (фамилиясын айтпауды сұрады) есірткі пайдаланушылар арасында кең тараған "скорость" деп аталатын синтетикалық есірткі түрін бірнеше рет тұтынғанын, бірақ кейін одан құтылғанын айтады. Өз сөзінше, анасының жәрдемі мен оқшау емделудің арқасында кеселден арылған. Бұрын ол екі жыл есірткіге тәуелді болған және оның ауыр түрі – героинды тұтыныпты. Героин табу қиындаған соң қалада енді тарай бастаған "скорость" синтетикалық есірткісіне көшкен.
– Басынды оны бір рет иіскеп көрдім. Сосын қанағат тұтпай, инемен салдым. Салдарынан бойымды үрей билеп, есімнен ауысқандай күй кештім, төртінші қабаттан секіргім келді. Сол сәтте анам мені ұстап қалмағанда аман қалмас едім. Есуас адамның күйін кешесің: бір затты он рет басқа орынға ауыстырып қоясың, тәулік бойы еденді шұқылап жата бересің немесе (өзің ойлап тапқан) полициядан тығыласың, - дейді Екатерина.
Ол синтетикалық есірткі қолданатын басқа адамдардың басынан өткен жағдайды да біледі. Қыздың айтуынша, мұндай есірткі адам психологиялық тұрғыда тез шырмап алады. Ал одан "шығатын" кезде адам қатты күйзеліп, торығады.
Бұрын есірткіге тәуелді болған, қазір сондай адамдарға көмектесумен айналысатын Игорь Скурухинның айтуынша, мұндай есірткі әркім әртүрлі әсер етеді: біреу ұша аламын деп ойлап, шатырдан секіреді. Енді бірі өзінен-өзі үрейленіп, ойдан шығарылған адамдардан немесе жәндіктерден қорқады.
– Бізге ұлын алып келген бір әйел, өзінің қолынан келмегенін айтып, көмек сұрады. Анасының сөзінше, ол "синтетиканы" егіп немесе шегіп алады да, асүйде пышақ ұстап отырады. Өзін біреулер қудалап жүр деп елестетіп, солардан қорғанады. Анасы болса ұлының қасында отырып, оны әлгілерден "қорғайды". Бізге мұндай адамдар түскенде оларды ұстап отыру өте қиынға түседі. Келген бетте бірнеше тәулік ұйықтауы мүмкін, себебі есірткі тұтынғанда ұйқысы қашып, бір орында отырмай, тыным таппайды. Ал ұйқысы қанған соң жағдайы қиындайды: күйзеліп, торығады, қайтадан есірткі іздейді. Сондай кезде оларды ұстап қалу өте қиын. Онымен сөйлесесің, бірақ сөзіңді ұқпайды, бүкіл есіл-дерті есірткіде болады, - дейді Скурухин.
СИНТЕТИКАЛЫҚ ЕСІРТКІ КӨБЕЙІП БАРАДЫ
Есірткі, психотроптық заттар мен олардың аналогтары және прекурсорларға Қарағандыдағы сот сараптамасы институтында сараптама жасайды. Бұл жерде қолға түскен заттың есірткі тобына жататынын және заңды немесе заңсыз екенін анықтайды.
Зертханаға журналистер келмейтін сияқты. Олар Азаттық тілшісіне сақтықпен қарап, сарапшыларды суретке түсірмеуді сұрады. Мұның себебін олардың жеке басының қауіпсіздігімен түсіндірді.
– Мынау есірткі сапасын анықтайтын құрал. Бұл жерде оның атауын, ұсынылған затта есірткілік заттың бар-жоғын анықтайды. Басқа құралмен қоспада қанша пайыз есірткі барын анықтап табады. Жедел талдау жасауға арналған құралдың көмегімен 10-15 минуттың ішінде есірткілік заттың бар-жоғын анықтауға болады, - дейді Қарағанды облысы бойынша сот сараптамасы институтының директоры Тимур Ермағамбетов.
Бұрын сараптамаға героин жиі түсетін, қазір синтетикалық есірткілер көбейген екен. Мамандардың айтуынша, қарасора мен одан жасалатын өнімдерге жүргізілген сараптама саны бұрынғыдан өзгермеген, ал синтетикалық есірткілер саны өте тез көбейіп барады. Олардың түрі көп болғандықтан, дер кезінде анықтау да оңай емес.
– Синтетикалық есірткі жасаушылар үнемі бірдеңе ойлап табады. Формула бойынша құрамындағы бір затты біраз уақыттан соң өзгертеді. ол зат Қазақстанда тыйым салынған прекурсор мен синтетикалық есірткілер кестесінде болмауы ықтимал. "Өндірушілер" баламасын жасайды, олар адам организміне бұрынғыдан да жаман әсер етуі мүмкін, - дейді Ермағамбетов.
Сарапшылар синтетикалық заттарды тыйым салынған препараттар тізіміне енгізу үшін белсенділік танытып отыр. Ермағамбетовтің айтуынша, қазір республикалық деңгейде есірткілік құралдар мен прекурсорларды тыйым салынған заттар қатарына жатқызу процедурасын оңайлату мәселесі қаралып жатыр.
Синтетикалық есірткіні жасырын зертханаларда дайындаушылар ғана емес, оны таратушылар да әрдайым бір "жаңалық" ойлап табады. Полиция қызметкерлері заңсыз сауданың жаңа түрілері үнемі кездесетінін айтады. Сатушы мен сатып алушы бір бірімен жүздеспей-ақ, вебсайт немесе мессенджердегі чат арқылы сауда жасайтыны туралы Азаттық бұрын да жазған болатын.
Олар жарнамасын пульверизатор мен трафарет арқылы қабырғаға немесе көзге тез шалынатын басқа жерлерге жазып кетеді. Оған қоса, әлеуметтік желілерде де сауда жасайды. Есірткінің өзін қоғамдық орындарға: кіреберістер мен ағаштың қуысына, урнаға салып кетеді немесе көміп қояды.
Сатушыларды ұстаудан да қиыны - жеткізушілерді қамауға алу. Есірткі бизнесімен күрес жөніндегі басқарма есірткі сатушыларды ұстағандарын хабарлайды, ал оны жеткізетіндердің қармалғаны туралы ақпарат аз.
Полиция дерегі бойынша, соңғы кездері синтетикалық есірткілерді "Еуроодақ елдері, Ресей мен Қытайдан курьерлік қызмет көрсететін логистикалық ұйымдар мен халықаралық пошта" арқылы тарату көбейген.
ЖАСЫРЫН ТЕКСЕРУ ЖӘНЕ ЕМДЕУ
Қарағанды облыстық наркологиялық диспансері қызметкерлерінің айтуынша, Қазақстанда "синтетикалық есірткі" деген түсінік алты-жеті жыл бұрын пайда болған. Ол кезде елдің ірі аймақтарына "спайс" деп аталатын, темекі тәрізді тартатын қоспа келді, оның құрамында синтетикалық каннабиноид бар екені бірден анықталмады.
Кейін "кристалл", "скорость", "ваннаға арналған тұз" деп аталатын синтетикалық заттар пайда болды.
- Бұлардың бәрі сол есірткілік және психоактивті заттар. Түрлі химикатты араластыру арқылы тез әсер ететін есірткілік заттар түрі пайда болады. Бұрын ол заттарды уақтылы анықтай алмайтынбыз. Қазір несеп құрамында оның бар-жоғын анықтай аламыз, - дейді облыстық наркологиялық диспансердің медициналық жұмыс жөніндегі директорының орынбасары Алпыс Аманжолов.
Наркологиялық диспансерде істейтіндердің айтуынша, синтетикалық есірткі өте күшті психомоторлық қозу тудырады. Оны пайдаланған адамда психикалық ауытқу пайда болып, өз-өзіне қол салуға итермелеуі мүмкін. Ықтимал тұтынушылар ретінде қатер тобына жасөспірімдер кіреді. Мамандардың айтуынша, есірткі диспансеріне ешкім медициналық көмек сұрап келмеген, бірақ кеңес сұрайды.
– Проблема ушығып кетпес үшін ата-анасы баланы диспансерге жасырын әкеп, тексертіп алуы керек. Адамдар қоңырау шалып, кеңес сұрайды, бірақ өздері саналы түрде қатерді сезінбесе, біз оларды емделуге мәжбүрлей алмаймыз. Көбіне синтетикалық заттарды тұтынудың алғашқы белгілері туралы сұраған кезде жауап берсек, ата-аналары өзгеше ойлап қалуы мүмкін. Баланың мінез-құлқындағы өзгерісті әке-шешесі жасөспірімдерге тән өзгеріс деп ойлауы мүмкін. Есірткіні қолданған соң жайсыздық пайда болады, адам оны тағы іздей бастайды. Бәрінен қауіптісі – көзге көрінбейтін сауда, - дейді Аманжолов.
Наркологиялық диспансердің сенім телефоны - 8 (7212) 34-70-43. Ол жерде тәулік бойы жұмыс істейтін медициналық куәландыру кабинеті бар, соған жасырын анализ тапсыруға болады.
Мамандар балалардың мінез-құлқындағы өзгерісті жіті бақылауды сұрайды. Күмән туған жағдайда жасөспірімдер наркологына хабарласу керек, жағдай толықтай құпия сақталады дейді олар.
ПІКІРЛЕР