Accessibility links

Балаға қарсы қылмысты көбіне жасырады


Наразылық акциясында Қазақстан Конституциясынан үзінділер жазылған плакат ұстап тұрған қыздар. Астана, 28 маусым 2014 жыл.
Наразылық акциясында Қазақстан Конституциясынан үзінділер жазылған плакат ұстап тұрған қыздар. Астана, 28 маусым 2014 жыл.

ЮНИСЕФ қоры деректері бойынша, Қазақстанда кәмелетке толмағандар арасында қылмыс жасау деңгейі төмендеген, бірақ балаларға қарсы жасалған қылмыс саны артқан. Ал құқыққорғаушыларды әділ сот төрелігіне қол жеткізудің қиындығы алаңдатады.

ЮНИСЕФ қоры деректері бойынша, Қазақстанда кәмелетке толмағандар арасында қылмыс жасау деңгейі төмендеген, бірақ балаларға қарсы жасалған қылмыс саны артқан. Ал құқық қорғаушыларды әділ сот төрелігіне қол жеткізудің қиындығы алаңдатады.

Ұрлық жасағаны үшін сотталған Сержан К. (өз өтініші бойынша аты-жөні толық көрсетілмеген) түрмеден былтыр шыққан. Демалысты досының саяжайында өткізген ол келесі күні қайтып келіп, есіктің құлпын бұзып, теледидар, нетбук пен антиквариат заттарды ұрлап кеткен.

Сот 15 жастағы Сержанды төрт жылға түрмеге кесу туралы үкім шығарған.

– Ең қиыны жақсы адвокат табу болды. Әке-шешем жоқ, әжемнің тәрбиесінде өстім. Адвокат жалдауға ақшам болмаған соң, адвокат қызметінің ақысын мемлекет төледі, - дейді Сержан Азаттық тілшісіне.

Сержан «ұрлағаным түкке тұрмайтын ескі заттар ғой, мүмкін сот жеңіл жаза кесер» деп ойлаған. Ал сотта оған «бұл саған және сен сияқтыларға жақсы сабақ болады» деп ескерткен.

СОТТА БҰЗЫЛҒАН ҚҰҚЫҚТАР

Қазақстандық құқыққорғаушылар жастығынан әрі тәжірибесінің жоқтығынан кімнен және қалай көмек сұрауды білмейтін кәмелетке жасы толмағандарға қатысты сот төрелігі жүйесін өзгертуге шақырады.

Кәмелетке толмағандар өзін жәбірлеген мұғалімнің немесе ересек көршісінің үстінен сотқа шағымдануға қорқады.

Қазақстандағы адам құқығы бюросының құқыққорғаушысы Андрей Гришин сот төрелігіне қол жеткізе алмай жүрген балалар барын айтады. Оның айтуынша, олардың көбі балалар үйінің тәрбиеленушілері, жетім және тұрмысы нашар отбасы балалары.

– Кәмелетке толмағандар өзін жәбірлеген мұғалімнің немесе ересек көршісінің үстінен сотқа шағымдануға қорқады. Полицейлердің азаптауына ұшыраған балалар барын да білеміз. Бірақ неге екені белгісіз, мұндай жағдайларда сот төрелігі көбінесе өзін ғана қорғайды, - дейді Андрей Гришин Азаттық тілшісіне.

Алматылық адвокат Сергей Жұмабековтің айтуынша, егер адвокатты кәмелетке толмаған баланың әке-шешесі жалдаса, сот әділ төрелік етуі мүмкін, ал адвокаттың қызметін мемлекет төлесе, адвокат іске немқұрайды қарайды да, іс құрдымға кетеді.

– Бізде адам құқығына, оның ішінде балалар құқығына деген көзқарас әртүрлі. Еуропа елдері тұрғысынан қарасақ, сот процесі кезінде қазақстандық балалардың құқығы жиі бұзылады. Бірақ бірлі-жарым болмаса, біздің елде мұндай жағдайлар көп кездеспейді, - дейді Сергей Жұмабеков.

Алматының Бостандық аудандық сотының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі судьясы Біржан Кәрібжанов.
Алматының Бостандық аудандық сотының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі судьясы Біржан Кәрібжанов.

Бұл пікірді Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі судьясы Біржан Кәрібжанов та қостайды. Оның айтуынша, мұндай жағдайлар көбінесе қылмыс жасаған жасөспірімді ұстау кезінде кездеседі. Мысалы, учаскелік инспектор хаттаманы дұрыс толтырмайды немесе жасөспірім қылмыс жасау себебін дұрыс көрсетіп жазбайды. Судья «сот кезінде бұл көп қиындық тудырады» дейді.

Біржан Кәрібжановтың айтуынша, егер сот отырысында кәмелетке толмаған балаға қысым жасалса, оны сот отырысынан тыс жерде тергеуді талап етуге болады. Кәмелетке толмаған баланы тергеу кезінде сот оның ой-санасының жетілу деңгейін, мүдделі жандардың ықпалына түспегенін және қаралатын мәселеге қатысты өз мүддесін сезінуге қабілетті екенін назарда ұстауы тиіс.

– Кәмелетке жасы толмағандардың құқығы көбінесе ата-ана құқығынан айыру немесе бала асырап алу кезінде бұзылады. Мұндай істер қаралғанда баланың қалауы ескерілуі тиіс. Әке-шешесі немесе заңды өкілдері тарапынан құқығы бұзылған жағдайда 14 жасқа толған баланың сотқа тікелей жүгінуіне болады, - дейді Біржан Кәрібжанов.

ЮНИСЕФ БАҒДАРЛАМАСЫ

Біріккен Ұлттар Ұйымы балалар қорының (ЮНИСЕФ) деректері бойынша тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері Қазақстанда кәмелетке жасы толмағандар жасаған қылмыс саны азайған. Бірақ балаларға қарсы қылмыстар мен сот жүйесіне тартылатын бала саны жыл сайын көбейіп келеді.

Полиция жиналған алаңда тұрған балалар. Жаңаөзен қаласы, 14 желтоқсан 2013 жыл.
Полиция жиналған алаңда тұрған балалар. Жаңаөзен қаласы, 14 желтоқсан 2013 жыл.

Қор сарапшылары «балаларға қарсы жасалған қылмыстардың көбі анықталмай әрі тіркелмей қалады» дейді. Олар Еуропа одағы мен ЮНИСЕФ арасындағы келісім негізінде Қазақстанда «Балаларға қатысты сот төрелігі мен адам құқығы жүйесін жетілдіру» бағдарламасын жүзеге асырудан үміттенеді. 2014 жылдың маусымынан 2017 жылдың маусымына дейінгі мерзімге жоспарланған бұл бағдарламаға Еуропа одағы екі миллион еуро, ал ЮНИСЕФ 400 мың еуро бөлген.

– Негізгі мақсат – елдің ұлттық заңдары мен балаларды қорғау жүйесін халықаралық стандарттар мен озық тәжірибеге сәйкестендіре беруі үшін Қазақстанға қолдау көрсету. Алғашқы қадамдардың бірі ретінде кәмелетке толмаған құқық бұзушыларға қатысты халықаралық деңгейде қабылданған концепциялар мен дефиницияларды талқылап, ұлттық стандарттарды соған сәйкестендіруге тырысамыз, - дейді Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілі Джун Кукита.

Бұл бағытта Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында нақты шаралар өтпек. Өскемен қаласында кәмелетке жасы толмаған құқық бұзушылар, жәбірленушілер мен куәгерлерге әлеуметтік қолдау және оңалту қызметін көрсететін қоғамдастық негізінде «Феникс» үкіметтік емес ұйымы жанынан кәмелетке толмағандармен жұмыс істейтін орталық ашылғаны туралы хабарланды.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG