Соңғы кезде қазақстандық қайсыбір бұқаралық ақпарат құралдарында «Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында қытай фермерлеріне жалға жер беріліпті» деген сыңайдағы түрлі ақпараттар таратылып, ел ішінде «қытайлап қаптап барады» деген қаңқу сөз көбейді. Осы орайда Азаттық радиосының тілшілері болған жайды көзбен көрмек үшін Үржар ауданына барып қайтты.
ҮРЖАР – ҚЫТАЙМЕН САУДАНЫҢ КӨЗІ
19 ғасырдың орта шенінен ірі елдімекенге айнала бастаған бүгінгі Үржар кенті - қашаннан халықаралық сауда орталығы. 1860-1867 жылдары Ресейдің Қытайдағы Шәуешек елшілігінің бөлімшесі Үржарда тұрса, 1867 жылдан 1879 жылдан Қытай өкілдігі жұмыс істеп, Ресей мен Қытай арасындағы сауданы дөңгелентті.
Қытайландыру саясатының күрт күшеюіне байланысты 1962-1963 жылдары Қазақстанға көтеріле көшкен жүз мыңнан астам қазақтың алғаш табан тіреген жерінің бірі де осы Үржар өңірі. 1969 жылы тамызда СССР мен Қытай арасындағы әскери қақтығыс орны Жалаңашкөл де Үржардан соншалық қашық емес.
Қазақстанды Қытаймен байланыстыратын Бақты-Шәуешек халықаралық автомобиль жолы Үржарды көктей өтеді.
Солтүстігі Тарбағатай жотасының сілемдері Қарауылтөбе, Ақтас, Ақшәулімен, оңтүстік-шығысы Бармақ құмы, Қосай шағылы, Көрпебай, Бақты, Арқарлы және Арасан тауларымен шектесетін Үржар ауданының топырағы құнарлы, шөбі шүйгін.
Жергілікті шаруа қожалықтары жетекшілерінің айтуына қарағанда совет өкіметі тұсында жаппай игерілген жердің көбі бүгінде бабы келіспей, қамыс басып, тозуға айналған, «ал құнарлы жерлерге біртіндеп
қытайлықтар қол салып жатыр».
«ҚЫТАЙСЫЗ-АҚ КҮН КӨРГЕНБІЗ»
Кейбір жергілікті тұрғындар «Бәтуа» компаниясының қомақты қаржыны өз қалтасынан шығарып отырғанына күдікпен қарайды.
Жергілікті шаруа қожалығының жетекшісі Мұратхан Жүнісов:
– «Бәтуаның» жер жыртқан тракторшыларға 300 мың теңгеге дейін ақша бергенін естідік. Мұндай мол ақшаны Қытай бермесе қайдан алады? Қытай сөйтіп бізді ақшамен сатып алғысы келіп отыр. Әуелі мамандарын, сосын адамдарын жібермек қой. Компания Қазақстандікі болса да түпкі иесі – Қытай. Мейлі, қандай жолмен болса да, Қытай қаржысын тартуға қарсымын. Қазақ елі мұнан жаманында да Қытайсыз-ақ күнін көрген. Оларсыз да соя еккенбіз. Біздің биліктегілер халыққа жаны ашыса, жергілікті шаруа қожалықтарына жәрдем жасасын, жанар-жағар май мен тыңайтқыш, қосалқы бөлшектерді арзан бағамен берсін. Сонда жастар да қалаға қарай тентіремейді, – деген пікірін білдірді.
Ол Үржарға жаңадан ірге теуіп жатқан компания ауылдағы жұмыс күшін де әкетіп жатқанына алаңдайтынын айтты.
Ал жаңадан келіп жатқан «Бәтуа» компаниясы алған жердің бұрынғы иесі Ержан Тілемісов:
– «Бәтуа» – қытай компаниясы емес қазақтікі, ақшасы – мұнайдікі. Жұмысшысы да, басшысы да – қазақ. Арасында жиырма шақты қытай
маманы бар. Ал одан жоғарыда қандай дөкейлер басқарып отырғанын сұрасам да айтпады. Өз басым ол жерді игеруге шамам келмей тастап кеттім. Еккен күнбағысымды қарға жеп, рәсуа қылды, – дейді.
Сол ауылдың байырғы тұрғындарының бірі, тракторшы жігіт ағасы басқаша ойлайды:
– Ауылдың байлары жасаған еңбегіңе төлегісі келмейді. Басында келіскен жалақыңды бермей, берсе де бөліп-бөліп діңкелетеді. Тіпті себебін тауып, өзіңді сабап жібереді. Соны көрген жастар ауыл байларына сенбейді, содан соң қалаға қашпағанда қайтеді? Мына «Бәтуа» да біздің байларға бәсекелес болғалы тұр. Бірақ оның да 40 мың теңгесі таңның атысы, күннің батысы істеген еңбегіңе арзымайды. Одан гөрі Астанаға барып кран айдағаным жақсы емес пе, – дейді.
«ҚАЙ ЖАҚ КӨП ТӨЛЕСЕ, СОЛ ЖАҚҚА БАРАМЫЗ...»
Үржар кентінен шамамен 70 шақырым жердегі соя алқабына аттанған Азаттық радиосының тілшілері жолай Үржар өзенінен су тартатын насос орнатып жатқан бригадаға кез болды. Жөн сұрассақ, бұлар «қытайды қаптатып жіберген» «Бәтуа» компаниясының жұмысшылары екен.
Өзін Зұлпықар Құмарбек деп таныстырған жұмысшы мұнда тек қана қазақтар жұмыс істейтінін, ал қытайлардың Қытайдан әкелінген техникалармен қоса шақырылған мамандар екенін айтты.
– Бұл жерде Қытай жұмысшылары жоқ, тек мамандары ғана бар, – дейді жұмысшылардың бірі. – Ал біз қай жақта көп төлейді, сол жаққа барамыз.
Жұмысшылар Үржар өзенінен соя алқабына су сорғызып жатыр. Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы, 24 мамыр 2011 жыл.
Ауылда жұмыссыз жүрдік. Астананы да, Алматына да көрдік. Алғашында «15 күн жұмыс істеп, 15 күн демаласыңдар, вахталық тәсілмен жұмыс істейсіңдер» деген. Бірақ қазір науқан уақыты болған соң жібере салмайды ғой. Бұл жерде осы төңіректегі бірнеше ауылдан келген жұмысшылар бар. Жалақымыз – 40 мың теңге.
Жұмысшылардың бригадирі:
– Жалпы, бізді ренжітіп жатқан жоқ. Аванс десек, авансымызды беріп жатыр. Тамағымыз, жатын орнымыз – тегін. Басшымыз – қарапайым жігіт, қолына күрек ұстап бізбен бірге жүреді, халымызды біліп тұрады. Өтірік айтсам, мына жігіттер тұр ғой – айтсын, – деді.
«МИСТЕР ВЭЙ»
Насос орнатушылардың сырт жағында отырған Қытай азаматы өзін «мистер Вэй» деп таныстырды. Аудармашысы – Үрімшіден келген Әлен Мамай деген қазақтың жас жігіті.
Жетпіс жастағы мистер Вэй Пекиннен келіпті. Отбасы, екі баласы бар. Қолында екі айлық визасы бар көрінеді. Жұмысқа қажет болса, тағы да ұзартпақ.
– Бірақ алты айдан асырмай қайтамын. Жалақыны бұл жақтан емес, Қазақстанға техника жіберген Қытай компаниясынан аламын, – дейді.
Азаттық радиосы тілшісінің «Болашақта Қазақстанға келіп жұмыс істеу ойыңда бар ма?» деген сауалына «жоқ» деп қысқа жауап берді.
ДАУДЫҢ БАСЫ – СЕГІЗ МАМАН
«Бәтуа» компаниясының жұмысшыларға арналған барактары мен асханасы, техникалық жөндеу орындары алыстан көрінеді. Азаттық радиосының тілшілері осы қоста компания директорының орынбасары Нұрлан Биәділовпен сөйлесіп, әңгімені «қанша қытай әкелдіңіздер?
"Бәтуа" компаниясы директорының орынбасары Нұрлан Биәділов. Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы, 24 мамыр 2011 жыл.
тәуекелі көп салаға қаржы салған кім?» деген сауалдардан бастады.
- «Бәтуа» – қазақстандық компания, жерді жалға алып отырған да – қытайлар емес, біз, – дейді ол. – Сондықтан қаржы да Қазақстандікі. Рас, соя егуге арналған техникаларды Қытайдан лизингке алдық. Содан соң олардан соя технологиясын жетік білетін мамандар жіберуді сұрадық. Яғни мамандар бізге лизингтік жолмен келді. «Үржарды қытай басып қалыпты» деген қауесеттердің шығуына желеу болып отырған – осы сегіз маман. Бірақ бір нәрсеге назар аударыңыздар: бізде қазір бас-аяғы 200-ден астам адам жұмыс істейді. Соның сегізі ғана – Қытай азаматы. Оларға жалақы төлейтін – бізге 30 трактор, 70 агротехниканы лизингке берген - Қытай компаниясы. Дән сепкендегі кеңесшіміз қазірдің өзінде кетіп қалды. Оның орнына егінге орақ салар кезде басқа маман келеді. Яғни, олар егіс маусымы толық біткенше ауысып отырады.
Азаттық радиосы тілшісі ел аузында жүрген «қытайлар қазақ қыздарына үйленіп, Қазақстанда қалып қоюы мүмкін» деген сөзді айтып еді, Нұрлан Биәділов:
- Біріншіден, бізге келгендерің бәрінің де отбасы бар. Екіншіден, олар Үржарда емес, егіс алқабында жүреді. Ал егіс алқабына ең жақын ауылдың өзі 40 шақырым жерде. Сонда кімге үйленеді? – деп жауап берді.
Үржардың кей тұрғындарының «Қазақстан Қытай мамандарынсыз-ақ соя еккен» деген ой-пікірін Нұрлан Биәділовке айтып едік:
- Рас, өз агрономдарымыз жоқ емес. Міне, жанымда отырған Бақыттың 25 жылдық агрономдық тәжірибесі бар. Біз 49 жылға 7 мың гектар жер алдық. Соның үш мыңына дән сеуіп, тағы мың гектарын бастағалы отырмыз. Қазірге дейін Қазақстанда 4 мың гектар жерге соя егіп, шығынын пайдасымен өтеп алған ешкім жоқ. 4 жүз гектар мен 4 мың гектарды
"Бәтуа" компаниясының тракторы соя алқабында жүр. Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы, 24 мамыр 2011 жыл.
салыстыруға болмайды. 4 мың гектардың бір басын егіп біткенше, екінші басы кеуіп кетеді. Үлкен көлемде соя егу жөнінде Қытай мамандарының тәжірибесі өте мол, сондықтан олардың әрқайсысының жанына Бақыт сияқты өз маманымызды қойдық. Олар үйренген соң бізге Қытай маманының керегі жоқ. Мәселен АҚШ-тың техникасын алсаң, АҚШ-тың мамандарын да алуың керек қой, - деген уәж айтты Нұрлан Биәділов.
Кейбір жергілікті тұрғындардың «Қытай сыртқа тұқымдық дән мен гербицид шығаруға рұқсат бермейді, ал бұлар тұқымдықты Қытайдан алып отыр», «Үржар өзенінің суын сорып, табиғатқа экологиялық зардабын тигізетін болды» деген күдігін де «Бәтуа» компаниясы директорының орынбасарына айтып көрдік.
- Біз небәрі 40 гектар жердің тұқымдық дәнін ғана Қытайдан алдық. Қытай одан артық бермейді. Қалғаны – өз еліміз бен Швейцариянікі. Гербицидті Швейцариядан әкелдік, – деген Нұрлан Биәділов гербицидтың қорабына дейін көрсетіп тұрып: – Жылына бір рет, әрі кетсе екі рет суарылатын біздің 4 мың гектарымызға Үржар өзенінің мұрты да бұзылмайды. Совет өкіметі тұсында бұл өзеннен мұнан әлдеқайда көп жер суарылған, – дегенді айтты.
Оның сөзіне қарағанда сояның әр гектарынан 2,5 тонна өнім алынса, кредитті толығымен қайтарып, пайда табуға да болады. Алынған өнімді Үржарға іргелес Қытай арқылы басқа да елдерге экспорттамақ.
«ИМАНДЫ КІСІЛЕРДІҢ ИНВЕСТИЦИЯСЫ...»
38 жастағы Нұрлан Биәділовтің өзі ұдайы егіс басында жүргенімен, жанұясы Астанада тұратын көрінеді. Бес баласы бар. Ол өзінің Алматыдағы физика-математика мектебін, КИМЭП-ті бітіргенін, одан соң менеджмент саласында жұмыс істеп, АҚШ-та, Түркияда тәжірибе жинақтағанын, «Бәтуа» компаниясын құрғанға дейін мұнай саласындағы бизнесте жұмыс істегенін айтты.
«Оның бизнестен егіске келуіне, бәлкім, мұнай саласындағы мол қаржы
Сол төңіректе жүрген иманды кісілердің инвестициясы екені рас...
түрткі болған шығар» деген Азаттық радиосының тілшілерінің болжамын Нұрлан Биәділов теріске шығара қойған жоқ.
- Сол төңіректе жүрген иманды кісілердің инвестициясы екені рас, – деген Нұрлан Биәділов Алматы қаласындағы Әйгерім ықшам ауданының мешітіне бас сұғып тұратынын, ондағы наиб-имамның, достарының көпшілігі «Нұр-Мүбәрәк» діни университетінің шәкірттері екенін айтты.
Сөз реті келгенде айта кетейік: Азаттық радиосының тілшілері Алматыға оралған соң Әйгерім ықшам ауданындағы мешітке барып, наиб-имам Кенжебек Қаленовті тауып алып, тілдескен еді. 2005 жылы «Нұр-Мүбәрәк» университетін тәмамдаған наиб-имам:
- Нұрлан Биәділов осы ісін бастағанда менен: «Егінге кіріскелі жатырмын – берекесі бола ма, дінімізде диқаншылық туралы не дейді» деп сұрағаны есімде, - дегеннен басқа ештеңе айтпады.
«Бәтуа» компаниясы директорының орынбасары Азаттық тілшілеріне жұмысшылардың жатын орны мен асханасын көрсетіп, әзірге далалық
"Бәтуа" компаниясының жұмысшылары түскі астарын ішіп отыр. Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы, 24 мамыр 2011 жыл.
жағдайда жұмыс істеп жатқандығын, екі-үш ай мұрсат берілсе, жұмысшы үйлері мен тынығатын орындарын, футбол алаңына дейін сала бастайтынын айтты.
- Біреуге жаңалық, біреуге қызық керек болған шығар. Бірақ осылай дүрліктергендер жұмысымызға біраз зарар тигізді. Әкімдікке, тиісті органдарға күн құрғатпай қайта-қайта шақырады. Ал ұдайы басында жүрмесең, іс өнбейді, жұмыс тоқтайды. Бірақ сондайда мына жұмыс істеп жатқан 200 адамға қарап, «шүкір» деймін. Аз ба, көп пе – 200 адамға жұмыс тауып беріп отырмыз. Бізді сынаушыларды осы жерге шақырдық, «өз көздеріңізбен көріңіздер» дедік, жасыратын ештеңеміз жоқ, - дейді Нұрлан Биәділов.
«КОНЦЕРТ ҚОЙЫП БЕРДІК»
Үржар ауданының басшылығы Азаттық радиосының тілшілерімен тілдесуге құлықты болмады. Аудан әкімі Бауыржан Жанақов Астанада іссапармен жүргенін алға тартып, орынбасары Қабдысадық Байсыновқа сілтеді. Ал орынбасар ауыл шаруашылық басқармасының бастығымен
Үржар ауданы әкімінің орынбасары Қабдысадық Байсынов. Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы, 24 мамыр 2011 жыл.
сөйлескеніміз жөн болатынын айтып, ат-тонын ала қашты. Ақыры болмай қойған соң:
– Әрине, Қытай жұмысшыларын әкелуге біз де қарсымыз. Бірақ Қытай технологиясын алғанда тұрған не бар? «Бәтуа» компаниясы қазір 200 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. 200 адамның әрқайсысының отбасында 5 адамнан бар дейтін болсақ, онда олар 1000 адамды асырап отыр емес пе? Игерілмей жатқан жерді игеріп, 40-50 мың теңгеден жалақы төлеп отыр. Бұл бір жағынан жергілікті шаруа қожалықтарын бәсекелестікке ынталандырады. Сондықтан жұмысшыларға мәдени тұрғыдан сеп болсын деп концерт те қойып бердік, – деген пікірін айтып құтылды аудан әкімінің орынбасары Қабдысадық Байсынов.
Бірақ қытайлық сегіз маманның қандай шартпен келгенін білмейтіндігі себепті сұраққа жауап беруден бас тартты.
