Accessibility links

Мұнайшылар жер шеруіне өз еріктерімен барғандарын мәлімдеді


Белсенділер Талғат Аян (сол жақта) мен Макс Боқаев сотта. Атырау, 28 қазан 2016 жыл.
Белсенділер Талғат Аян (сол жақта) мен Макс Боқаев сотта. Атырау, 28 қазан 2016 жыл.

Макс Боқаев пен Талғат Аянның сотында қарабатандық жұмысшылар сотталушыларды танымайтындарын, Атыраудағы сәуірдегі жер реформасы жайлы шеруге өз еріктерімен қатысқандарын айтты.

ЖЕР ШЕРУІ ЖАЙЛЫ ЖҰМЫСШЫЛАР ЖАУАБЫ

Атырау қаласында «заңсыз митинг ұйымдастырды», «жалған ақпарат таратты», «әлеуметтік, ұлттық алауыздық тудырды» деп айыпталған азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның сот процесінде куәлік берген жұмысшылар сәуірде Атыраудағы жер реформасына қатысты шеруге өз еріктерімен барғанын айтты.

Жұма күні сот тергеуіне Қарабатан елді мекеніндегі «Болашақ» мұнай-газ өңдеу зауытының бірнеше мердігер компанияларының жұмысшылары жауап берді. Судья Гүлнәр Дәулешова айыптау тарабы куәгер ретінде шақырған жұмысшы Уәли Айдарбековтің сотқа дейінгі тергеу кезінде берген жауабын оқыды. Онда куәгердің «Атырауда сәуірдің 24-і күні болатын жиынға баратыны туралы жұмысшылар алдын ала кәсіпорын басшылығын хабардар еткені, басшылықтың оларға «арандап қалмауды» ескертіп, жұмысшылардың өз есебінен демалыс алып, Атыраудағы жиынға қатысуларына қарсы болмағаны» туралы айтқаны жазылған. Уәли Айдарбеков судьяға «мен бұлай деп айтқан жоқпын, бірақ сол жауаптағы кей әңгімелердің жұмыс барысында болғаны рас» деп мәлімдеді.

Макс Боқаев пен Талғат Аянның ісін қарап отырған судья Гүлнәр Дәулешова.
Макс Боқаев пен Талғат Аянның ісін қарап отырған судья Гүлнәр Дәулешова.

Жұмысшылар сотталушы Макс Боқаев пен Талғат Аянды танымайтындарын, «жерді шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға беру және жеке меншікке сату» туралы хабарды телеарнадан, әлеуметтік желіден естіп, Атырауда сәуірдің 24-і күні өткен жиынға өз еріктерімен барғандарын мәлімдеді.

Сотқа жауап берген жұмысшы Ғарифолла Алаң елде «ауыл шаруашылығы жерін шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға беру» жөнінде жаңалықты алдында телеарна хабарынан естігендіктен осы мәселеге қатысты жиынға өз қалауымен барғанын айтты.

Уәли Айдарбеков билік рұқсат бермеген жиынға қатысуының себебін жерге байланысты алаңдаушылықпен түсіндірді.

- Заңсыз жиын дегенді басқа адамдар да мен тәрізді түсінбеген болар. Мен «жер сатылмасын» деген талаппен бардым, - деді ол.

Макс Боқаевтың куәгерге айтқан «сіз тәрізді азаматтардың барлығын мақтан тұтамын, рахмет келгеніңізге» деген репликасына судья «алғыс айтуға болмайды, айтарыңыз болса жазбаша беріңіз» деп ескерту жасады.

Макс Боқаев пен Талғат Аянның сотында куәлік беріп тұрған "Болашақ" зауыты мердігері жұмысшысы Нұрбол Бейімбетов. Атырау, 25 қазан 2016 жыл. (Монитордан түсірілген сурет.)
Макс Боқаев пен Талғат Аянның сотында куәлік беріп тұрған "Болашақ" зауыты мердігері жұмысшысы Нұрбол Бейімбетов. Атырау, 25 қазан 2016 жыл. (Монитордан түсірілген сурет.)

Сотталушылар адвокаттары ұлттық қауіпсіздік комитеті жүргізген сотқа дейінгі тергеу хаттамасында қазір куәгер ретінде сотқа қатысып отырған жұмысшылардан Атырау қаласында жауап алынды деп көрсетілгенімен, іс жүзінде олардан Қарабатанда жауап алынғанын айтты.

Жұма күні судья Гүлнәр Дәулешова сот процесінде қарашаның 2-сіне дейін үзіліс жариялады

Бұған дейін қазанның 25-сі күні сотқа куәлік еткен «Болашақ» мұнай өңдеу зауытының мердігер компанияларында жұмыс істейтін бес адамның екеуі тергеу хаттамасына таныспай қол қойғандарын мәлімдеген еді.

«КІНӘНІ МОЙЫНДАУ» ҰСЫНЫСЫ ӨТПЕЙ ҚАЛДЫ

Қазанның 27-сі күні Атыраудағы сотқа қатысқан алматылық журналистер Гүлжан Ерғалиева мен Рысбек Сәрсенбай сотталушылармен процесуалдық келісім жасау жайын сөйлесу үшін оларға жолығуға рұқсат сұрап, судьяға өтініш берген еді. Өтінішті сот үстінде баршаға оқыған судья Гүлнәр Дәулешоваға сотталушы Макс Боқаев пен Талғат Аян ешқандай процесуалдық келісімге бармайтындарын мәлімдеді.

- Мен бұған байланысты сот басталғанда айтқан пікірімді өзгертпеймін. Бұл екі адамды құрметтеймін, кездесу берілсе олармен сөйлесетін тақырып жетеді, - деді Макс Боқаев өзіне сөз берілгенде. Бұл пікірді Талғат Аян да қостады.

Журналист Гүлжан Ерғалиева. Алматы, 26 ақпан 2015 жыл.
Журналист Гүлжан Ерғалиева. Алматы, 26 ақпан 2015 жыл.

Сол күні түстен кейін жалғасқан сот отырысында судья сотталушылардың процесуалдық келісім жасаудан бас тартқаны себепті және олармен кездесуге сұранып отырған адамдардың Макс Боқаев пен Талғат Аянға туыстық қатынасы жоғын алға тартып, Гүлжан Ерғалиева мен Рысбек Сәрсенбайдың кездесу жайлы өтінішін қанағаттандырмай тастады.

Бейсенбі күні сот отырысы аяқталғаннан кейін Азаттыққа комментарий берген Гүлжан Ерғалиева «мәселені ушықтырмай, заңда көрсетілген мүмкіндікті пайдаланып, келіссөздер арқылы шешуге болады» деп санайтынын айтты.

- Олар митингке қатысқанын, елді оған келуге үгіттегендерін мойындаулары тиіс. Жігіттерге қылмыстық кодекстің «әлеуметтік, ұлттық алауыздық тудыру» туралы 174-бабының 2-тармағы бойынша өте ауыр айып тағылып отыр, заңгерлер ол айыптар жеңілдетуге жатпайтынын айтады. Мен ауыр бір нәрсені сезіп тұрмын. Осындай айыппен бірнеше адам сотталған. Бұл бап бойынша бес жылдан кем жаза бермейді,- деді ол.

Макс Боқаев Атырау сотында Қазақстан конституциясын көрсетіп тұр. Оң жағында тұрған - Талғат Аян. Атырау, 18 қазан 2016 жыл.
Макс Боқаев Атырау сотында Қазақстан конституциясын көрсетіп тұр. Оң жағында тұрған - Талғат Аян. Атырау, 18 қазан 2016 жыл.

Бірақ сотталушы Макс Боқаев «ешқандай айыбы жоқ» екеніне сенімді.

- Қандай кінәні мойындауым керек? Қазақстанда бейбіт жиындар туралы заң бар, мен соған сәйкес митингіге қатыстым. Мен кінәлі емеспін, қоғамға, адамдардың өміріне қауіп төндіріп, елдің берекесін алатындай ештеңе жасаған жоқпын, - деді ол сот арасындағы үзілісте Азаттыққа.

Оның пікірмен келісетінін айтқан сотталушы Талғат Аян өздерінің Қазақстан конституциясының 20-бабына сәйкес әрекет еткендерін мәлімдеді. Аталған бапта Қазақстанда сөз бен шығармашылық еркiндiгiне кепiлдiк берiлетiні, цензураға тыйым салынатыны, әркiмнiң заң жүзiнде тыйым салынбаған кез келген тәсiлмен еркiн ақпарат алуға және таратуға құқығы бары жазылған.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СТАНДАРТТАН ӨЗГЕШЕ ҚАЗАҚСТАН ЗАҢДАРЫ

Атыраудағы сот процесіне мониторинг жасап отырған алматылық құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның пікірінше, «айыптау тарабы ұсынған куәгерлердің дені Макс Боқаев пен Талғат Аянды мүлде танымайды».

- Олардың көбі көктемдегі жер туралы митингіге қатыспағанына қарамастан куәлік етіп жатыр. Істі тергеген ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеушілерінің көзқарасы бойынша, Макс Боқаев пен Талғат Аянның басты кінәсі - әкімдік рұқсат бермеген митингіге шығуға батылдары жеткені. Жиын өркениетті елдердегідей бейбіт түрде өтті. Адамдар алаңға жиналып, билікке талаптарын айтты. Билік оларды тыңдады. Президент мораторий жариялады. Үкімет реакция білдіріп, жер комиссиясын құрды. Ендеше белсенділердің кінәсі қандай? - дейді Төреғожина.

Құқыққорғаушы Бақытжан Төреғожина Қазақстанда адам құқығы бұзылып жатқанына наразылық акциясын өткізіп тұр. Женева, 22 маусым 2016 жыл.
Құқыққорғаушы Бақытжан Төреғожина Қазақстанда адам құқығы бұзылып жатқанына наразылық акциясын өткізіп тұр. Женева, 22 маусым 2016 жыл.

Ол атыраулық белсенділер үстінен қылмыстық іс қозғалуының себебін Қазақстанның бейбіт шерулер, митингілер мен жиналыстар өткізу туралы заңының әлсіздігінен іздейді. Құқық қорғаушы Қазақстан қолданыстағы заңды мұрағатқа жіберіп, халықтың бейбіт жиындар өткізу құқығын жүзеге асыру механизмін халықаралық стандартқа сәйкестендіруі тиіс деп санайды.

- Мен оларды процесуалдық келісім арқылы айыбын мойындатуға итермелеумен келіспеймін. Адамның сөз бостандығы, бейбіт шерулерге қатысу еркіндігі және конституцияда қарастырылған өзге де көптеген құқықтары бар. Қазақстан өзінің репрессиялық заңдарын емес, халықаралық стандартқа сай заңды қолданса, Боқаев пен Аян қазір сотталушылар орындығында отырмас еді, - дейді Бақытжан Төреғожина.

Азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян биыл сәуірдің 24-і күні Атырау қаласының орталық Исатай-Махамбет алаңында өткен, соңғы бес жыл көлеміндегі ең ірі рұқсат етілмеген шеруде белсенділік танытқан. Оларға «заңсыз митинг ұйымдастырды», «жалған ақпарат таратты», «әлеуметтік, ұлттық алауыздық тудырды» деген айыптар тағылып, екеуі мамырдың 17-cінде қамауға алынған. Екеуіне қарсы сот процесі қазанның 12-сінде басталған. Атыраулық белсенділер өздеріне тағылған айыптардың ешқайсысын мойындаған жоқ.

Көктемдегі жұртшылық наразылығы Қазақстанның бірнеше қаласына жайылған соң президент Нұрсұлтан Назарбаев даулы жер туралы заң өзгерістеріне мораторий жариялап, кейін оны бес жылға ұзарту туралы жарлық шығарған. Үкімет қоғам белсенділерін тартып, жер мәселесі жөнінде комиссия құрған. Макс Боқаев қоғамдық комиссия жоғарыдан бұйрық ретінде құрылып, құрамына халық өкілдері аз кірді деген уәжбен оның жұмысына қатысудан бас тартқан.

XS
SM
MD
LG