Қазақстан Ресей билігі халықаралық іздеу жариялаған Евгений Наказненконың босқын мәртебесін беруді сұраған өтінішін орындамады. Бұл туралы Азаттыққа босқын мәртебесін беру жөніндегі комиссия отырысына қатысқан Наказненконың адвокаты Мұрат Адам хабарлады.
Ресейлік кәсіпкер Евгений Наказненко биыл қыркүйекте Алматы әуежайында ұсталып, кейін бір жылға дейін экстрадициялық қамауға алынған еді.
Босқын мәртебесін алуға өтініш жазуына Наказненконың азаматтық ұстанымы мен ұлтына бола Ресейде қудалануы мүмкін екені себеп болды деді адвокат.
"Ондай алаңдауға негіз болуы керек. Өтініш берген адамда "босқын" ұғымын айқындайтын талап бойынша қудалау қаупіне дәлел жоқ, "Босқындар туралы" Қазақстан заңына сәйкес, қудалау фактісі болмаған", – деп жазылған Алматы қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы шығарған шешімде. Құжат көшірмесін Азаттыққа Наказненконың адвокаты көрсетті.
Адвокат Мұрат Адам комиссия мәселені қарау кезінде кейбір маңызды уәжді ескермеді деп санайды.
"Наказненко украин ұлтынан болған соң оған Ресей билігінен қауіп төніп тұр", – деді Адам. Адвокат комиссия шешіміне келіспейтінін, алда сотқа шағымдануға тырысатынын айтты.
Евгений Наказненко – Ресей билігінің сұрауы бойынша ұсталып, бір жылға экстрадициялық қамауға алынған алғашқы адам емес. Бұған дейін Айхал Аммосов (Игорь Иванов) пен Наталья Нарская Алматыдағы изоляторда отырып шыққан еді. Биыл күзде соғысқа қарсы ресейлік белсенді, 19 жастағы Павел Владимировтің Қазақстанда ұсталғаны мәлім болды.
Адвокат Мұрат Адам Наказненконың жағдайы Алматыда 12 ай экстрадициялық қамауда отырып, кейін Еуропа елдеріне гуманитарлық визамен кеткен Аммосов пен Нарскаяның жағдайынан түбегейлі басқаша деп есептейді
"Наказненко – Шығыс Қазақстан облысынан шыққан отандасымыз. Ол сол жерде өсіп, оқыған. Ол жақта оның ата-анасы, украин әжесі тұрады. Алайда бұған қарамастан, [2024 жылы] қыркүйекте оған Қазақстанда тұруға рұқсат беретін құжаттың күшін жойды. Пана беруден бас тарту туралы шешім күшіне енген соң Ресейден экстрадиция туралы өтініш түссе, билік оны бере алады. Әйтеуір Айхал мен Натальяны ешкім сұрамағанына шүкір. Евгений де солай болатын шығар деген үміттемін", – деді Мұрат Адам.
Евгений Наказненконың Ресей азаматтығы бар. 2007 жылдан бері Қазақстанда тұрып, шет тілін үйрететін Oxford Team мектебінің негізін қалаған. Ол Қазақстанда тұруға рұқсат беретін құжат алған, бірақ азаматтық алып үлгермеген.
Наказненконы Қазақстанның құқық қорғау органдары биыл қыркүйекте Алматы әуежайында Түркияға ұшқалы тұрған жерінен ұстап, 40 күнге қамаған. Ақпаратқа қарағанда, оған Ресейде орыс армиясы туралы "жалған ақпарат тарату" және "терроризмге шақыру" баптары бойынша айыптар тағылып, іздеу жарияланған.
Наказненконы қамау мерзімін бір жыл, яғни 2025 жылғы 17 қыркүйекке дейін ұзарту туралы шешім 26 қазанда шыққан. 1 қарашада өткен апелляциялық сот шешімді өзгертпеді.
ПІКІРЛЕР