Accessibility links

Изолятор күзетшілері «бастықтар көп болды» дейді


Ақтау қалалық сотының алдындағы полиция қызметкерлері. Ақтау, 22 сәуір 2012 жыл.
Ақтау қалалық сотының алдындағы полиция қызметкерлері. Ақтау, 22 сәуір 2012 жыл.

«18 желтоқсанда «разводты» Қожаев мырзаның өзі өткізді. Теміровке Қожаев та, оның орынбасарлары да бұйрық бере алады» деді куәгер-күзетшілер. Ал дәрігерлер «Бейсенбай Кенжебаевты ауруханаға алып кетуді қай бастықтан сұрағандарын» естеріне түсіре алмады.

Cәуірдің 26-сы күні Ақтау қалалық сотында Жаңаөзен қалалық уақытша қамау изоляторының (УҚИ) бұрынғы басшысы Жеңісбек Теміровтің үстінен жүріп жатқан сот процесі әрі қарай жалғасты.

Бүгінгі сот мәжілісіне жәбірленушілердің бірі Әсем Кенжебаеваның адвокаты Шамин Базаров та қатысты.

Түске дейін алты, түстен кейін алты куәдан жауап алынды. Оның бесеуі - Жаңаөзен қалалық уақытша қамау изоляторының күзетшілері, біреуі - Жаңаөзен қалалық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, қалған алтауы - желтоқсанның 16, 17, 18-і күндері уақытша қамау изоляторына шақырумен барған қалалық «Жедел жәрдем» қызметінің дәрігерлері мен фельдшерлері.

«КӨРМЕДІК, БІЛМЕДІК»

Түске дейін сот алдында жауап берген Жаңаөзен қалалық уақытша қамау изоляторының күзетшілерінің сөзі кейде сәйкесіп, кейде қарама-қайшы шығып жатты.

Куәгер Сәкен Әлімқұловтың айтуына қарағанда «изолятордың қызметкерлері өздерінде бұрыннан қамаулы жатқан он шақты адамды ғана күзетіп тұрған, басқа бөтен адамдарда шаруасы болмаған». Оның айтуынша, арнайы жасақтар (ОМОН) әкелген адамдар изоляторға кіргізілмей, сырттағы гаражға («боксқа») әкетілген. Гараждың «изоляторға» қатысы жоқ деді ол.

Сәкен Әлімқұлов камераға кіргендердің барлығына хаттама жасалып, тіркелгенін айтты. Бірақ айыптаушы прокурор осы сот залында «тіркелмей қамалған» төрт жәбірленушінің отырғанын оның есіне салып қойды.

Куәгер болған басқа күзетшілер де осыған ұқсас жауап беріп, өздерінің ұрып-соғуға мүлде қатыспағанын, бетперде киген ОМОН-дар «біреулерді әкеліп, біреулерді әкетіп жатқанын», бірақ оларда мүлде шаруасы болмағанын, «көрмеген-білмегендерін» айтып жатты. Күзетшілердің кейбірі ОМОН-дар әкелген адамдар санын 50-60 шамасында деп, кейбіреулері 20-30 деп көрсетті.

Бірақ сот залында отырған жәбірленуші Юрий Кәменовтің сөзіне қарағанда абақтының бөлмелеріне адамдар ешбір хаттамасыз-ақ толтырылған. Ал дәліздің бойымен бес-алты қатардан 200 қаралы адам тұрған.

«БАСТЫҚТАР КӨП БОЛДЫ ҒОЙ»

Куәгер күзетшілер сотталушы Жеңісбек Теміровтің Жаңаөзен қалалық уақытша қамау изоляторының (УҚИ) бұрынғы басшысы қызметіне желтоқсанның 16-сы күні таңертең, яғни Жаңаөзен қаласында қақтығыс болатын күні кіріскенін де қуаттады.

Жеңісбек Теміровтің адвокаты Құрмантаев «Ол сол күні жұмысын қабылдап алды ма» деген сауал қойған еді. «16-сы күнгі оқиға кезінде жұмысын қабылдап
Жаңаөзен қалалық уақытша тергеу изоляторының бұрынғы бастығы Жеңісбек Теміров. Ақтау, 25 сәуір 2012 жыл.
Жаңаөзен қалалық уақытша тергеу изоляторының бұрынғы бастығы Жеңісбек Теміров. Ақтау, 25 сәуір 2012 жыл.
үлгермеген де шығар, бірақ өзін осы изолятордың бастығымын деп таңертең бізге таныстырғаны рас» дейді УҚИ қызметкерлері.

Күзетшілер ОМОН әкелген адамдарды камераларға кімнің нұсқауымен қамағанын да айтып бере алмады. «Ол күні бастықтар көп болды ғой - қалалық ішкі істер басқармасының бастығы Мұхтар Қожаев пен оның орынбасы және прокуратура қызметкерлері мен ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері де жүрді» дейді куәгер-күзетшілер.

«18 желтоқсанда «разводты» Қожаев мырзаның өзі өткізді. Теміровке Қожаев та, оның орынбасарлары да бұйрық бере алады» дейді куәгер Аралбек Досанов.

«ШЫНЫМДЫ АЙТАЙЫН, 100-150-ДЕЙ АДАМ ҚАМАУДА ЖАТТЫ»

Үзілістен кейінгі сот мәжілісінде куәгерлер - Жаңаөзен қалалық жедел жәрдем станциясының дәрігерлері мен фельдшерлерінен жауап алынды.

Алғаш түсінік берген дәрігер Оспан Оразбеков 17-сі күні «изоляторға барып 9 адамды қарағанын, оның ішінде 22-сі күні ауруханада қайтыс болған Базарбай Кенжебаев та бар екенін» айтып берді.

- Изоляторға кіре берістегі бөлмеде күзетшілер бір-бірлеп әкелген науқастарды қарадым. Сөйтіп олардың кемінде алтауын ауруханаға әкету керек деп айттым
Жаңаөзенге барған арнайы жасақ. 19 желтоқсан 2011 жыл.
Жаңаөзенге барған арнайы жасақ. 19 желтоқсан 2011 жыл.
изолятордың адамдарына. Бірақ олар жауап бермей қойды, содан соң кетіп қалдым, - деді Оспан Оразбеков.

Оның сөзіне қарағанда, «Базарбай Кенжебаевтың ауруы орта дәрежеде көрінген, өйткені ол өзі жүріп келген».

Әсем Кенжебаеваның адвокаты Шамин Базаров дәрігердің науқастарды алып кету жөнінде қай бастыққа айтқанын және не себептен талап етпегенін бірнеше қайталап сұрады.

Алайда Оспан Оразбеков те, басқа дәрігерлер де нақты «қай бастықтан талап еткендерін» естеріне түсіре алмады, сотталушы Теміровті де атамады. «Бірақ сол мекеменің бастығы Жеңісбек Теміров, демек соның рұқсаты керек болды ғой?» деген сауалды теріске де шығармады.

Дәрігер Асылбек Раметов қана «изолятордың жанындағы гаражда, шынымды айтайын, 100-150-дей адам қамауда жатты» деді. Ол «гараждың іші балшық болды» деген Әсем Кенжебаеваның сөзін де растады.

- Гараждың іші балшық болды. Бірақ төбеден су өтетіндей емес еді, өйткені төбесінде шифері болатын, - дейді куәгер-дәрігер Асылбек Раметов.

Жаңаөзен қалалық уақытша қамау изоляторының бұрынғы басшысы Жеңісбек Теміровке қатысты «билігін немесе қызмет өкілетін асыра пайдаланды» деген айып бойынша өтіп жатқан сот процесі сәуірдің 25-і күні Ақтау қаласының 24-ықшам ауданында орналасқан Ақтау
Базарбай Кенжебаевтың қызы, жәбірленуші Әсем Кенжебаева. Ақтау, 25 сәуір 2012 жыл.
Базарбай Кенжебаевтың қызы, жәбірленуші Әсем Кенжебаева. Ақтау, 25 сәуір 2012 жыл.
қалалық сотында басталған еді.

Жеңісбек Теміров «2011 жылы 16 желтоқсандағы оқиға кезінде Базарбай Кенжебаевты УҚИ-ге заңсыз қаматты, оны дер кезінде ауруханаға жібермей, Кенжебаев содан көз жұмды» деген айып бойынша биыл 25 қаңтарда жауапқа тартылған болатын.

Базарбай Кенжебаев былтыр желтоқсанның 16-сы күні Жаңаөзен қаласында болған қанды оқиға кезінде таяққа жығылып, жарақаттан көз жұмған еді. Оның қызы Әсем Кенжебаева оқиға кезінде бейбіт тұрғындардың полиция қолынан азаптау көргенін Азаттық радиосы арқылы жалпыға жария еткен алғашқы куәгерлердің бірі болды.
XS
SM
MD
LG