«ИНТЕГРАЦИЯЛЫҚ ҚАДАМДЫ САЯСИЛАНДЫРМАУ»
26 мамырда «Қазақстан тудэй» агенттігі экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетовтің инвестиция және интеграция жөніндегі Қазақстан жасап отырған қадамдарды саясиландырмауға шақырғанын хабарлады.
– Шынын айтқанда, инвестиция тарту жөніндегі қандай да бір интеграциялық қадамдардың астарынан саясат іздеу әрекеттері бізді алаңдатып отыр, – деді ол «Қазақстанға жасалған шетелдік инвестициялар: тәжірибе, міндеттер мен перспективалар» деп аталатын дөңгелек үстелде.
Оның сөзіне қарағанда «Ресейге немесе Қытайға қарсы көңіл-күйдің өрістеуі - екеуінің қақ ортасында жатқан ел үшін өте қауіпті саясат».
Азаттық радиосы Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметіне «Қазақстан президенті Қытайға барған соңғы сапарында қытайларға жалға жер беру немесе Қытай мамандарын ауыл шаруашылығына тарту жөнінде қандай да бір келісім жасады ма?» деген сауал жолдап, «ондай келісім болмағаны жөнінде» баспасөз хатшысы Асқар Әбдірахмановтың жауабын алды.
Асқар Әбдірахманов «заңды тұлғалардың шетелдік мамандар тартуға құқылы екендігін, ол үшін өз алдына халықаралық келісім жасаудың қажеттілігі жоғын, тиісті мемлекеттік органдардың рұқсатын алу жеткілікті екенін» де айтты.
Азаттық радиосының тілшісі 30 мамыр күні Шығыс Қазақстан облыстық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына хабарласты. Басқарманың бас маманы Самал Құрманова «Бәтуа» компаниясының Қытай мамандарын тарту жөнінде өздерінен рұқсат сұрамағынан» айтты. Оның сөзіне қарағанда, Шығыс Қазақстан облысына шетелдік мамандар әкелетін компаниялар осы басқармадан рұқсат алуы тиіс.
Самал Құрманова «Бәтуа» компаниясында жұмыс істеп жүрген Қытай мамандары Шығыс Қазақстан облыстық көші-қон полициясына тіркелуге міндетті екенін» де ескертті.
30 мамыр, дүйсенбі күні хабарласқанымызда, Шығыс Қазақстан облыстық көші-қон полициясының бөлім бастығы Бейбіт Дарбаев «Бәтуа» компаниясындағы Қытай мамандары жөнінде өздерінде ақпарат жоқтығын айтты. Бірақ осы мекеме қызметкерлерінің бірі кейінірек
«Азат» ЖСДП жетекшілері Жармахан Тұяқбай (сол жақта) және Болат Әбілов (оң жақта) «қытай экспансиясына» қарсы митингте. Алматы, 28 мамыр 2011 жыл.
Азаттық радиосына телефон шалып, Қытай мамандарының Шығыс Қазақстанда заңды негізде, яғни «іссапарда» жүргенін хабарлады.
ОППОЗИЦИЯНЫҢ ҚАРСЫЛЫҒЫ
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы, қазір қуғында жүрген қарсыластарының бірі Рахат Әлиев жеке блогында «Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға жасаған соңғы сапарында соя мен рапс өсіру үшін Қытай жағына жер беру туралы, ол жерге Қытай жұмысшыларына әкелу жөнінде құпия келісім жасалды» деген хабар таратқан еді.
«Азат» оппозициялық жалпыұлттық-социал демократиялық партиясы 28 мамырда Алматыда митинг өткізді. Митингіге бірнеше жүз адам жиналды. Сөз сөйлегендер «қазақ жерін қандай шартпен болса да Қытайға беруге және Қытайдан жұмыс күшін тартуға қарсы екендіктерін» айтты.
Митингіге қатысушылар Қазақстан үкіметінің «соя мен рапс егу үшін Қытайға жалға жер берілген жоқ», «Қытаймен арадағы интеграциялық процестер Қазақстанға қауіп төндірмейді» деген уәжіне сенімсіздік танытты. Митингіге қатысушылар парламенттің таратылып, үкіметтің орнынан кетуін талап етті.
Үржарда соя егіп жатқан «Бәтуа» компаниясы және сегіз қытай: