2016 жылы қарашаның 3-і күні Атырау қаласындағы №2 қалалық соттағы Макс Боқаев пен Талғат Аянға қатысты сот процесіне Қазақстандағы Нидерланд елшілігі басшысы орынбасары Ян Хаусман мен АҚШ елшілігінің саяси бөлімі бастығы Нинг-чуан Джу (Ningchuan Zhu) бақылау жасауға келді.
Олар Азаттыққа сапарлары туралы комментарий беруден бас тартып, сауалды елшілікке жолдауды ұсынды.
БҰҰ-ДАН ЖЕТКЕН ХАТ
Сот процесінің екінші жартысында сотталушылардың адвокаттары бірқатар өтініштер жасады. Макс Боқаевтың қорғаушысы Жанаргүл Боқаева БҰҰ арнайы баяндамашысы Майна Киаидің Астанадағы «Қадыр қасиет» қоғамдық бірлестігі арқылы жолдаған Макс Боқаевқа қатысты қозғалған қылмыстық іс туралы заңдық сараптамасын іске тіркеуді сұрады.
Ол «Қадыр қасиет» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Анар Ибраеваны Майна Киаидің хатын жеткізуші тұлға ретінде сотқа жауаптауға шақыруды сұрады. Жанаргүл Боқаева Анар Ибраеваны Қазақстанда бейбіт жиындар мен митингілер өткізу туралы заңнаманы жақсы білетін заңгер маман ретінде сипаттап, сарапшы ретінде шақыруды бұған дейін де сұраған болатын.
Алайда қорғаушының сөзіне шамданған судья Гүлнәр Дәулешова соттың бейбіт шерулер, митингілер, жиналыстар өткізу туралы заңды түсіндіруді қажет етпейтінін ескертті.
- Бұл өтініш қабылданбайды сот адам құқығы туралы түсіндіруге мұқтаж емес, қажет деп тапса сот өзі танысады. Ал БҰҰ арнайы баяндамашысының хаты қорғаушы тараптың пікірі ретінде іске тіркелсін, - деді Гүлнәр Дәулешова.
КУӘҒА ҚЫСЫМ ЖАСАҒАН ҰҚК ТЕРГЕУШІСІ ТАБЫЛМАДЫ
Қарашаның 2-сі күні жер реформасына қарсы Атырауда көктемде өткен митингіге қатысқан, сотқа куәгер ретінде шақырылған Қанат Әділханов «бір күн бұрын өзін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) Атырау облыстық департаментіне шақырып, сотқа дейін берген жауабын есіне салғанын» мәлімдеді. Куәгер департаментте оған «сотқа дейін берген жауабы аясынан шықпауды» ескерткенін айтқан болатын.
Оқи отырыңыз: Макс Боқаев пен Талғат Аянның сотында Тоқтар Төлешов жауап берді
Қарашаның 3-і күні адвокат Нұрбике Ескендірова Қанат Әділхановқа ескерту жасаған ҰҚК тергеушісін сотқа шақыру туралы судья тапсырмасы орындалмай жатқанын айтты.
- Бұл туралы сотқа арнайы өтініш түсірілгенімен, сот әлі өз бағасын берген жоқ, ҰҚК тергеушісінің куәні не себепті шақырғанын анықтаған жоқ. Аталған жайт бізді еріксіз сот процесі айыптау бағытында жүріп отыр деген қорытындыға итермелейді, - деді адвокат.
Судья мемлекеттік айыптаушылар Құрмет Сыздықов пен Марат Хабибуллиннен тапсырманың неге орындалмай жатқанын сұрады.
- Куәні шақырған ҰҚК тергеушісі демалысқа кетіп қалыпты, - деп жауап берді прокурор Марат Хабибуллин.
Адвокаттар сотталушыларды залдағы дыбыс өткізбейтін әйнек қоршаудан шығарып, өздерінің олармен ыңғайлы қарым -қатынас жасауына мүмкіндік жасау туралы өтініштерін тағы қайталады. Жанаргүл Боқаеваның сөзінше, әйнек қоршау қорғауындағы азаматтармен қарым-қатынас жасауына кедергі келтіріп әрі айыпталушылардың құқығын бұзады.
Судья барлық сотталушылардың осындай жағдайда ұсталатынын, мұның қалыпты жағдай екенін айтып, өтінішті орындаудан бас тартты.
ЖЕР ТАҒДЫРЫНА АЛАҢДАЙТЫНДАРЫН АЙТҚАН КУӘЛЕР
Қарашаның 3-індегі сот процесіне куә ретінде жауаптауға шақырылған жеті адамның екеуі Нұрлан Мәтжанов пен Ләззат Жұмабаева ғана Талғат Аянның таныстары болып шықты. Жауапталушылардың кейбірі митингіге бармағандарын және сотталушыларды танымайтындарын, енді біреулеріалаңға жер мәселесі туралы БАҚ-тағы ақпараттар мен әлеуметтік желідегі хабарларды естіп барғандарын айтты.
Оқи отырыңыз: «Аянға ақша берген» Төлешов «көмекшілерінің» соттағы сөзі
Сотта жауап берген жеке меншік компания қызметкері Асхат Досанов митинг туралы әлеуметтік желіден білгенін, өзін ешкімнің шақырмағанын, ол жерге азаматтық позициясын білдіру үшін барғанын айтты.
- Мен алаңға сотталушыларды қолдау үшін емес, өзімнің азаматтық позициямды білдіру үшін бардым. Жер ұзақ жылдарға тек шетелдіктерге ғана емес, қазақстандықтарға да берілмеуі тиіс, - деді ол.
Ал Самат Есекенов есімді жеке меншік компанияның қауіпсіздік инженері «жер мәселесінің қозғалып жатқаны туралы бұқаралық ақпарат құралдарынан естігенін» мәлімдеді.
Үй шаруасындағы әйел Ләззат Жұмабаева мен сотта куәлік берген «Каспий табиғаты» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Махамбет Хәкімов митингіге қатыспағандарын айтты. Оларды жауаптау барысында прокурор қоғамдық бірлестік жетекшісі Махамбет Хәкімовтен Макс Боқаевтың қалай табыс табатыны туралы сұрады. Судья бұл сауалдың іске қатысы жоқ деп танып, оған жауап бермеуге болатынын айтты.
Сәрсенбі күнгі сот процесінде судьяның сұрағына жауап берген Caspian Energy Research компаниясының жүргізушісі Еркін Атыраубаев та митингіге өзі еркімен барғанын мәлімдеді.
- Мені ешкім митингіге шақырған жоқ. Митинг заңсыз болса да баратын едім, себебі жер мен балаларымның тағдырына алаңдаймын, - деді ол.
Ал Қарабатандағы мердігер компаниялардың бірінің жұмысшысы Қанат Әділханов судья оқыған «сотқа дейін берген жауабындағы» «маған мамырдың 21-і күні митингіге бару туралы Макс Боқаевтан хабарлама келді, оны ары қарай тараттым» деген сөзді айтпағанын мәлімдеді.
- Маған ешқандай хабарлама келген жоқ және мен ешқайда хабарлама жібергем жоқ,- деді ол.
«Әлеуметтік, ұлттық алауыздық тудырды, жалған ақпарат таратты, заңсыз митинг ұйымдастырды» деген айыптар тағылған атыраулық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянғы қатысты қылмыстық сот 2016 жылғы қазанның 12-cінен бері жалғасып жатыр. Сотталушылардың өзі Қазақстан конституциясы мен заңына сәйкес әрекет еткендерін айтып, айыптарын мойындамай отыр.
Бұған дейін «Қазақстанда төңкеріс жасамақ болды» және «жер реформасына қарсы митингілерді қаржыландырды» деп айыпталып, қазір қамауда отырған шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешов сотқа куә ретінде қатысып атыраулық белсенді Талғат Аянға «ақша беріп жібергенін» айтқан еді. Талғат Аян одан ақша алмағанын мәлімдеген.