Бұл – "Қамбар ата-1" жобасы аясында көрші елдер қол қойған бірінші құжат. Су электр станциясын салу мәселесі ондаған жыл бойы талқыланып келгенімен, құрылысы басталмаған.
ӘР МЕМЛЕКЕТТІҢ ЖОБАДАҒЫ ҮЛЕСІ ҚАНДАЙ?
6 қаңтарда Бішкекте үш мемлекеттің энергетика министрлері "Қамбар ата ГЭС-1" жобасын іске асыру жөніндегі жол картасына қол қойды. Қырғызстан энергетика министрі Таалайбек Ибраев құрылысқа дайындық басталып кеткенін айтты.
"Қамбар ата ГЭС-1" құрылысы көршілес үш мемлекетке де, әсіресе, Қырғызстанға тиімді. Еліміз электр энергиясын сырттан алмайтын, керісінше, оны экспорттайтын мемлекетке айналуы тиіс. Көрші елдермен бірге "Қамбар ата-1" ГЭС салсақ, электр энергиясы тапшылығы жойылар еді. Бүгін станция құрылысы жөніндегі жол картасына қол қойдық. ГЭС, жол, көпір, электр желілері құрылысына дайындық жүріп жатыр", – деді министр.
Былтыр шілдеде Ыстықкөл облысы Шолпан ата қаласында өткен Орталық Азия елдері басшыларының кездесуінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үш мемлекеттің "Қамбар ата ГЭС-1" нысанын бірлесіп салу бойынша алдын-ала келісімге келгенін айтқан.
Қырғызстан энергетика министрінің орынбасары Мирлан Жақыпов Азаттыққа жол картасы аясында қандай жұмыстар атқарылатынын айтып берді.
"Жол картасында қалай жұмыс істейтініміз толық жазылған. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін дайындау, тендер өткізу тәртібін анықтау туралы құжатқа қол қойылды. 2024 жылы техникалық-экономикалық негіздеме дайын болса, құрылысты бастаймыз. Жол картасына Қырғызстан, Қазақстан мен Өзбекстанға тиесілі бірлескен кәсіпорын құрылады деген бөлім қосылды. Бұл компания Қырғызстанда тіркеледі, бәрі біздің басқаруымызда болады", – деді министрдің орынбасары.
Мирлан Жақыповтың сөзінше, бірлескен кәсіпорын су электр станциясын басқарады, нысан акцияларының 34 % Қырғызстанға тиесілі болады. Қазақстан мен Өзбекстан қалған 66 % иелік етеді (әрқайсысы – 33%).
Қырғызстан билігінің есебінше, "Қамбар ата ГЭС-1" құрылысына 2 млрд 916 млн доллар жұмсалады. Құрылыс алты кезеңнен тұрады. Энергетика саласы мамандары жоба құнын 4-5 млрд долларға бағалайды. "Қамбар ата ГЭС-1" салынса, бұл тәуелсіз Қырғызстан тарихындағы ең қымбат жоба болмақ. Әзірге жобаға қай мемлекеттің қанша қаржы құятыны белгісіз.
ҚЫРҒЫЗСТАНДЫ АЛАҢДАТҚАН МӘСЕЛЕ
Энергетика министрлігі әзірге су электр станциясының құрылысы бойынша қабылданған жол картасы туралы толық ақпарат берген жоқ. Бірақ үш мемлекеттің де жобадағы үлесі белгілі.
Энергетика саласындағы сарапшы Расул Үмбетәлиев үлесті бөлу кезінде келіспеушілік тууы мүмкін деп алаңдайды.
"Қазақстан мен Өзбекстанға 66 % тиесілі болса, қос мемлекет біздің су ресурстарымызды басқарады. Бұл ұлттық мүддеге қайшы келеді. Олардың үлесі 51 % жоғары болғандықтан, кәсіпорынды басқара алады. Не Қазақстан, не Өзбекстан электр энергиясына қызықпайды. Оларға су керек. Демек мүдделері ортақ. Болашақта қос мемлекет үлесін біріктірсе қайтеміз? Сондықтан 51 % Қырғызстанға тиесілі болуы керек. Шешуші дауыс құқығын беретін акциялар пакетіне ие тарап жинақталатын, айналымда жүретін және өндірілетін энергия көлемін өзі анықтайды", – деді Үмбетәлиев.
Расул Үмбетәлиев Қырғызстан қауіп-қатердің алдын-алу үшін халықаралық қаржы ұйымдарынан несие алып, су электр станциясын өзі салуы керек деп есептейді.
