Accessibility links

«Балаларым қазақшасын ұмытпасын» деп Ресейге қайта көшкен азамат


Ресейде тұратын этникалық қазақ Ғұспан Махамбет-Әлиев зайыбы Нұржиғанмен бірге. (Сурет жеке мұрағаттан алынды).
Ресейде тұратын этникалық қазақ Ғұспан Махамбет-Әлиев зайыбы Нұржиғанмен бірге. (Сурет жеке мұрағаттан алынды).

Ресейдің Астрахань облысында тұратын этникалық қазақ Ғұспан Махамбет-Әлиев ондағы қандастарының мәдени тұрмысы туралы, ана тілдерінің жайы жөнінде әңгімеледі.

Ресейдің Астрахань облысында 200 мыңға тарта қазақ тұрады. Облыстың әсіресе Құмөзек, Володар, Красный Яр, Харабали, Икрян аудандарында қазақтардың үлесі басым.

Астрахань қазақтарының бірі – ондағы Приволжск ауданының тұрғыны, «Жолдастық» мәдени ұйымының аудандық бөлімшесіне жетекшілік ететін Ғұспан Махамбет-Әлиев.

Азаттық: – «Жолдастық» мәдени-қоғамдық ұйымының сіз басқаратын аудандық бөлімшесін кім қаржыландырады, немен айналысасыздар?

Ғұспан Махамбет-Әлиев: – Астрахань облысы қазақтарының «Жолдастық» мәдени-қоғамдық ұйымының филиалдары барлық аудандарда бар. Ал өзге ұлт өкілдерінің қоғамдық ұйымдарының аудандық бөлімшелері жоқ. Біз өз шама-шарқымызбен ауыл-ауылды аралап, концерттер қойып отырамыз. Кәсіби әншілеріміз жоқ болғандықтан әуесқой өнерпаздарды тартамыз. «Жолдастық» қоғамының төрағасы биыл 500 мың рубль грант бөлді. Қазір Қазақстанның Атырау облысымен мәдени қарым-қатынастамыз. Ол жақтың өнерпаздары елімізге келіп, концерттер беріп тұрады.

Ресейдегі қазақтар өнер фестивалінде отыр. (Көрнекі сурет)
Ресейдегі қазақтар өнер фестивалінде отыр. (Көрнекі сурет)

Азаттық: –«Жолдастық» ұйымы қай кезде нендей мақсатпен құрылған еді?

Ғұспан Махамбет-Әлиев: – Тіл, діл бағытындағы ұлттық құндылықтарды қайта жандандыру мақсатында 1990 жылы құрылды. Алғашында қоғам Никита Ысқақов сынды ұлтжанды азаматтардың бастамасымен қолға алынған. Астрахань облысының губернаторы, Басқұншақта қазақтар арасында өскен марқұм Анатолий Гужбиннің қолдауымен әр ауданда қоғамның филиалдары ашылды. Негізінде осы қоғамның құрылуына сол тұста әкімшілік қызметте істейтін жігіттер мен совхоз директорларының көп көмегі болды. Ел басқарып жүрген азаматтар алдағы уақытта өзгерістің болатынын алдын ала сезген болуы керек.

Азаттық: – Астрахань облысы Ресей қазақтарының ең көп шоғырланған аумағы екені белгілі. Облыс аумағындағы қазақтардың нақты саны қанша?

Ғұспан Махамбет-Әлиев: – 2010 жылғы санақ бойынша, облыста барлығы 1 миллион 50 мың адам деп есептелген. Соның 620 мыңға жуығы жергілікті ұлт орыстар, екінші орында қазақтар, одан кейін татарлар болған. Енді қазір нақты қанша екенін айта алмаймыз.

Бұл жер қазақтың ежелгі мекені екені тарихтан белгілі. Қазақтың атақты күйшісі Құрманғазы Сағырбайұлының, сосын Кіші жүздің ханы болған Бөкей ханның мүрдесі де бізде жатыр. Володар ауданына қарасты Алтынжаз деген ауылдағы қазақ-мәдени орталығы Құрманғазының атымен аталады. Атыраулық кәсіпкерлердің көмегімен Бөкей хан атындағы үлкен мавзолей салынды. Қазір жастарды осы секілді тарихи жерлерге апарып, өз тарихымен, мәдениетімен таныстырып отырамыз.

Азаттық: – Астраханьдағы қазақтардың ана тілдерін білуі қай деңгейде?

Бір жылдың ішінде балаларым қазақшасын ұмытып қалды.

Ғұспан Махамбет-Әлиев: – Біздің мектептерде қазақ тілінің пән ретінде оқытылмайтынын өзіңіз де білесіз. Ертеректе оқытылатын еді, кейін оқулық мәселесіне байланысты сабақ та жүргізілмейтін болды. Бірақ факультативтік сабақтар, қазақ тілінің арнайы курстары жүргізіліп тұрады. Оған қоса қазақтар қатарын бұзбай отырғандықтан тіл екі бастан таза күйінде сақталып келеді. Өйткені 77 пайыз тек қазақтар ғана тұратын ауылдар баршылық. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін мен де Қазақстанға қоныс аударғанмын. Бір жылдың ішінде балаларым қазақшасын ұмытып қалды.

Азаттық: – Сосын Ресейге қайта көшіп кеттіңіз бе?

Ғұспан Махамбет-Әлиев: – Иә. Совет Одағы тарай бастаған соң бізде Қазақстанға қоныс аудардық. Қазіргі Батыс Қазақстан, бұрынғы Орал облысының жанында Красноярский деген совхоз болды. Сол совхозға директор болдым. Бірақ бұрын қазақша өлең айтып, тақпақ жаттап жүрген қыздарым оның бәрін ұмытты. Өйткені ол совхозда 99 пайыз орыс ұлтының өкілдері тұратын еді. Сосын бәйбішеме «Қыздар тілінен айрылып қалмай тұрғанда есімізді табайық» дедім де, жұмысты да, басқасын да тастап, Астраханьға қайта көштім. Менің өмірімнің өзі бірыңғай көштен тұрады.

Азаттық: – «Өмірімнің өзі бірыңғай көштен тұрады» деген сөзіңізді тарқатып айтсаңыз.

Ғұспан Махамбет-Әлиев: – Атамыз байдың баласы болған екен. Шекараға жақын жерде, өзіміз Ақсарай деп атаймыз, сол жерде атамның ағасын ұстап Сібірге жер аударған екен. Атамыз бір түнде қашып, ауылымен Кавказ асып кеткен. Басында Түркия асу ниеті болған. Бірақжолда бір ноғай ауылына тоқтап, сол жерде қыстап қалған екен. Сол жерде 1951 жылы мен дүниеге келдім. 1953 жылы Астрахань облысына қайта көшіп келдік. Әкем сол жерде мектеп меңгерушісі болды. Бес жасымда бірінші сыныпқа, қазақ класына бардым. Кейін қалаға жақын жерге көштік те, орыс сыныбына еріксіз бардым. Мектепті орысша тәмамдадым. Қыздарымды қазақша оқыттым.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет.

XS
SM
MD
LG