Династия құруға тырысып жүргендердің бірі – Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов. Бұрынғы тіс дәрігері болған ол 2006 жылы президент болғанға дейін сонша танымал емес еді. Сол кезде жасқана таққа отырған Бердімұхаммедовтің ел билегеніне он жылдай болып қалды.
БЕРДІМҰХАММЕДОВТЫҢ НЕМЕРЕСІ
Қазір түркімен басшысы немересін халықтың алдына жиі шығара бастады. Алдымен елдің көзін үйретті.
Сәуірдің 26-сы Түркіменстанда «Жылқы күні» ретінде тойланады. Түркімендер қазірде жылқы малына үлкен құрметпен қарайды, оны мәдениеттің бір бөлігі санайды.
Президент Бердімұхаммедов те атқа құмар шабандоз. Тіпті бірнеше жыл бұрын жарыс кезінде аттан құлап қалса да, спорттың бұл түрінен суымады. Дегенмен биылғы мереке кезінде елдің назары президентке емес, оның немересі Керімғұлыға ауды.
Мемлекеттік телеарна көрсеткен сюжетте Бердімұхаммедовтың немересі шағын сұхбат берді. «Ашхабадтағы №43 мектептің 6-сынып оқушысымын. Жасым 12-де. Атам екеуіміз аттарды көруге бара жатырмыз, атам маған атқа шабуды үйретті» дейді ол.
Қазақстан мен Өзбекстан президенттерінің қыздары өміріндегі шулы оқиғалар олардың билікке жетуіне кедергі жасады
Әлбетте, бұл сайыста Керімғұлы бірінші орын алды. Жақында ол атасымен бірге басқа да қоғамдық шараларда бірге жүргені көрсетілді.
Азаттықтың Түркімен қызметіне сәуірдің 27-сі күні, мектепте сабақ басталғанға дейін оқушылардың бәрін жинағаны туралы дерек түсті. Мұғалімдер Керімғұлының керемет жеңісі туралы әңгімелеп, президенттің немересін мадақтаған. Дереккөздің хабарлауынша, оқушыларға Керімғұлыға үлгі алатын тұлға ретінде қарауға тиіс екені айтылған.
БИЛІККЕ ҰМТЫЛҒАН «МҰРАГЕРЛЕР»
Қазір Тәжікстанда да осыған ұқсас жағдай бар. Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның 28 жастағы ұлы Рустам Эмомали үкімет билігіне жеткізетін сатымен өрлеп келеді. 2013 жылдың аяғынан бері Рустам Тәжікстан кеден қызметі жетекшісінің орынбасары, одан соң жетекшісі болса, осы жылдың наурызынан бастап қаржылық бақылау және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі мемлекеттік агенттіктің директоры болды.
Қазақстан мен Өзбекстан президенттерінің қыздары ғана бар. Екеуі де үлкен қыздарына билік тізгінін ұстатқысы келген еді. Бірақ екі жағдайда да қыздарының жеке өміріндегі шулы оқиғалар олардың билікке жетуіне кедергі жасады.
Бірақ Орталық Азияда династия құруға тырысудың қаншалықты қауіпті екенін Қырғызстаннан көруге болады. Елдің бірінші президенті Асқар Ақаев 2005 жылдың басында биліктен құлықсыз кетті. Оның екі баласы – Бермет пен Айдар парламенттік сайлауға қатысты.
Қырғызстан мен Түркіменстан Орталық Азияның саяси спектрінің қарама-қарсы шетінде тұр. Түркіменстанды Солтүстік Кореямен салыстыруға болады
Бермет сайлауға түскен аймақтағы үміткерлердің бірі күмәнді сылтаумен сайыстан шығып қалды. Сол кандидат кейін президент болған Роза Отынбаева еді. 2005 жылы елдің сыртқы істер министрі және БҰҰ елшісі болып жүрген Бермет парламенттегі орынға қол жеткізді.
Бермет пен Айдар парламентке сайланды, бірақ сайлау кезіндегі заң бұзушылықтарға наразы қауым Асқар Ақаевты елден кетуге мәжбүрледі. Содан бері 10 жылдан асты, Ақаевтар отбасы Қырғызстанда тұрмайды.
Ақаевтан соң билікке келген Құрманбек Бакиев ықпалын күшейтті. 2009 жылы оның 32 жастағы ұлы Максим елдегі қайтадан құрылған даму, инвестиция және инновация жөніндегі агенттікке директор болды. Максим де жоғары лауазымнан үміткер еді, бірақ Ресей берген несиені иемденіп, қызметін асыра пайдаланып қойды.
Кремль баспасөзі Бакиевтің отбасын жерден алып, жерге салды, 2014 жылы Украинаға жабылғандай аямады. Бакиевтің отбасы 2010 жылы халық толқуы күшейген кезде шетелге қашуға мәжбүр болды. Олар да сол беті елге оралмады.
Қырғызстан мен Түркіменстан Орталық Азияның саяси спектрінің қарама-қарсы шетінде тұр. Түркіменстанды Солтүстік Кореямен салыстыруға болады. Сондықтан бұл елде династиялық биліктің орнығуы да мүмкін.
Мұхаммад Таһирдің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.