Accessibility links

Футболшылар «келісілген матч» жайлы айтты


Шанхай ынтымақтастық ұйымының 10 жылдығына арналған футбол матчы. 19 жасқа дейінгі Тәжікстан-Қазақстан құрамаларының кездесуі. Тәжікстан, 10 маусым 2011 жыл.
Шанхай ынтымақтастық ұйымының 10 жылдығына арналған футбол матчы. 19 жасқа дейінгі Тәжікстан-Қазақстан құрамаларының кездесуі. Тәжікстан, 10 маусым 2011 жыл.
Жыл басында халықаралық кәсіпқой футболшылар одағы (FIFPro) «Шығыс Еуропаның қара кітабы» атты жинақ шығарды. Қазақстан «Қара кітаптың» қара тізіміне еніп, футболы жемқорлық жайлаған ел ретінде екінші орында тұр.

FIFPro Қазақстан футболындағы жемқорлықты анықтау үшін арнайы тәуелсіз зерттеу жүргізген. Бұл шараға қазақстандық 220 футболшы қатысып, сауалдарға жауап беріпті. Сауалнамаға қатысқан қазақстандық футболшылардың 33,3 пайызы келісілген ойындарға қатысқанын айтса, ойыншылардың 44,1 пайызы «Қазақстанда келісілген матчтар бар» деп жауап берген.

Ал футболшы-респонденттердің 83 пайызы «жалақымызды уақытында ала алмаймыз» деген. Ойыншылардың 24,1 пайызы «Қазақстан футболында кемсітушілік, расизм бар» деп жауап беріпті.

Бұл рейтинг жайлы Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) вице-президенті Сейілда Байшақовтан сұрағанымызда, басшы «бұл зерттеуден хабарым жоқ» деп жауап берді.

ЖАЗАЛАУ МЕН МАРАПАТТАУ

ҚФФ-да жұмыс істейтін менеджерлердің бірі (есімін жариялаудан бас тартты) футболға байланысты күмәнді оқиғалар бар екенін айтты.
Биыл Нидергаус ҚФФ ұлттық құрама департаментінің директоры болып сайланды. Оны тіпті футболды дамытуға қосқан үлесі үшін «Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы» медалімен марапаттады. Сонда 2008 жылы шыққан шешімнің күші қайда қалды?

– 2008 жылы «келісілген ойын өткізді» деген айыппен қарағандылық «Шахтер» және өскемендік «Восток» командасы Қазақстан чемпионатынан аластатылды. Ал «келісілген матчқа себепкер болды» деген айыппен «Шахтер» командасының спорттық директоры Владимир Нидергаусты бес жылға футболдан қуып, қызметтен шектеген еді. Бұл шешімді ҚФФ тәртіп комитеті шығарған. Алайда бес жыл өтпей жатып, биыл маусымда Нидергаус ҚФФ ұлттық құрама департаментінің директоры болып сайланды. Тіпті осы жылы ҚФФ Нидергаусты футболды дамытуға қосқан үлесі үшін «Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы» медалімен марапаттады. Сонда 2008 жылы шыққан шешімнің күші қайда қалды? – деді менеджер.

ТӨРЕШІЛЕРДІҢ ДАУЫ

Футбол сарапшысы, Sportinfo.kz порталының бас редакторы Гений Төлегеновтің айтуынша, «жанкүйерлердің көбі Қазақстан футболында жемқорлықтың барын біледі».

– Бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде бұл туралы талай мәрте жазылды. Қазақстан футболындағы жемқорлыққа шетелдік мамандар таңғалады. Оған дәлел - 2011 жылы «Астана» командасын жаттықтыруға келген неміс бапкері Холгер Фах Қазақстан футболындағы коррупцияға шыдамай, өз еркімен қызметінен кетті, – деді Гений Төлегенов.
Футбол сарапшысы Гений Төлегенов. (сурет жеке мұрағатынан алынды)
Футбол сарапшысы Гений Төлегенов. (сурет жеке мұрағатынан алынды)

Сарапшының ойынша, «Қазақстандағы төрешілер де арнайы тапсырыспен, ақша табу үшін жұмыс жасайды».

– Төрешілердің де «сатылғаны» жайлы көп деректер бар. Мәселен, биылғы Қазақстан чемпионатының бесінші турында «Жетісу» (Талдықорған) – «Тараз» ойынындағы бас төреші Сергей Паськоның шешімдеріне жанкүйерлер қарсы болып, ҚФФ-ға арыз жазған. Оныншы турда қарағандылық «Шахтер» мен оралдық «Ақжайық» арасындағы ойынға төрелік еткен Марат Искаковтың қызметіне қарсылық білдіріп, «Ақжайықтың» бапкерлер кеңесі федерацияға шағым түсірді. Жаттықтырушылар «төреші «Шахтерға» жақтасты» деген айып тағып отыр. 14-турда «Тобыл» мен «Ертіс» ойынынан кейін Қостанай облысының әкімі Нұралы Сәдуақасов төреші Павел Салийдің жұмысына наразылық білдіріп, ҚФФ-ға шағым түсірді, – деді Гений Төлегенов.

Ал ҚФФ вице-президенті Сейілда Байшақовтың айтуынша, «бұл шағымдардың барлығы қаралып, жауаптылар жазаланды».

– Қостанай облысы әкімінің шағымын ҚФФ басшылары қарап, ресми түрде кешірім сұрады. Біз федерация сайтында ресми түрде әкімнің хатына жауап бердік, – деді Сейілда Байшақов.

«СЫРТТА ОТЫРЫП БАСҚАРУ»

Ал спорт журналисі Рауан Оқас «Қазақстан футболын жемқорлықтан құтқару үшін құқық қорғау органдары мен қаржы полициясы кеңейтілген тексеріс жүргізгенін» қалайды.
Қазақстан ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаев (сол жақта) пен қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков (оң жақта) ЕҚҰЫ саммитінде отыр. Астана, 1 желтоқсан 2010 жыл.
Қазақстан ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаев (сол жақта) пен қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков (оң жақта) ЕҚҰЫ саммитінде отыр. Астана, 1 желтоқсан 2010 жыл.

– Қазақстан футболы жайлы әлемдік федерациялар жаза бастады. Футболды жемқорлықтан арылтамыз десек, мемлекеттік бағдарлама жасаған жөн. Одан кейін, ҚФФ басшылығын ауыстырса. Футболды басқаратын басшы екі кеменің құйрығын ұстамай, тек футбол мәселесімен айналысқаны жөн, – дейді ол.

Журналист «Қазақстан футболы он жылдан бері алыстан басқарылғанын», мысал ретінде «Рахат Әлиев елші кезінде федерацияны Австрияда отырып бақылағанын», «Әділбек Жақсыбеков Мәскеуде елші болып жүргенде Қазақстан футбол одағына басшылық еткенін, қазір қорғаныс министрлігі қызметімен қатар алып жүргенін» айтты.

ҚАЗАҚ ФУТБОЛЫНЫҢ ФИФА-ДАҒЫ ОРНЫ

Азаттық Еуропа чемпионатынан соң, ФИФА-ның ұлттық құрамалардың рейтингін жариялағаны, ондағы Қазақстан командасының мүшкіл хәлі туралы оқырманды хабардар еткен еді.

Шілденің басында жарияланған ол рейтингіде Қазақстан құрамасы ай сайын төмендеп бара жатқаны көрінді. Мамыр айындағы тізімде 137-орында тұрған Қазақстан маусымда 141-сатыға төмендеген еді. Ендігісі – 147-орын.

Сол жолғы мақалада 1990-жылдары Қазақстан құрамасында ойнаған Болат Есмағамбетов "ФИФА-ның бұл рейтингісі Қазақстан футболының бүгінгі деңгейін нақты көрсететінін" айтқан еді.
УЕФА-ға мүше болғалы 10 жылдан асты - бір ауыз толтырып айтар жетістігіміз жоқ.

- Қазақстан футболының деңгейі 147-орынмен бағаланыпты. Бұл - дұрыс бағалау. УЕФА-ға мүше болғалы 10 жылдан асты - бір ауыз толтырып айтар жетістігіміз жоқ. Шетел командаларында ойнап жүрген футболшыларымыз бар ма? Жоқ! Демек, нәтижеміз төмендей береді. Федерацияда ақша бар. Бірақ сол ақшаны дұрыс жолға пайдалана алмай отырмыз. Клубтарымыз Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының іріктеуінен өте алмайды. Ішкі чемпионатынымыздың деңгейі де төмен, бәсекелестік шамалы. Бұл жайттың барлығы ФИФА рейтингіне әсер етеді. Шыны керек, Қазақстан құрамасы қазір Еуропадағы «ұпай таратушы» мемлекетке айналып барады. Мұны УЕФА мен ФИФА да біліп отыр, - деген еді ардагер футболшы.
XS
SM
MD
LG