Accessibility links

Мейірімді жүректер мекені


Қор директоры Тамара Рише паналу орнындағы баланы көтеріп тұр. Алматы, 7 шілде 2016 жыл.
Қор директоры Тамара Рише паналу орнындағы баланы көтеріп тұр. Алматы, 7 шілде 2016 жыл.

Жалғызілікті әйелдерге арналған қоғамдық қайырымдылық қоры қалай жұмыс істейді және нені армандайды?

Темір қақпалы, ескі, екі қабатты ғимарат Алматының шетінде тұр. Бұл жерде әлдебір себептермен үйсіз қалған жалғызілікті әйелдерге арналған баспана бар. Аулада балалар ойнап жүр, әйелдер орындықта шүйіркелесіп отыр.

Teen Challenge Қазақстан қоғамдық қайырымдылық қоры Алматыда 1995 жылы құрылды. Бастапқы кезде баспананы шетелдік қорлар қаржыландырды, қазір еріктілер, қазақстандық жеке тұлғалар мен ұйымдардың арқасында тіршілік етіп отыр.

Қазақстанда әйелдерге баспана ашу қажеттігі қиын заманда – әйелдердің көбі көмекке мұқтаж болып, көшеде үй-күйсіз, жұмыссыз, қолдаусыз қалған кезде туындады.

- Біз аяқастынан ашылдық, нақты жоспар болмады. 1997 жылы баспанаға көмек сұрап келдім. Бұл халықаралық желі, қор 1957 жылы Америкада дамыды, ерекше балалар мен әйелдерге күш көрсетуге қарсы жауап ретінде ашылды, - дейді Teen Challenge Қазақстан директоры Тамара Рише.

БАСПАНА ҚАЛАЙ АШЫЛДЫ?

Жалғыз қалған әйелдерді паналататын баспана ғимараты жоқ еді. Бірақ жеке тұлғалар мен ұйымдардың қайырымдылық қаржысы арқасында қазіргі ғимаратты сатып алған. Онда бір уақытта 50 адамға дейін мекендейді.

Паналау орнының ауласы. Алматы, 7 шілде 2016 жыл.
Паналау орнының ауласы. Алматы, 7 шілде 2016 жыл.

2009 жылы Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы заң қабылданғанда бұл жерге жақындары жәбірлеген жандар келді. Жыл сайын әйелдерді паналату орнына жүзден астам адам келеді. Қазір онда 30-ға жуық әйел мен 25 бала бар. Әйелдердің ішінде жасы да, кәрісі де табылады.

- Осы жерде өскен қызымыз бар. Жасы 16-да, колледжге тапсыруға дайындалып жүр. Анасы мүгедек, екеуі көмек сұрап келді, содан осында тұрып қалды. Бізге келгендердің бәрін аламыз. Зейнеткерлер де көп келеді. Өкінішке қарай, олардың көбі - туыстары пәтерін тартып алған немесе өздері ішімдікке айырбастап жіберген адамдар, - дейді Тамара Рише.

Зейнеткерлер де көп келеді. Өкінішке қарай, олардың көбі - туыстары пәтерін тартып алған немесе өздері ішімдікке айырбастап жіберген адамдар.

Бұл баспанада 15 жылдан астам тұрып келе жатқан әйелдер бар. Жалпы алғанда, кішкене баласы бар әйелдің баспанада тұру уақыты бір жарым жыл, сосын баланы балабақшаға жібереді немесе анасы балаға күтуші тауып, жұмысқа шығады.

Паналау орнына қарапайым адамдар көмек көрсетеді, одан қомақты қаржы түспейді, әдетте 100-500 доллар аралығында болады. Адамдар нақты бір затқа ақша береді. Мысалы, бір қазақстандық отбасы қайырымдылық танытып, терезе орнатып берген.

- Қолымызда бар қаржыға күн көреміз. Ең үлкен шығын – коммуналдық қызмет. Қыста айына жарты миллион теңгеге жетіп қалады. Жазда жеңілдеп қаламыз. Ашылған кезде мемлекеттен көмек аламыз деп үміттенбедік, бірақ жеңілдік жасауды сұрадық. Біз заңды тұлға ретінде ашылғандықтан, жеңілдік жасаудан бас тартты, - дейді Тамара Рише.

Азаттықтың үкіметтік емес ұйымдар туралы заң өзгерісінен кейін мемлекет тарабынан тексеріс болды ма деген сауалына баспана директоры қазір ешқандай өзгеріс жоқ, қысым көрмедік деп жауап берді. Бірақ бірнеше жыл бұрын прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті қатаң тексерген дейді.

ӘРКІМНІҢ ӨЗ ТАРИХЫ БАР

Қазір мұнда тұрып жатқан әйелдер басынан өткен тағдыры туралы айтқысы келмейді, олардың оқиғасын баспана директоры Тамара Рише баяндап берді.

Өткен күзде Алматы облысының Бұрындай ауылында тұрған әйел екі баласымен келген. Ол қояншық дертімен ауырады, жолдасы өзін пойыздың астына тастап, өмірмен қоштасқан. Мария Астахова (өтінішіне орай аты-жөнін өзгерттік) жалғыз қалған, үлкен ұлы балалар сал ауруына шалдыққан. Астахова мұнда келгенде қолында жаңа туған қызы болды. Әйел сұмдық жағдайда өмір сүріпті, балаларды қойып, өзіне қарай алмаған.

Ұйқыға жатқан әйелдер. Алматы, 7 шілде 2016 жыл.
Ұйқыға жатқан әйелдер. Алматы, 7 шілде 2016 жыл.

Тамара Ришенің айтуынша, Мария мен оның отбасының жағдайы қиын, олардың мәселесі әлі шешілмей жатыр: үнемі ауыратын ұлына білікті медициналық көмек керек, бірақ анасы да, паналау орны да оған операция жасата алмайды. Қызы сегіз айлық, анасының да дерті меңдеп барады.

- Бұл анасына да, баласына да қамқорлық жасауды қажет ететін жағдай. Жарты жылдан бері бірдеңе істеуге тырысып келеміз, бірақ нәтиже аз, - дейді Тамара Рише.

Гүлмира Төлегенова (аты-жөні өзгертілді) қатігез ерінен қашып, паналау үйіне үш баламен келген. Ол полиция шақыртудан бас тартқан, Төлегенованың айтуынша жұбайы өте ықпалды адам екен, тек пана үйінде ғана одан бассауғалай алады.

БАЛАЛАР МЕН ҚҰЖАТТАР

Азаттыққа сұхбат берушінің айтуынша, пана үйіне құжаты жоқ және бірнеше жыл бойы құжатсыз өмір сүрген адамдар келеді. Олардың балалары сабаққа бармаған және ешқандай екпе алмаған – оның бәрімен қор айналысады.

- Мұндай адамдардың көптігіне таң қалдым, мемлекет олармен айналыспайды. Бізге келгендері бар, ал келмегендері қаншама? Балалары әріп танымайтын көптеген отбасылар бар, - дейді Тамаша Рише.

Балаларын ұйықтатып жатқан әйелдер. Алматы, 7 шілде 2016 жыл.
Балаларын ұйықтатып жатқан әйелдер. Алматы, 7 шілде 2016 жыл.

Баспана үйі директорын өзі шеше алмайтын тағы бір мәселе алаңдатады – жүкті әйелдерді есепке алу.

- Денсаулық сақтау басқармасы мен қоғамдық қорларға бардым. Бұл - өте өзекті мәселе, әйелдер жүкті болады, оларды есепке алып, перзентханаға апару керек, ал олардың көбінің құжаты жоқ. Құжатты қалпына келтіруге көп уақыт пен ақша кетеді. Онымен біз емес, мемлекет айналысуы керек, - дейді ол.

РЕЖИМНІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ

Қазақстандағы Дағдарыс орталығы одағының төрайымы Зүлфия Байсақова Қазақстанның адам дамуы үшін жағдай жасау шарттарының бірқатар міндеттерін өзіне алғанын, сондықтан баланы өмірге әкелетін әйелдер мемлекет тарапынан көмек сұрауға құқылы екенін айтады.

Бірақ қазіргі таңда оның мөлшері шектеулі: бір реттік берілетін жәрдемақы мен ай сайын бала бір жасқа толғанға дейін берілетін шағын төлемдер.

- Әйел жүкті болып қалса, серігі оны тастап кетсе, баланы жалғыз тууға мәжбүр. Әйелдер баласынан бас тартпауы үшін «Ана үйі» құрылды. Бұл жерде әйелге өзін бағалауға, ары қарайғы өміріне жоспар құруға көмектеседі. Жақсы жоба, ол жалғасын табуға тиіс, - деді Азаттыққа Зүлфия Байсақова.

Паналау орнындағы кереуеттер. Алматы, 7 шілде 2016 жыл.
Паналау орнындағы кереуеттер. Алматы, 7 шілде 2016 жыл.

Жоба ары қарай дамуы үшін оған қаржы салу керек. Байсақова мемлекеттің жобаға қатысуы және одан шыққан әйелдердің кейінгі тағдырына араласуы ауадай қажет дейді.

Ондай көмектің қажет екені сырт көзге де байқалады, баспана үйінің ғимараты ескі, күрделі жөндеуді қажет етеді. Директор тым құрыса жеңіл-желпі жөндеу жасауды армандайды.

Баспанада Азаттық тілшісі болған кезде Тамара Ришеге Талдықорғаннан қоңырау шалды. Тұтқаның ар жағынан әйелдің жылаған даусы естілді, ол баспанаға келуге өтініш білдірді, директор қалай келуді түсіндіріп, қабылдауға дайын екенін айтты.

Мақаланы орыс тілінен аударған – Динара Әлімжан.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG