Даудың тууына Мәскеуде тұратын Ақтан Сүйіншәлин есімді азаматтың Қазақстан әнұраны мәтінін орыс тіліне аударып, әуенімен айтқаны себеп болды.
Ол шілденің 7-сі күні YouTube сайтында жариялаған видеосына «Қазақстан тәуелсіздік алғалы ұлттық әнұранның орыс тіліндегі, қазақ тілінен кейінгі ресми тілдегі поэтикалық аудармасы болмады» деген түсіндірме жазған.
«Бұған дейін ұлттық әнұранның орысша жолма-жол аудармасы ғана болды, оны әндетіп айту мүмкін емес» дейді Ақтан Сүйіншәлин.
ВИДЕО: Ақтан Сүйіншәлиннің Қазақстан әнұранын орысша айтқаны
«ХАЛЫҚ БІРЛІГІНЕ СЫНА ҚАҒУ ӘРЕКЕТІ»
Қазақстандықтардың арасында мемлекеттік әнұрандарының орыс тілінде айтылуын «оғаш әрекет» деп сынаушылар да, «халықтың қабылдауына жақсы екен» деп құптаушылар да болды.
Ақын әрі аудармашы Дәурен Берікқажы Ақтан Сүйіншәлиннің Қазақстан әнұраны мәтінін орысшаға аударып айтқанын хош көрмейді.
– Қазақстан халқын біріктіретін санаулы фактордың бірі – әнұран. Ал мынандай аударманы соған сына қағу үшін жасалған әрекет деп түсінемін. Әнұранды халыққа түсіндіру мақсатында аударған деген күнде де біздің азаматтарымыздың қай бағытқа бұрып әкететінін белгісіз. Бірі орысша, бірі қазақша әнұран шырқайтын жағдайдан қауіптенемін, – дейді ол.
Дәурен Берікқажы басқа елдерден екі тілдегі әнұранды кездестірмегенін, тек жолма-жол аудармасын ғана көргенін айтады.
Ал өлеңдерін орыс тілінде жазатын ақын, «На страже» газетінің бас редакторы Әнуар Омар Ақтан Сүйіншәлин аударған мәтіннің сапасына наразы.
– Аударма төңкерілген кілем сияқты. Суреті көрінеді, бірақ түпнұсқаның дәмі көбіне сезілмейді. Осы жолы соны көріп отырмын. Сапасы нашар, буыны сай келмейді, ұйқасы да жоқ, – дейді ол.
«БҰЛ СОНШАЛЫҚ ЕРСІ ЖАЙТ ЕМЕС»
Алайда мұндай пікірмен келіспейтіндер де бар. Солардың бірі, ақын әрі аудармашы Алмат Исаділдің айтуынша, «әнұранның жолма-жол аудармасын әнге арналған мәтінмен салыстыруға болмайды, оған поэтикалық талап қоюдың қажеті шамалы».
Әнұранды білмейтіндерге де, білсе де мағынасын түсінбейтіндерге де өте пайдалы.Ақын Алмат Исаділ.
– Ал Ақтан Сүйіншәлиннің аудармасы – өте сауатты. Ол әнұранның ішкі идеясын дәл беруге тырысқан. Бұл соншалық ерсі жайт емес. Әнұранды білмейтіндерге де, білсе де мағынасын түсінбейтіндерге де өте пайдалы. Бұл аударманы көріп, «әнұран осындай екен» деп таңырқайтындар табылады, – дейді Алмат Исаділ.
Әнұран мәтінінің жолма-жол аудармасы мен әуенге арналған нұсқасы екі бөлек болатынын аударма заңдылықтары жөнінде ғылыми зерттеулер авторы Камал Әлпейісова да мойындайды.
– Жолма-жол аударманың мақсаты – әнұранның идеясын, ойын түсіндіру. Ол өлең емес. Ал Ақтан Сүйіншәлин жолма-жол аударманы әуен тіліне айналдырған. Мағынасы бұзылмаған, буын саны да сәйкес келіп тұр. Төрт аяғын тең басып тұрған өлең емес, бірақ халықтың қабылдауына оң, құлаққа жағымды, мазмұны жақсы келтірілген, – дейді Камал Әлпейісова.
Алмат Исаділ де, Камал Әлпейісова да «әнұран Ақтан Сүйіншәлин орысшаға аударған мәтінмен ресми түрде айтылып кетеді деп қауіптенуге негіз жоқ» деп біледі.
«ОТБАСЫНДА ӘНҰРАНДЫ ҚАЙ ТІЛДЕ АЙТСА ДА ӨЗІ БІЛЕДІ...»
Азаттық тілшісі бір елдің әнұранының мәтінін өзге тілге аударып айтудың заңға сай келер-келмесін білмек болып, мамандардың пікіріне жүгінді.
Конституциялық кеңестің бұрынғы мүшесі Хабылсаят Әбішевтің сөзінше, заңда әнұранды ресми шара кезінде аударып айтуға рұқсат етілмейді.
– Осындай мәселелерде мемлекеттік тілдің құқықтық артықшылықтары бар. Әркім отбасында әнұранды қай тілде айтса да өзі біледі, бірақ ресми шарада әнұран тек қазақ тілінде ғана айтылады, – деді ол.
Заңгер «Мемлекеттік рәміздер туралы» заңның 9-бабына сілтеме жасайды. Онда: «Мемлекеттік гимн бекітілген мәтіні мен музыкалық редакциясына дәлме-дәл сәйкестікпен мемлекеттік тілде орындалады. Қазақстан Республикасы мемлекеттік гимннің мәтіні мен музыкалық редакциясын басқа музыкалық шығармалардың және өзге де өнер туындыларының негізі ретінде пайдалануға болмайды» деп жазылған.
Қазақстанда мемлекеттік рәміздерге қатысты пікірталастар әр кез болып тұрады. Бұған дейінгі оқиғалар көбіне «мемлекеттік туға құрмет көрсетпеуге» не халықаралық жарыстар кезінде қойылған әнұранға қатысты болған.