Орталық Азияда өзеннің жоғарғы сағасында орналасқан Қырғызстан мен Тәжікстанның өзеннің төменгі жағындағы Қазақстан мен Өзбекстанға қарағанда су ресурсын пайдаланудағы позициясы бөлек. Бірінші топтағы мемлекеттер суға тауар сияқты қарау керек деп есептейді, ал Қазақстан мен Өзбекстан бұл ресурсты ортақ байлыққа жатқызады.
2019 жылы Қазақстан президенті Тоқаев Қырғызстанға ресми сапармен барып, ирригация саласындағы әріптестік туралы маңызды мәселе көтерді. Ол "Орталық Азиядағы трансшекаралық өзендердің су ресурстары – ортақ байлығымыз" деді. Тоқаев су ресурстарын бірлесіп пайдалануды жалғастыру керегін еске салды.
Қырғызстан билігінің дерегінше, Нарын өзенінің 10 % өздері, қалған бөлігін көрші мемлекеттер пайдаланады.
2021 жылдың жаз айларында құрғақшылық болып, өңірде су тапшылығы сезілді. Экологтардың пікірінше, кейінгі жылдары мұздықтардың тез еруі мен халық саны өсуінен Орталық Азияда суға сұраныс артуы мүмкін.
Орталық Азиядағы су мәселелері мен гидроэнергетика ресурстарын зерттеу институтының бұрынғы басшысы Эрнест Қарыбеков Қырғызстан "Қамбар ата ГЭС-1" нысанын жалғыз өзі сала алмайды деп санайды.
"Су электр станциясын өзіміз салып, жалғыз басқарсақ, жақсы болар еді. Бірақ бізде қаржы жоқ. Ол үшін несие алу керек. Бүкіл әлемде несие шарты бірдей. Қарызды 20-25 жыл ішінде қайтару керек, алғашқы 5-7 жыл – жеңілдік кезеңі. Несиені 20-25 жылда қайтару үшін электр энергиясын 10 центтен немесе 8,5 сомнан сату қажет. Қырғызстан мен Орталық Азия елдерінде ондай баға жоқ. Тіпті Қытайдың өзі электр қуатын мұндай бағамен сатып алмайды", – дейді Карыбеков.
Сарапшы бірлескен кәсіпорын құрып, одан көрші мемлекеттерге үлес бөліп беру қауіпті болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
ЖОБАНЫҢ ТАРИХЫ
2022 жылғы 8 маусымда Қырғызстанның Жалал-Абад облысында "Қамбар ата ГЭС-1" құрылысы басталды. Президент Садыр Жапаров құрылысқа дайындық жұмыстарына бюджеттен 1,5 млрд сом бөлінетінін айтты. Бұл ақша құрылыс орнына материал жеткізетін жертөле, Нарын өзені үстінен көпір, жоғары вольтты электр желілерін, автокөлік жолдары мен жұмысшы қалашығын салуға жұмсалмақ. Зерттеу жүргізу, техникалық-экономикалық негіздеме дайындау және басқа да жұмыстарға министрлер кабинеті 412 миллион сом бөлген.
"Қамбар-Ата-1" су электр станциясы Қырғызстан мен Орталық Азияға тиімді. Бұл көрші мемлекеттердегі егістік алқабын суғару мәселесін шешіп, өңірдегі су-энергетикалық тепе-теңдікті қамтамасыз етеді. CASA-1000 жобасы аясында жазда өндірілген электр энергиясы алыс елдерге экспортталады. "Қамбар-Ата-1" су электр станциясы жылына 5,6 млрд кВт/сағ электр энергиясын өндіреді, 1 кВт/cағ 5,15 центтен сатады деген жоспар бар", – деді президент.
Қырғызстан үкіметінің жоспары бойынша, 2024 жылға дейін нысанға қажет инфрақұрылым түгел салынбақ. Су электр станциясының құрылысы 2024 жылы басталады, бірінші агрегат 2028 жылы пайдалануға беріледі. Жоба аясында биіктігі 256 метр болатын бөгет салу қарастырылған. Станция қуаты – 1860 мегаватт, сағатына 5,6 млрд кВт энергия өндіреді, су қоймасы көлемі 5,4 млрд текше метр болады.
Қырғызстан 40 жылға созылған талқылаулар мен сәтсіз жобалардан кейін "Қамбар ата" станциясын салуға кірісті. Нысан құрылысы аяқталса, бұл Тоқтоғұл су электр станциясынан да көп энергия өндіретін ең ірі кәсіпорынға айналады.
"Қамбар ата ГЭС-1" салу идеясы алғаш рет өткен ғасырдың 80-жылдары ұсынылған. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін Ташкенттегі "Гидропроект" ғылыми-зерттеу институты дайындаған. Совет одағы тарағаннан кейін жоба кейінге қалған. "Қамбар ата ГЭС-1" Жалал-Абад облысындағы Нарын өзенінің жоғарғы тұсына салынады.
ПІКІРЛЕР