Ғарыш кемесін тіркеген «Союз-ФГ» зымыран тасығышы Байқоңыр ғарыш айлағының «Гагарин стартынан» (1-алаңы) Астана уақыты бойынша сағат 10:37-де ұшырылды.
«Роскосмос» агенттігі бұған дейін «Союз ТМА-18М» ғарыш кемесі экипажы құрамында Айдын Айымбетовпен бірге ресейлік ғарышкер Сергей Волков және Еуропа ғарыш агенттігінің астронавты, даниялық Андреас Могенсен барын хабарлаған. Ғарышкерлер халықаралық ғарыш станциясында бірнеше күн болып, Айымбетов пен Могенсен қыркүйектің 12-сі күні Жерге оралады. Айымбетов пен Могенсон ғарышқа бірінші рет ұшып отыр. «Роскосмостың» мәлімдеуінше, «Гагарин стартынан» осымен 500 мәрте ғарыш кемесі ұшырылған.
Бұған дейін «Қазғарыш» ұлттық ғарыш комитеті төрағасының орынбасары Еркін Шаймағамбетов Азаттыққа Айдын Айымбетовтің сапарының шығыны 20 миллион АҚШ долларын құрайтынын және оны Қазақстан 2016 жылға дейін төлейтінін хабарлаған.
Айдын Айымбетов қаржылық себептермен ғарышқа сапар шегуден бас тартқан ағылшын әншісі Сара Брайтманның орнына ұшырылды. Әншінің әуелгі шығын көлемі шамамен 50 миллион доллар деп жоспарланған.
«Қазғарыш» Айымбетовтің бортинженер ретінде ұшатынын, ғарышта Арал теңізінің ластануын, Каспий теңізінің мұнай өндірісі кезіндегі ластануын зерттейтінін мәлімдеген. Айымбетов бұған қоса ғарышта Астанада өтетін ЕХРО мен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған фильмге арнап видеожолдау да түсірмек.
Сергей Волков қыркүйектің 1-і күні өткен баспасөз жиынында ғарышкерлер Еуропа, Қазақстан және Ресейдің барлығы 75 ғылыми бағдарламасы бойынша жұмыс істейтінін айтқан.
«Біз станцияда жүргізіліп жатқан зерттеулермен де айналысамыз. Маған физиология бойынша жүргізетін зерттеулерім көбірек қызықты. Ал Могенсонмен микрогравитация жағдайындағы бұлшықет атрофиясын зерттейміз» деген Волков.
Ғарышқа ұшудан үмітті екі қазақстандық – Айдын Айымбетов пен Мұхтар Аймаханов 2007 жылы Ресейдің Юрий Гагарин атындағы ғарышкерлер дайындау орталығында дайындығын аяқтаған. Екеуінің бірі 2009 жылы күзде халықаралық экипаж құрамында ғарышқа ұшуға тиіс еді. Бірақ Қазақстан жағы қаржы тапшылығына байланысты ғарышкер ұшыруды кейінге қалдырған. Осы аралықта Мұхтар Аймаханов Ресей азаматтығын алып, сол елдің ғарышкерлер құрамына енген еді.
Айдын Айымбетов – тәуелсіз Қазақстанның атынан ғарышқа ұшырылған алғашқы ғарышкер. Бұған дейін «Қазақстаннан шыққан тұңғыш ғарышкерлер» деп сипатталып келген Тоқтар Әубәкіров 1991 жылы СССР азаматы һәм ресейлік маман ретінде, ал Талғат Мұсабаев 1994, 1998 және 2001 жылдары Ресей азаматы ретінде ғарышқа ұшқан еді. «Ресей батыры» (1994 жыл) әрі «Қазақстан халық қаһарманы» (1995 жыл) Талғат Мұсабаев 2007 жылы ғана Қазақстан азаматтығын алған соң елдің аэроғарыш комитетінің төрағасы болып тағайындалған.
Байқоңырдан «Союз ТМА-18М» ғарыш кемесінің ұшырылуы: